2.06.2020, 16:27
Оқылды: 71

Кененің зардабын тасқалалық малшылар да тартып отыр

Төрт түліктің қадірін жете түсінген қазаққа малдың ауызы көкке ілінсе, арқадан жүк түскенмен бірдей. Сондықтан да халқымыз үшін қашан да қыстың тез аяқталып, көктемнің неғұрлым тездетіп оралғаны жақсы.

Биыл қардың ерте кеткеніне даладағы малшы түгіл, суық күнді ұнатпайтын қарапайым халықтың өзі балаша қуанған. Дегенмен табиғаттың да өз ойлағаны бар ма, қалай? Қар кетіп, жер аяғы уақытынан ерте кеңісе де, мал ұстап, шаруашылығын жүргізгендерге кене келіп бір бүйірден «жабысты». Бүгінгінің негізгі мәселесі болған ауыл шаруашылығының зиянкестері ертең пәле болмасына кім кепіл?

6451D778-C55F-4A2B-891E-D8068049358E

Сала мамандарының сөзінен

Жалпы, Тасқала ауданы көлемінде аталмыш мәселемен күрес қалай жүруде? Бұл жайында Тасқала аудандық ветеринариялық станциясының директоры К.Өтешқалиев айтып берді. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, кененің қаптап кетуі облыс бойынша күн тәртібінде тұр.

– Аудан көлемінде мал ұстауға қолайсыз деген жер белгіленген жоқ. Себебі кененің көптеп таралуы - облыс бойынша негізгі мәселе. Тек біздің аудан немесе нақты мына аудандар деп бөліп жаруға болмайды. Кененің тым көп таралуына бірден-бір себеп – күннің тез жылынуы. Биыл қар ерте кетіп, жер жылдағы уақытынан ерте кепті. Ал кене құрғақ жерлерде тез тарайды. Сондай-ақ оның өзіндік түрлері де болады. Қазір аймақта кездескен кенелерді жинап, облыстағы оба пунктіне апарып, тексерістен өткіземіз. Бұл – облыстың барлық аудан аймақтарындағы мәселе. Кене кез келген малға жабысады. Қанмен қоректенетін болғандықтан, тарататын аурулары да сан түрлі. Өткен жылмен салыстырғанда биыл кене мөлшерден тыс көп. Бірақ арнайы дезинсекциялық жұмыстар жүргізіледі, – дейді Кәкім Өтешқалиев. Маманның айтуынша, ауыл шаруашылығының зиянкестерін мал бағатын адам жақсы біледі. Жалпы, кене жабысқанын түліктің іс-әрекетінен анықтауға болады. Алғашқы белгісі деп малдың көп қышынуын айтуға болады. Себебі кенеде қоздырғыш қасиет қатты дамыған. Егер кене ұзақ уақыттан бері жабысып тұрған болса, малда анемиялық белгілер пайда бола бастайды. Мөлшерден көп қанын сорып, малдың әлсіреуіне алып келеді.

715CB50B-A57A-49FB-B99C-11AD1913B09C

Шаруашылық иелері не дейді?

2017 жылы құрылған «Бек» жеке шаруашылығы негізінен жылқы малымен айналысады. Шаруашылық иесі Батырбек Көшалиев жұмыс барысын баяндады. Алматы шаһарындағы жұмысын тастап, ауылға, әке-шешенің қасына келген ол ағасымен бірігіп, шаруашылық ашуды қолға алған. Қалтасындағы бар қаржымен тәуекелге барып бастаған шаруасы бүгінде қарқынды жүріп тұр. Бүгінде 40 бастай тұлпар мен 50 шақты ірі қара малын өсіріп отырған шаруашылықты да кене айналып өтпеген. – Кене, негізінен, қойда көп болады. Бірақ биыл тым көп шыққаны соншалық, тіпті бірен-саран жылқы малында да кездесуде. Ірі қараны уақытында ем-домнан өткізіп алдым. Алайда жақын жерде жекенің қойын бағатындар кенемен күрес жүргізіп жатыр. Көптігі сонша, тіпті әл берер емес. Бақташылар қолдан келгенін істеуде. Малдың иелері де қайта-қайта дезинфекциялық шараларын жүргізіп отыр, – дейді шаруа.

Әсемгүл Аманова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале