17.02.2023, 9:45
Оқылды: 7

«Кеsh емес» моноспектаклі Казталов ауданында сахналанды

Адам баласы бұл фәниде сан түрлі сынаққа тап болады. Жаратқан адамзатқа тура жол мен пендешілікті қатар қойып, таңдауды пенденің өзіне қалдырды. Алайда Хақ жолынан жолынан жаңылған құлын кешіріп, қателіктерінен сабақ алу кеш емес екенін ұғындырады. Бұл бүгінгі С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында сахналанған «Kesh емес» моноспектаклінде көрініс тапты.

20230216145838_IMG_6411

Актер Нұржігіт Сейтмаханбетовтың авторлық туындысы, Пайғамбарымыз с.а.с. хадистеріне негізделген моноспектаклі аудан халқының жүрегіне ізгілік нұрын сепкені хақ. Өйткені бір ғана кішкентай әртіс өмірдегі үлкен мәселелерді қозғап, сахнаға жан бітірді. Тәтті өмірдегі қатыгездік, сатқындық, менменшілдік, өркөкіректік, мейірімсіздік, өкініш, ысырапшылдық, қанағатсыздық сынды адам мінездері бір-бірімен үндесе отырып актёрдың шеберлігі арқылы жарыққа шығады. Нұржігіттің моноспектаклінде табыт пен шенеуніктің орындығы, гольф таяғы, абыройын байқатар галстугы актердың шеберлігіне арқау болды.

20230216144649_IMG_6386

Спектакль желісі бойынша әу баста гольф алаңында шіренген шенеунік, түнгі клубтардың бірінде әйелі тізгіндеген көлік жол апатына түскені, отбасының қайтыс болғаны жөнінде хабар алады. Сол сәтте жүрегі ұстап, есінен танған пенде о дүниенің тозағы мен жұмағына сапар шегеді. Бұл Жаратқанның оған ескертуі еді. Кенет есін жиып, әлгінде дінді мойындамаған пенде бір сәтте иманға келді. Қарттар үйіндегі анасын әкетпек болып еді. Бірақ анасының о дүниелік болғанын естіп, өткенге өкінеді. Өкінішінің орынын мұсылманның бес парызымен толтырмаққа бекінеді.

Хош. Моноспектакль аяқталды. Көрерменнің қошеметі әртіске лайық баға берді. Шыны керек, осы уақытқа дейін Пайғамбар с.а.с. хадистеріне негізделген моноспектакль қойылмаған-ды. Оған қоса бұл қойылымның облыс аудандарында сахналануы туынды мен автордың мәртебесін асқақтатты.

Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова Нұржігіт Амалбекұлына ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар бұл моноспектакльді аудан орталықтарында ғана емес ауылдық округтерде қою жөнінде ұсынысын да айтты.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале