29.10.2024, 11:15
Оқылды: 209

«Келер жылдан үміт көп, үрей де жоқ емес»: Теректі ауданы көктемгі су тасқынының алдын алуға дайын ба?

Биылғы көктем күллі қазаққа оңай болмады. Мемлекетіміздің біраз өңірін су шайды. «Еліміз дүбілгенмен, тіземіз бүгілмедінің» керіне салып, қанша ұрандағанымызбен, сабақ алатын тұстарымыз көп. Жыл сайын Теректі ауданы әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі комиссия (әрі қарай ТЖК) кезекті немесе кезектен тыс отырыстарын өткізіп, төрт маусымға дайындықтары бойынша пікір алмасып, әр қызмет өз саласы шеңберінде жасалған жұмыстарын баяндайды. Әрине, дайынбыз делінеді. Шындығында олай емес екендігіне соңғы жылдар көзіміз жетіп жүр.

Себебін білсек те, салдарымен ғана күресуді қашан тоқтатамыз?

1

Биылғы жылды айтпағанда өткен жылдардың өзінде Жайық тыныш, тоң жұқа кезде бір апталық қардың суына малмандай болып, ит әбігерге түскен жайттар болған. Әсіресе, Теректі, Ақсуат, Подстепныйауылдары көктем келсе, көктен тілейтіндері су сорғы немесе қарапайым тілмен айтқанда – насос. Бірді-екілі тұрғын үйді су шайып, аулаларды көлшікке айналдыру – бұл ауылдарда жылдағы жағдай. Обалы нешік, округ әкімдері мен бөлім басшыларынан кезекшілік қойылып, толарсақтан саз кешіп, ол өтпелі маусымды да өткіземіз.

Айтылатын уәж біреу – табиғи катаклизм яки оқыс болған, адамның ырқына көнбейтін сұрапылмен тірескенге саятын сиырқұйымшақ әңгіме. Сөйтіп, диірменмен ұрысқан Дон Кихот құсап, жыл сайын жергілікті атқарушы органның уәжімен алысып қоямыз. Көктем өтті, мәселе бітті, келесі су тасқыны маусымына дейін жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Әйтпесе, биыл ауылдарымыз судың астында қалған уақытта, әкімдік теңгерімінде бір қайықтың болмауы – аудандық төтенше жағдайлар бойынша комиссия төрағасының жұмысына үлкен сын.

Жергілікті бюджеттің екі пайызы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша резервке түсетінін ескерсек, отыз жылда моторсыз болса да бір қайық мінетін уақыт жеткен сияқты. Дизельмен қоректенетін, су сорғыларының диаметрі отыз сантиметрден жоғары үлкен тіркемелі насостардың тапшылығынын да талай зардап шектік. Жалпы көктемгі тасқында алашапқын болып, әр мекемеден жанар-жағар май жиналып жататынын жиі болмаса да құлағымыз шалып жүр. Бұл да төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындығымыздың әлсіздігін білдірмей ме? Бұл туралы Теректі ауданы әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Абзал Хами келер жылғы көктемге дайындық жұмыстары бірқалыпты жүргізіліп жатқандығын айтты.

– Қазіргі таңда аудан әкімдігінің қолданысында 51 дана мотопомпа бар. Инертті материал мен қапшықтар қоры да қалыптастырылуда. Дәлірек айтсақ 15 мың қап, 150 тонна құм дайын тұр», - дейді сала маманы.

Сай-сала мен бөгеттердің халі қалай?

Қызмет барысымен басқа аудандарда болғанымызда ауыл ішін кесіп өтетін су ағар жылға, сайлар мен өзен жағалаулары тал-терек пен қалың өскен құрақтан тазаланатын. Себебі, көктемгі тасқында мұз кептелісінтудыратын осылар. Кейбір аудандарда өзен мұзын кесіп-тесіп, жарып, суға кетпеудің сан жолдарын қарастырып жатады. Тіпті кейбір жерлерден қар суын қауіпсіз аймаққа дейін еркін ағып, табиғи арналарға қосылатындай жағдай жасағанын да көзіміз шалған. Алайда, Теректі ауданына қарасты ауылдарда осындай жұмыстардың жасалып жатқаны туралы еш ақпарат көзінен кезіктірмеппіз. Қар суының автожолдармен тоғысатын тұсындағы құбырлардың қардан аршылып жатқанын округ әкімдері әлеуметтік желілерге салып жатады.

Мысалы Теректі ауылын қар суы ағатын жыралар бірнеше жерден кесіп өтеді. Биылғыдай қар суы мол келіп, бөгет жырылған жағдайларда да қарғын су Барбастау өзеніне қарай осы сай-саланы қуалап кетеді және жағалауындағы бірер үй жылда зардап шегеді. Осы орайда биыл не істедік? Өкінішке орай, аталмыш ауылда сай-сала мен жағалау тазалау жұмыстары жүргізілмеген екен. Подстепный ауылы бойынша көктемедегі көлкіген суды айтпағанда күзгі жауын-шашынның өзі халықты қайық іздейтіндей халге түсіреді. Жыл сайынғы ТЖК-де жыра қазып немесе дренажды жүйе салуға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен ұсыныстар түсіп жүр. Алайда, қаражаттың тапшылығына сілтеп, артқа ысырылған мәселе биыл мырғамға батырды.

Орыстардың «сараң екі рет төлейді» деген мақалының кебін киіп, көшелерді эксковатормен тас-талқан қылдық. Бұл да дер кезінде шешім қабылдап, уақытылы жоба құра алмағанымыздың кесірі десек, билік тізгінін ұстап отырғандар ренжи қоймас. Аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Абзал Хамидің өзі де осы мәселені басшылық алдында көтеріп жүргенін талай естідік. Сала маманы биыл көптеген мәселелер шешіліп жатқандығын тілге тиек етті.

– Биылғы су тасқыны ауданымыз үшін үлкен сынақ болды. Әсіресе Подстепный ауылына оңай соқпады. Келесіде осындай жағдай орын алмас үшін бюджеттен қаражат бөлініп, аталмыш ауылда ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын бөгет салынуда. Бөгет ауылды әуежай бағытынан келетін қар суынан қорғауы тиіс. Бұған қоса, «Көркем» шағын ауданында ұзындығы 1,4 шақырымдық су бұру құрылғылары орнатылды. Жоба құны – 108 млн. теңге. Сондай-ақ, осы ауылдағы Советская көшесінің үш қиылысына құрылыс жұмыстарының құны 83 млн. теңге құрайтын үш су өткізу құбыры орнатылса, Бәйтерек және Жеңіс көшелерінде жалпы ұзындығы 900 метрді құрайтын жаңа арықтар салынды,- дейді Абзал Рухоллаұлы.

Биылғы төтенше жағдай кезінде мемлекет басшысы елімізде гидромелиротивтік бағытта білім беретін факультеттер мен оқу орындарын жаңғыртып, көптеген кадр дайындау қажеттігін айтқан болатын. Бұл әрине уақыт еншісіндегі дүние. Дей тұрғанмен, бұл бағытта да бірқатар өзгеріс бар екен.

Облысымызда «Батысирригация» ЖШС құрылып, біздің ауданға да арнайы штат бөлініпті. Болашақта бұл штат құрылым болып, жаңа мамандармен толығатын көрінеді. Теректі бойынша 10 су қоймасы болса, солардың 9-ы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жол көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде екен. Бұлардың көпшілігінің тозығы жетіп тұрғандығы айтпаса да түсінікті. Облыстық прокуратура мамандарының 2020-2024 жылдардағы су заңнамасының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша баяндамасында көптеген аудандармен қоса Теректідегі Ұзынкөл су қоймасына да тоқталып өткен. Қысқаша айтар болсақ, заң қадағалаушы мекеменің мамандары:

– Өңіріміздегі 74 су нысанының 16-сы қанағаттанарлықсыз жағдайда болса, соның біреуі Теректі ауданындағы Ұзынкөл су қоймасы,-дейді.

Биыл Ұзынкөл су қоймасында жиналған судың уақытылы төгіліп, реттелмеуінен бөгеттің бұзылуы орын алғаны белгілі. Әйтеуір әупірімдеп аман қалған бұл бөгет толған кезде 85 млн. текше метр су жиналатынын ескерсек, жайылмасында орналасқан 6 мыңнан астам халқы бар бес елдімекенді «Алла сақтады дейсіз бе, басқа дейсіз бе» қалай айтсаң да, орынды. Әйтеуір кәсібилігіміздің арқасында еместігі кәміл.

Жауапты бөлімнің ақпараты бойынша қазіргі таңда Жаңа Өмір су қоймасы қалпына келтіріліп, Ұзынкөл және Кемер су қоймаларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Болашақта аудан теңгеріміндегі тоғыз су қойма «Батысирригация» ЖШС-нің теңгеріміне берілмек. Сонымен қатар, қазіргі қолданыстағы су нысандарының жағдайына жауапты, жақындасаң «арендаға алдық» деп, ақы талап етіп жүретін «жанама қожайындардың» экономикалық, экологиялық заң талаптарын сақтап отырғандығы да көңілге күмән ұялатады. Көктемгі тасқынмен бөгет жырылғанда кейбір пысықтарды таппай қалғандарын құзыретті орган өкілдерінің өз аузынан естідік.

Халықтың қадағалауы ауадай қажет

«Ауызы күйген үрлеп ішеді» деп, төтенше жағдайлардың алдын алуға жауапты жергілікті атқарушы органның жұмысына әрі қарай азаматтық қоғам араласып отыруы қажет секілді. Әсіресе аудандық мәслихат депутаттары мен мәслихат жанындағы қоғамдық кеңес жағдайды жіті бақылауға алып, жауап талап етуі тиіс. Халық қалаулысы болу – көкірекке көк туды қадап, барғанның балтасын, келгеннің кетпенін ұстап жүретін орган емес, осы жұмыстарды қадағалауға өкілетті тұлға екенін ұғатын кез келгендей.

Әйтпесе, сайланғандарға халық сенімінің аздығынан да тұрғындар тарапынан саяси белсенділіктің әлсіз болатындығы бесенеден белгілі. Сайып келгенде халық санасын сілкіп, өз қотырын өзі қасуға бағыттау – азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерінің, халық қалаулыларының басты міндеті. Біздікі айтып, ескерту ғана қалғанын уақыт көрсетеді. Тағы да қапы қалмасақ болғаны.

Рауан Сатыбалдиев

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале