20.05.2020, 19:57
Оқылды: 782

Кене: қаптады неге?

Әлеуметтік желілерді, сайттарды кене жабысқан Жаңақала ауданының малы туралы суреттер мен бейнежазбалар шарлап кетті. Төрт түліктің аянышты халін көріп, өңір бір, ел бір, жер бір болған соң, жанымыз ашыды. Біздің аудан кенеден аман ба деп қолға қалам алғанымыз сол еді. Ұлттық арна да: «Кенеден келген кесел. Батыс Қазақстан облысында зиянкес қаптап кетті. Кесірінен төрт түлік қырылып жатыр», - деп дабыл қағып, сюжет жасады. Жағдайдың қаншалықты қауіптілігін, біздің аудандағы ахуал қандай екенін, кенеден келетін кеселге біз қауқарлымыз ба, соны білмекке журналистік сараптау-талдауға кірістік.

A8486C90-12AE-41EA-A505-FCB17802C2E1

Жаңақалада жағдай нешік?

Біз Жаңақала ауданының кенеден төрт түлігі зардап, шегіп, өлген тұрғындарды іздестіріп, жағдайдың қалай болғанын өз ауыздарынан естуді жөн көрдік. Мәстексай ауылының тұрғындары, шынында да, қансорғыштан қауіп көп екенін айтып, мемлекеттен көмек болса деген жанайқайларын жеткізді. «Әділет» шаруа қожалығының жетекшісі Асхат Мусрепов есімді азамат Мәстексай ауылына қарасты Жорта елді мекенінде тұрады екен. Кененің кесірінен жылқылары жан тапсырыпты.

–  Он шақты күн болды, екі құлыным, бір тайым кененің кесірінен өлді. Кене жабысып, шаққан жерін қанатады да, сол жері құрттап кетеді. Құлындар әлсіз оған шыдамай, ауырсынып өлді. Кене қаптап кеткені рас. Қора, дала, шөп кенеден толып тұр. Тіпті, машинамызға дейін кіріп кеткен. Үстімізге жабыса ма деп сақтанып жүреміз. Жәндіктің жайлап еткенін ешкім де жоққа шығармайды, - дейді Асхат Мусрепов.

Асхат мырзаның сөзін Мәстексай ауылының Ащықұдық елдімекенінде тұратын Ерген Есенов есімді шаруа да қостайды.

–  Жабағым енесіне ілесе алмай, далада қалды. Бұған не болды деп қарасам, шабына тас кене топтасып жабысып алған. Басқалай дені сау еді, әлжуаз боп ауырды да қалды. Аузынан қан, мұрнынан су ағып, аяғын тебініп, сілкініп барып, тарс құлады. Арам өлмесін деп, бауыздап үлгердік. Басқа жері ауырды дейін десем, іш құрылысының бәрі тап-таза болып шықты. Бұзауымның жағдайы да дәл сондай. Кенеден болмаса, басқа неге әлсіреп қалады? Шөп, суы бар. Кене жабысқан жері тыпыршытып, түлігімнің жанын қоярға жеп тапқызбайтынын көрдім. Кене жабысып, шаққан жері қанайды, қанаған соң құрттайды. Жылқы малы әлсіздеу, кене шаққанға шыдай алмайды. Дәріханадан дәрінің түр-түрін алып, жағып, шашып жатырмыз. Қансорғыш бой беретін емес. Не өлмейді, не айырылмайды жабысып алып, өзі тастай. Шаққан жері іседі, қанайды. Қазір кез келген малды қарасаң, үсті кенеден толып тұр. Адамның үстіне де шығып жатады. Барымызша кенені, шаққан жеріндегі құртын тазалап, әрекет жасаймыз. Төрт-бес күнде тағы да қаптап тұрады. Ауа райы ыстық емес, жаздыгүні күн ысып, шыбын-шіркей көбейгенде, кененің қан сорған жерінен малдың бәрі құрттай ма деп қорқамыз. Асау жылқылармен жылқылармен алысып, оларды кене мен құрттан тазалау оңай емес. Неше жылдан бері малмен шұғылданып келеміз, осы кезге дейін жылқының құрттағанын көрмеппіз. Ешкі құрттамайтын еді. Олардың да кене шаққан жері құрттап жатыр. Малға обал. Шөпке залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбей ме екен? Мемлекеттен қолдау болып, бір шара қолданып, кенеден құтылуға көмектескенін қалаймыз,- дейді Ерген Есенов.

34F5FD48-E43B-4434-B885-B903BA723568

Иә, шаруалардың сөзіне қарағанда, жағдай мәз емес. Олар ақ адал малының көз алдында қиналғанын көріп, не істерге білмейді. Малым деп шырқырап жүргенде, кене адамды шақса, тіпті қиын болайын деп тұр.

Жаңақала аудандық тауарлар мен көрсетілетін  қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Рашид Ибрагимовпен телефон арқылы хабарластық.

–  Кене былтыр да, биыл да шықты. Су тапшы болғандықтан шығар. Жаңақала аудандық обаға қарсы күрес мекемесі даладағы тышқандардан кенеден таралатын ауру бар-жоқтығын анықтау үшін сынама алды. Егер нәтиже беретін болса, бізге хабарын айтады. Былтыр да, биыл да облыстан қаржы бөлініп, наурыз-мамыр айларында тосқауыл дезинфекциялау жұмыстары жасалды. Кене даладан, шөптен малға жабысады, одан адамға жабысуы мүмкін. Адамға кене жабысқан жағдайда, оны тек хирургқа барып алдырту керек. Кенеден тарайтын аурулар шыққан округтердің түліктеріне екпе жасалып, ауылдың айналасы соңғы үйден 200 метр қашықтықтан айналым жасалады,- деген Жаңақала аудандық тауарлар мен көрсетілетін  қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Рашид Садықұлы ауданда малдың кенеден өлу фактілері тіркелгені туралы мәлімет бере алмайтынын айтты.  

Жаңақала аудандық ветеринарлық станса директоры Марат Досмағамбетовке де хабарластық. Ахуалға қатысты ол былай дейді:

–  Соңғы екі жылда кененің көбейіп кеткені рас. Кененің сынамасын алып, қалаға энтомолог мамандарға жібердік. Бізде шығып жатқан кенелер – дала кенесі, ол ауру таратпайды. Мал иелері өз қаражаты есебінен кенелерді өздері дезинфекциялау керек. Түрлі жағатын, егетін неоцидол, неозидин, оксареп секілді арнайы паразиттерге қарсы препараттар бар, соларды қолданулары керек. Қазір ауыл шаруашылық құрылымдары алып жатыр. Қой қырқу науқаны басталды, қырқылған соң қойларды тоғытады. Сол кезде паразиттер кетеді. Күн ысыған кезде де  кенелерден қауіп азаяды. Біздің ауданда кенеден мал өлді деген факті жоқ,- дейді Жаңақала аудандық ветеринарлық станса директоры М.Досмағамбетов.

Шаруалардың шырқыраған үнін жергілікті басшылар жоққа шығарып отыр. Жергілікті билік бір шарасын қолға алып, халықтың жанайқайына құлақ түрмесе, іс насырға шаппасына кім кепіл?!

 Сырымға да арқаны кеңге салуға болмайды

Жаңақаланың жағдайына қаныққан соң, іле-шала Сырым аудандық аудандық тауарлар мен көрсетілетін  қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқановамен хабарластық. Ләззат Нұридоллақызының мәдімдеуінше, біздің ауданда әзірге кене шағу, жабысу фактілері тіркелген жоқ. Дегенмен сақтану керек дейді. Кененің қауіптілігі туралы Л.Мұқанова былай дейді:

–  Кене арқылы әртүрлі кене энцефалиті, бореллиоз, риккетсиоз  сияқты жұқпалы аурулар, туляремия ауруы тарайды. Кене энцефалиті деген кене арқылы тарайтын, ми қабынуын және орталық жүйке қабынуын тудырып, орталық жүйке жүйесін қатты зақымдайтын, жедел өтетін жұқпалы ауру бар. Кене энцефалитінің ошағы біздің жақта жоқ деп айтуға болады. Аурушаңдықтың ауыр түрі өлімге дейін апарады немесе қолда, мойында паралич болғандықтан мүгедектікке әкеліп соғуы мүмкін. Жұғу жолы трансмиссивті, кене шаққан кезде жұғады. Кене тасымалдайтын боррелиоз ауруында тері, нерв жүйесі және тірек-қимыл аппараты зақымдалады. Кенелер, әсіресе жылдың мамыр-маусым айларында көбейеді. Қоршаған орта температурасы + 20 °C және ылғалдылығы 90-95% болған кезде өте белсенді болады.

Жымпиты обаға қарсы күрес станциясының мәліметі бойынша  2018 жылы Жымпиты ауылдық округінің Бөрібай нүктесінен, 2019 жылы Жетікөл ауылдық округінің Шонкөл, Бұлдырты (көпір) нүктесінде кенелерден туляремия қоздырғышы анықталды.

Жұқпаның алдын алу үшін туляремияға қолайсыз елді мекенде дератизациялық және дезинсекциялық шаралар өткізіледі, ауылдық округтерді күл-қоқыстардан тазарту, елді мекендерде тулеремия ауруына қарсы жергілікті тұрғындарды екпемен қамту жұмыстары ұйымдастырылып жүргізілуде.

Кене жабысып, шағу фактілерімен алдына науқастар келгенін жоққа шығармаған Сырым аудандық ауруханасының хирург дәрігері Қасым Бисенғалиевтің сөзі төмендегіше:

–  Сәуір айының басынан бастап, кене жабысқан фактімен кем дегенде он шақты қабылдауға келгендер бар. Келмей жатқандары қаншама? Көбі аса мән бермей, кенені өздері алып тастап, бейқамдықпен жүре береді. Асқынса ғана келеді де, орны жазылып кетсе, солай қалады. Кене қан сорады, адамға дейін ол қайда жабысқанын білмейміз. Ауру ит, мысық, қойға, сиырға жабысты ма, белгісіз. Ласты, инфекцияны әкеліп, адамға жұқтырады. Кенені мұқият тазалап, тісін қалдырмай алса, жараның орны тез жазылады. Өз бетімен алғаннан гөрі, ауруханада алдырған әлдеқайда зиянсыз. Жабысқан жәндік дұрыс алынбаса, шаққан адам емделмесе, тістеген жері қабынады, іріңдейді, ауырсынулар сезіледі. Без арқылы қанға таралып, қабынып, лимфаденит деген ауруға шалдығады. Кене көбіне балаларды басынан тістейді. Ол іріңдеп, кейін жақ астына, мойын, қолтықтарына без шығып кетеді.  Ондай жағдайда антибиотикпен ем алу қажет болады. Асқынулар болса, 10 күннің үстінде емделеді. Біз кенені алғаннан кейін, жұқпалы аурулар дәрігеріне жібереміз. Олар тексеруге жібереді. Шаққаннан кейін 14-інші және 20-сыншы күні науқастан туляремия, басқа да кенеден жұғатын ауруларға қарсы қан алады.  Кене ұша алмайтын жәндік болған соң жермен немесе малмен тікелей қатынас болған жағдайда шағады,- дейді Қасым Мақсотұлы.

Сырым аудандық ветеринарлық станса директорының міндетін атқарушы  Әселхан Хамзинадан да ауданда шаруашылық құрылымдарының қансорғышқа қарсы қамданысы қалай екенін сұрап білдік.

–  Біздің ауданның шаруашылық құрылымдары қотырға, кенеден жұғатын, басқа да ауруларға қарсы дәрі-дәрмекпен алдын ала егілді.  Олар жыл сайын қажетті екпе жасатуға, алдын ала дәрі-дәрмегін, паразиттерге қарсы шашатын түрлі препараттарын  сайлап отыруға қалыптасқан. Ауданда малды кене шағу фактілері, алдыңғы жылдары да, былтыр да, биыл да кездескен жоқ. Алайда орманды, шөпті аймақ  Ресейден келетін малдардан қауіп болуы әбден мүмкін. Қазір карантин мезгілі болған соң мал әкелініп жатқан жоқ. Бірақ алдағы уақытта Ресейден мал әкелетін шаруашылық құрылымдары бар. Көрші елден мал келген жағдайда оларды міндетті түрде екі апта карантинге қойып, оқшаулап, қан алып, тексеріп барып, қатаң қадағаланғаннан кейін кіргіземіз,- дейді А.Хамзина.

Кенеден қалай сақтану керек?

Мамыражай мамыр айы халықтың табиғат аясына демалуға шығатын науқан кезі. Той-томалақ, басқа қалаларға қыдырудан тыйған карантиннің кесірінен де үйде отырып мезі болған тұрғындар басқа барар жері болмаған соң, табиғат аясынан табылып жатыр. Әрине, демалыс жақсы болғанмен, сақтанған екі есе жақсы. Далада кенеден сақтану жолдарына мұқият мән берген дұрыс.

Далаға барғанда кенелер киімнің астына кірмеу үшін, жеңі ұзын көйлек киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, етегін шалбарға, шалбардың балағын шұлыққа салу керек. Кенені тез байқау үшін киім ашық түсті болғаны дұрыс.

Кенелер денеге жабысып қан сору үшін оңтайлы жер іздеп, 1-1,5 сағат уақытты қажет етеді, сондықтан сағат сайын шаштың арасын, құлақтың тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият қарау керек.

Табиғатқа шығар алдында дененің ашық жерлеріне және киімге кенені жолатпайтын крем, лосьон, аэрозоль түрінде шығарылатын химиялық заттарды, яғни репелленттерді пайдалану керек. Оларды дәріханалар мен дүкендерден сатып алуға болады;

Орманды алқапқа барғанда қалың шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс. Дем алатын жерді бұталардан, шөптер мен жапырақтардан тазарту қажет, өйткені ондай жерлер кененің көбеюіне қолайлы. Келгеннен соң денені, үйге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешекті мұқият қарау керек.

Денеге қадалған кененің тұмсығы үзіліп, адамның денесінде қалуы мүмкін, кенені қолмен сығуға болмайды.

Кененің тұмсығынан пинцетпен қысып немесе жақындатып жіпті байлап, ақырындап бұрап, кене жұлып алу қажет. Кененің шаққан орнын йод ерітіндісімен немесе іспіртпен зарарсыздандыру керек. Кенені алып тастағаннан соң қолды сабындап жуу қажет. Кене шаққаннан бастап 3 күннен кешіктірмей жергілікті медициналық мекемеге міндетті түрде көмекке жүгіну қажет.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале