10.05.2022, 19:01
Оқылды: 2

Келіндер сайысы

Жуырда Жанақала ауданы Пятимар ауылдық округіндегі мәдениет үйінде «Пай-пай, шіркін қазақтың келіндері-ай!» атты ауылдық келіндер байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – игілікті салт, озық дәстүрді жаңарту мен кеңінен насихаттау, ежелден қыз-келіншектерге тән әдептілік, инабаттылық, ізеттілік секілді асыл қасиеттерді биікке көтеріп, өнерлі де талантты қыз-келіншектерінің рухын көтеру.

IMG-20220430-WA0133

Байқауда 3 келін бақтарын сынады. Сайыс 4 кезең бойынша оздырылды. Алғашқы «Сымбат-көрік сынымен» атты кезеңде келіндер өздерін таныстырып, қазіргі заманға сай ұлттық киім үлгісімен сахна төріне шығып дүйім жұртты тамсандырды.

Содан соң «Білгенге маржан» кезеңінде салт-дәстүр ұлттық құндылықтар,ене мен келін сыйластығы дегендей сұрақтарға ой ұшқырлығын таныта отырып жауап берді. Үшінші «Қолы алтын» кезеңі бойынша жас келіндер аспаздық қабілеттерін танытып тамақ даярлады.

Соңғы «Өнегелі де өнерлі» кезеңінде келіндер өз өнерлерін ортаға салды. Әсемханым Азаматова Қазақ биімен күллі ауыл тұрғындарын тамсандырса, Дияна Сабырова «Жетім қыздың монологын» оқып жиналған жұрттың көзіне жас толтырды. Фариза Темірғазиева қол туындыларын көрерменге көрсетті.

Сайыс соңында ауылдық округ әкімі Жақсылық Хайрелов құттықтау сөз сөйледі. Келіндер байқауы өз мәресіне жеткен соң әділқазы мүшелері сахна төрінде бақтарын сынаған келіндерге алғыс хат пен сыйлық табыстады.

Сайыстың нәтижесінде Фариза Мелхатқызы «Өнерлі келін – 2022», Дияна Бекболатқызы «Сымбатты келін – 2022», Әсемханым Тұрарбекқызы «Ибалы келін – 2022» аталымымен марапатталды.

Р.Амантайқызы,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале