2.02.2023, 15:45
Оқылды: 34

Келелі жиын ауыл шаруашылығына арналды

Тасқала аудандық мәдениет үйінде агроқұрылым басшыларының қатысуымен жиын өтті. Аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы төрағалық еткен басқосуға «Damu» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілі Гүлдана Қанатова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның кредиттеу жөніндегі бас маманы Ержан Бауыржанұлы, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.

13

Жиында алдымен сөз кезегін алған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров 2022 жылы атқарылған жұмыс және биылға арналған жоспарлар бойынша баяндама жасады.

– Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз. Осы сала бойынша ауданымызда біраз жұмыс атқарылды. 2023 жылдың 1 қаңтарына 469 агроқұрылым тіркелді. Соның ішінде 205 шаруашылық малмен, 56 шаруашылық егін егумен айналысады. Ауданда 29 АӨК тіркелген. Егін шаруашылығына келсек, барлық егіс көлемі 42 595 гектарды құрайды. 2021 жылменсалыстырғанда үш пайызға артып отыр. Былтыр 17 210 гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Соның ішінде: бидай – 10 050, арпа – 4475, күздік дақылдар – 2300 гектар. Күздік бидайдан астық түсімі 4630 тоннаны құрады. Орташа өнімділігі – 19,8 центнер. Ал жаздық бидайдан астық түсімі 14 050 тонна болса, орташа өнімділігі – 14 центнер. Арпадан түскен өнім – 8500 тонна, орташа өнімділігі – 18,9 центнер және 250 гектар алқапқа дәндік құмай егілді. Түскен өнім – 170 тонна, орташа өнімділігі – 7 центнер. Майлы дақылдар 17 020 гектар жерге себілді, соның ішінде: күнбағыс – 4100, мақсары – 12 490, зығыр – 30 гектар. Күнбағыстан түскен өнім – 3319 тонна, мақсарыдан 8375 тонна, 21 тонна зығыр алынды. Картоп, көкөніс және бақша егістерінің көлемі 252 гектарды құрап отыр. Картоп түсімі – 1445 тонна, көкөніс өнімдері – 1880 тонна, бақша өнімдері – 573 тонна. 450 отбасының қатысуымен ұжымдық бақша егіліп, 735 тонна өнім алынды. Ауданда өткен жылы 151 тонна мал азығы дайындалды. 1 қаңтардағы есепке сәйкес ірі қара – 32 472, қой – 75 188, ешкі – 70 175, жылқы – 16 422, шошқа – 37 және құс 33 599 басты құрап отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара 9,8, жылқы 3,6, қой 9,2, ешкі 1, құс 0,4 пайызға артса, шошқа 11,9 пайызға кеміген. Ауданда мал басын көбейту және оның сапасын жақсарту мақсатымен асылдандыру жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Асыл тұқымды ірі қара басын көбейтумен айналысатын 19 шаруашылық, асыл тұқымды жылқы өсірумен шұғылданатын төрт шаруашылық, асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысатын бір коммерциялық емес акционерлік қоғам жұмыс істейді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігі және сапасын арттыруға арналған субсидиялау ережесі бойынша 501 миллион 600 мың теңге субсидия берілді, – деген Самиғолла Шүкіров 2023 жылға арналған жоспарға да тоқталып өтті.

14

Оның айтуынша, 2023 жылы барлық егіс алқабы 43 мың гектарға дейін ұлғаяды. Алты мың гектарға күздік дәнді дақылдар егу жоспарланса, нақты егілгені – 7300 гектар. Бұдан бөлек 19 мың гектар алқапқа күздік жер жырту жұмысы жүргізілген. Егістік үшін 2415 тонна дәнді дақылдар, 158 тонна майлы дақылдар және 45 тонна екпешөптер тұқымын дайындау қажет. Сала басшысы сонымен қатар малды асылдандыру, техника сатып алу бағытындағы жұмыс жайы кеңінен түсіндірілетінін айтты. Және мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктерге тоқталып өтіп, бұны мақсатты пайдалану қажеттігін қаперге салды.

– Былтыр біз егістікті жырта алмадық. Жанар-жағармайдың сапасы шамалы болды. -1°С аязда техникамызды оталдыра алмадық. Жанармайдың сапасы сын көтермейді, су сияқты. Тендерге шығарғанда сапасына көңіл бөлсеңіздер екен. Біз оған ақша төлейміз. Жаңа техникалар сатып алып жатырмыз, бірақ жанармай сапасыз болса, ертеңгі күні бұзылады. Жазда да техникаларымыз шақ жүреді, – деген базынасын айтты шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Аюпов. Келесі кезекте сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Батима Кеңтоғаева жұмыс берушілерге қойылатын талап және қолданыстағы заңнамаларға сәйкес қандай өзгеріс енгізілгені жөнінде айтып өтті.

– Ең бірінші, егер сізде бос орын болып, қызметкер керек болса, сіз міндетті түрде халықты жұмыспен қамту орталығына барып, бос орын туралы мәлімет беруіңіз керек. Содан кейін орталықтың мамандары хабарласып, сізге қажет маман, қызметкерді жолдайды. Жолдамасын алып, ол кісімен міндетті түрде электронды еңбек шартын жасауыңыз қажет, – деді бөлім басшысы. Сонымен қатар ол қызметкерлерді заңдастыру қажеттігін айтып, жұмыспен қамту саласындағы өзгерістерге тоқталып өтті. Жиында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Айнагүл Ғұбашева жер мәселесі бойынша баяндама жасады.

15

– Ауданда жер учаскесінің жалпы көлемі – 806 мың 805 гектар. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскеі – 572 мың 886 гектар, елді мекен жері – 134 мың 577 гектар, өнеркәсіп, көлік, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған жер көлемі – 3001 гектар, су қорының жері – 978 гектар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру және мәдени мақсаттағы жер көлемі – 175 гектар, босалқы жер учаскелерінің көлемі – 95 мың 188 гектар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 572 мың 886 жер учаскесінің ішіндегі егістік алқабы – 45 мың 197 гектар, тыңайған жер – 53 мың гектар, көпжылдық екпелер – 12 мың гектар, шабындық – 108 мың гектар, жайылым – 361 мың гектар және де басқа жер учаскелері 4610 гектарды құрайды. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдаланушылар саны – 390, оның ішінде: 350 шаруа қожалығы, 26 ЖШС, 10 АӨК, үш ғылыми зерттеу және оқу мекемесі, бір ауданаралық мал айдау тас жолы бекітілген. Жыл басынан бастап төрт конкурс өткізілді. Конкурсқа шығарылған 31 жер учаскесінің жалпы көлемі – 23 907 гектар. Оның 4 мыңы егістік, 1000 гектары тыңайған жер, 11 мың гектары жайылым, 6700 гектары шабындық, 100 гектары басқа жер учаскелері. 2022 жылы мемлекетке қайтарылған, ауданның арнайы жер қорына енгізілген жер учаскесінің жалпы ауданы – 8930 гектар. Оның ішінде: егістік – 3510 гектар, жайылым – 4500 гектар, шабындық – 864 гектар, – деді бөлім басшысы.

Биылдан бастап салық төлеу жалғасады

Басқосуда сөз алған аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Асылбек Айтасов:

16

– Салық саласында биыл көп өзгеріс жоқ. Тек не сатсаңыз да, алған қаржыдан 0,5 пайыз салық төлейсіз. Бұған дейін үш жыл мораторий болды. Яғни сіз салықтан және тексеруден босатылдыңыз. Енді биылдан бастап салық төлейтін боласыздар. Кез келген келісімді касса аппаратына соғуыңыз керек. Тағы бір айтарым, мысалы, бізде 350-ден астам шаруа қожалығы болса, соның ішінде бес шаруашылық бес қызметкердің жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. Онда да ең төменгі жалақыны көрсетеді. Қазіргі таңда ешкім 60 мың теңгеге жұмысқа бармайтыны анық. Екеуі төрт жұмысшыдан көрсетіп отырса, алтауы үш жұмысшыдан. Қалғандарында екеу, біреу, немесе мүлде жұмысшы жоқ. Заңға сәйкес барша жұмысшыңызды көрсетіп, салық төлеуіңіз қажет. Жұмысшыларға қолма-қол ақша бермеу керек. Сол себептен сіздерден қызметкерлеріңізді тіркеп, салықты дұрыс төлеуді сұраймыз. Салық әр қызметкерге 200-400 теңгенің айналасында болады, – деді. Жиында аудандық ветеринариялық станция басшысы Мария Шамшитова малды сырғалау, уақтылы егу, бруцеллез ауруына тоқталып өтті. Сонымен қатар малды уақтылы тіркеу қажеттігі аса маңызды екенін де атап кетті.

Ұрлық азайғанымен, ұрланған мал саны артқан

– Ауданда биыл мал ұрлығы саны азайды. Көрсеткіш оңалды. Алайда ұрлық фактісі азайғанымен, ұрланған мал саны көбейіп отыр. Өткен жылғы есеп бойынша 44 жылқы, 46 сиыр, 206 қой қолды болды. Қазіргі уақытта бұл қылмыстар ашылған жоқ. Мал ұрлығының басты себебі – малдың еркін жайылымда жүріп, қараусыз қалуы. Шекаралас Ресей еліне де мал өтіп кетіп жатады. Малы бағымсыз жүрсе, иесіне әкімшілік айыппұл салынады. Малды бақташы бағуы қажет. Биыл 160 азаматқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабымен 2 млн теңгенің үстінде айыппұл салынды. Жаңа айтып өткендей, ауданда мал саны өсіп жатыр. Сондықтан мал ұрлығын болдырмау үшін бірлесіп жұмыстанайық, – деді аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Калиев. Жиынға шақырылған «Damu» кәсіпкерлікті қолдау қорының және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өкілдері агроқұрылымдарды несиелеу тәртібі мен шарты туралы ақпарат ұсынды. – «Damu» қоры елімізде 25 жыл бойы қызмет атқарып келеді. Біздің кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобамыз, екі көмек құралымыз бар. Біріншісі – кепілдендіру, кәсіпкер немесе шаруа қожалығы үшін банк алдында кепілгер боламыз. Егер кәсібіңізді жаңадан бастаған болсаңыз, 85 пайызға, үш жылдан асқан болсаңыз, 50 пайызға банк алдына кепіл бола аламыз. Екіншісі – сіздерге банктен алған несиеңізді жеңілдетуге көмектесеміз. 20 млн теңгеге дейін рәсімдеу бізде тезірек жүреді. Тек бес жылға беріледі. Соның алғашқы үш жылын алты пайызбен жабасыз, қалған екі жылын банктің пайызымен төлейсіз. Егер сіз ұсынып отырған жоба құны 20 млн теңгеден жоғары болса, онда несие жеті жылға беріледі. Соның бірінші бес жылын алты пайызбен, қалған екі жылын банктің пайызымен төлейсіз. Қаражат қолма-қол берілмейді. Мемлекет қаржысы болғандықтан, міндетті түрде тексеріс жасалады, – деді Гүлдана Қанатқызы. – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өткен жылы 12 млрд теңгенің үстінде несие берді. Бұл дегеніміз – 861 жоба. Соның ішінде сіздің аудан бойынша 90 жоба. 1 млрд теңгенің үстінде қаржы берілген. Қазіргі таңда несие корпорациясы бойынша екі бағдарлама жұмыс істейді. Бірінші бағдарлама – ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына арналған «Іскер» бағдарламасы. Бұл бағдарламамен 6 пайызбен 12 млн теңгеге дейін мал, жылқы алуға мүмкіндік бар. Жеті жылға дейін беріледі. Келесі бағдарлама – «Агробизнес». Бұл бағдарламамен техника алып, мал шаруашылығын дамытуға болады. Несие 22 пайызбен беріледі. Оның 16 пайызын мемлекет субсидиялайды. Алты пайызын өзіңіз төлейсіз. Мерзімі – он жыл. Тек міндетті түрде жылжымайтын мүлік кепілдемесі болуы шарт, – деді Ержан Бауыржанұлы.

17

Жиында шаруа қожалығы жетекшілері жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен кедергілердің бар екенін атап өтіп, сол сұрақтардың төңірегіндегі жауапқа құлақ түрді. Облыстан келген мамандар өз саласы бойынша жауап беріп, нақтырақ түсінік берді.

18

 Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале