13 мамыр күні Орал қаласында шахматтан Senat Open III Open Cup III ашық кубогының Батыс Қазақстан облыстық іріктеу турнирінің ¼ финалы өтті.

Турнирге барлық шақырылымдағы мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, күштік құрылым қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары, еңбек ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ білім және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетіп, аудан мерейін үстем етті. Ардагерлер арасында Сисенғали Нигметов үздік ойын өрнегін көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Ал депутаттар мен қоғамдық қайраткерлер арасында Қайырбай Алтаев ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар ардагерлеріміз командалық есепте мәслихат депутаттары арасында І орынға ие болды.

Жеңімпаздарға жартылай финалдық кезеңге жолдама беретін сертификаттар табысталып, турнирдің арнайы төсбелгілерімен марапатталды.
Енді Ақтау қаласында өтетін жартылай финалдық кезеңде облыс намысын қорғайтын 35 үздік шахматшының қатарында жерлестеріміз Қайырбай Алтаев, Сисенғали Нигметов, Қадырбек Мұқанов және Руслан Сұлтанов бақтарын сынайтын болады.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы