16.11.2023, 13:00
Оқылды: 2

Келіндер байқауы: үздіктер кімдер?

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Тасқала» әйелдері қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақтың келіндері-ай» атты аудандық байқау өтті.

келин (5)

Аталмыш іс-шараға Амангелді, Мерей, Достық, Қосшы, Мереке ауылдық округтерімен қатар, Бірлік және Ынтымақ ауылдарының келіндері қатысты.

769a18a9-099f-4af4-8323-8f8d84e2ee79

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп аталды. Бұл бөлімде үміткерлер өрнекті сөз, көрікті оймен өзін таныстырды. «Жақсы әйел – үй дәулеті» кезеңінде қатысушылар қолөнер және ас мәзірі бойынша сынға түсті. Ал «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» атты үшінші кезеңде келіндер бесік жырын жанды дауыста орындау арқылы сынға түсті. Төртінші кезеңде берілген сұраққа жауап беру арқылы жүйріктер анықталды. Басына ақ орамалын тартып, сахнаға көтерілген келіндер алдымен жеребе тартып, реттік нөмірін анықтап алды.

келин (3)

Содан соң әр бөлім бойынша бақ сынады. Байқауға ардагер ұстаз, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Майра Нұрмақова бастаған әділқазылар алқасы төрелік етті.

Нәтижесінде өзінің ұяңдығымен көп көзіне түсіп, барлық сайыста жоғары көрсеткішке қол жеткізген амангелділік Мейрамгүл Сәпенова жүлделі бірінші орынға қол жеткізсе, екінші орынды мерейлік Әсемгүл Айбекқызы еншіледі. Ал үшінші орын Достық ауылынан келген Айым Хамзинаға бұйырды. Әділқазылар шешімімен ояндық Гүлдана Сайлауқызы «Ибалы келін» аталымын жеңіп алса, «Ісмер келін» аталымы Ынтымақ ауылынан келген Аяжан Искакованың еншісіне бұйырды. Мерекелік Айгүл Сариева мен Бірлік ауылының намысын қорғаған Гүлмира Набиқызы белсене қатысқаны үшін алғысхатпен марапатталды.

келин (4)

Айта кету керек, жүлделі орындарға 50, 30, 20 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Байқауда үміткерлер қазақ халқының ұмыт бола бастаған жаужүрек, бүрме қарын, тағы сол сияқты тағамдарын дайындап алып келді.

Іс-шара барысында әр келіннің жүріс-тұрысы, ибалылығы мен инабаттылығына баса назар аударылды.

келин (2)

Бірақ бір өкініштісі осындай әдемі кешті тамашалауға көрерменнің жиналмауы көңілге қаяу түсірді. Осыдан кейін көкейімізде «Бұл шара кім үшін өткізілді?» деген үлкен сұрақ қалды.

келин (1)

 Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале