13.05.2020, 21:18
Оқылды: 105

Киік қырған қаскөйлер құрықталды

Мамыражай мамырдың 12-сі күні ауданымызда киік атып, оңай олжаны қанжығаларына байлағысы келген қаскөйлер құрықталды. Әрине, бұл жерде аудандағы халықтың тыныштығын күзетіп жүрген полицейлердің еңбегін айтпауға болмайды. Казталов аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қырағылығы мен жеделділігінің арқасында қылмыстың  ізі суымай ашылып отыр.

B2046777-DD74-4F53-95E6-D00E6E06EABA

Олардың айтқаны мен хатталған материалдарға көз жіберсек, күнде теледидардан көріп жүрген "боевик" көзіңізге елестейді. Олай болса оқиғаны баяндайық.

Жоғарыдағы оқиғаның мән-жайымен танысу үшін Казталов аудандық полиция бөліміне бас сұғып, Казталов аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Дегенбаевқа жолықтық. Ол біздің алдымызға төмендегідей жәйттерді жайып салды.

C0232C79-CF08-46E6-91E9-EC1405AD8C5C

-Ағымдағы жылдың 12 мамыр күні сағат 14:45-те сенімді ақпарат көзінен менің телефоныма Казталов ауылдық округіне қарасты дала жайылымынан сұр түсті джип автокөлігін далалықта пайдалануға тыйым салынған киік жануарына заңсыз аңшылық жасап жүргені туралы хабарлама түсті. Мен хабарламаны тексеру үшін қасыма орынбасарым Мәрлен Қарабаевты ертіп алып, айтылған бағытқа қарай жол тарттым. Оқиға орнына жол жүріп бара жатып, Казталов аудандық полиция бөліміне де хабарлама түсірдім. Казталов полиция бөлімінің жеке құрамынан жедел тергеу тобы мен ұстау тобын ұйымдастыруға тапсырма бердім. Оқиға орнына жеткенімізде хабарлама расталып, Казталов ауылдық округінен Қайыңды ауылдық округіне қарай өтетін Қараөзен өзені жағалауында киіктерді заңсыз атып жүрген, мемлекеттік нөмірі жоқ, сұр түсті Toyota Land Cruiser 80 маркалы автокөлігін көрдік. Осы кезде мен ұялы телефон арқылы Казталов аудандық полиция бөліміне хабар беріп, барлық жолдарды жабуды тапсырдым. Сонымен біз мал іздеп жүрген болып, оқиға орнына жақындап бардық. Астымызда мемлекеттік нөмірлі 355 КР 07 нива автокөлігі болатын. Toyota Land Cruiser 80 көлігінде отырған күдіктілер біздің келе жатқанымызды байқап, Жалпақтал бағытына қарай көліктерін бұра бастады. Біз де тоқтату мақсатында көліктің артынан ілестік. Яғни олар жылдамдықтарын үдете түсіп, қаша бастады. Аталған автокөлік Қараөзеннің бергі бетімен қашып отырып, Чапаев-Жалпақтал-Казталов тас жолын кесіп өтті. Көліктегілер Жаңажол ауылына қашып кіріп, ауылдың көшелері арасында бой тасаламақшы болды. Күдікті автокөлікті қуып келе жатқанымызда біздің қатарымызға Казталов, Жалпақтал полиция бөлімінің жеке құрамынан құрылған жедел іздестіру тобы мінген мемлекеттік нөмірі 033КР07 Санг Ионг автокөлігі де қосылды,- дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы.

718EC2BA-1447-4618-B570-9634DD224C2C

Қызықтың бәрі осы жерден басталыпты. Ринат Маратұлының айтуынша, қуғыншылардан қашып келе жатқан күдікті автокөлік бой тасаламақшы болып, Жаңажол ауылына кірген. Осы жерде кейін тергеу барысында анықталғандай көліктен Жаңажол ауылының Жансүгіров көшесінің тұрғыны, 1983 жылы туған «Д» есімді азамат түсіп қалған. «Д» есімді азаматты құқық қорғаушылар Жаңажол ауылының Кенжеғалиев көшесінде орналасқан №22-23 үйлер арасынан ұстаған. Сол кезде оның қолында болған ақ түсті қап  ішінде 30 дана киік мүйіздері және  «ИЖ-18ЕМ-М, № 92117970» маркалы, 12-клибрлі  1 ұңғылы тегіс ұңғылы мылтық, 57 дана 12 калибрлі оқ-дәрілері оқ-сауытымен болған. Аталған заттар айғақты зат ретінде алынған. Жаңажол ауылында ұсталған «Д» есімді азамат Казталов аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қылмыстық іс бойынша қорғаушының қатысуымен жауап алынған. Тергеу амалдары барысында ол қапшыққа салынған киік мүйіздерін және аңшылық  мылтықты даладан тауып алғанын айтқан. Сонымен қатар ол қасында Жалпақтал ауылының тұрғыны 1977 жылы туған «М» есімді азаматтың да болғанын мойындаған. Аталған «Д» есімді азамат 12 мамыр күні сағат 21:55-те Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабының талаптарына сай Казталов аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Жаңажол ауылында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Д» есімді азаматты ұстап жатқан кезде Ринат Дегенбаев бастаған топ күдікті Тайота Ланд Крузер 80 маркалы автокөлігінің артынан қууын жалғастыра берген. Дегенмен, күдікті көлік Жалпақтал аулына бұрын кіріп, ізін суытқан. Іздестіру нәтижесінде белгілі болғандай, Жалпақтал ауылының тұрғыны «М» есімді азамат басқарған  Toyota Land Cruiser 80 маркалы автокөлігі Жалпақтал ауылы Масалиев көшесі бойында орналасқан Жалпақтал аграрлық-салалық технологиялар колледжінің жатақханасы артында қалдырып кеткен жерінен табылған. Көлік басқарған азамат бой тасалап үлгерген.

Табылған көлікті қарау барысында автокөліктің алдыңғы, артқы тіркеу номерлері жоқ екені, алдыңғы жолаушы орындығының астынан 2 дана атылған к-12 «феттер» маркалы гильзалары және жүргізуші жақ орындықтың астынан 1 дана атылмаған феттер оқ дәрісі, алюминий ара, қара түсті дүрбі табылған. Бұдан басқа тойота маркалы автокөлігінің радиатор решеткасы, алдыңғы оң жақтағы фарының шағылыстырғышы жоқтығы анықталған. Сонымен бірге «М» есімді азаматтың Жалпақтал ауылы Байқоңыр көшесіндегі үйін тінту кезінде келесі айғақты заттар ретінде алынған. 1) «МР-512» маркалы № 4512075608 санды 1 ұңғылы травматикалық қару, 2) 2-дана снегоход, 3) «Вепрь» маркалы сер.ТО № 1152 сайга, 2 магазин, әрқайсысында 8-ден барлығы 16 дана оқ, 4) 1 қорап ішінде 120-дана 12 калибрлі «Феттер» маркалы оқ-дәрі, 5) бөлек жатырған 70 дана «Феттер» маркалы оқ дәрі, 6) 3 дана қара түсті рация 2 құлаққабымен, 7) 1 дана  пышақ,  8) 3 дана қол ара.

Киік ату оқиғасы орын алған жерге жедел жеткен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен қатар «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының инспекторлары қарау жүргізген. Оқиға болған жерден атып өлтіріліп, мүйіздері кесілген 4 киік төшкесін және мүйізі кесілмеген 1 киік төшкесін тапқан. Мұнымен қоса бұл жерден 1 дана темекі қалдығы, тойота маркалы автокөлігінің радиатор эмблемасы бар решеткасы және оң жақ алдыңғы фарының шағылыстырғышы табылып, айғақ зат ретінде алынды. 

Бой тасалап жүрген «М» есімді Жалпақтал ауылының тұрғыны 12 мамыр күні ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Ендігі кезекте олардың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағына сай қылымыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу амалдары барысында белгілі болғандай, «Д» есімді азамат бұрын 04.09.2015 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы сотымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы, 4-бөлімімен №151568031000115 саны бойынша сотты болған. Ал «М» есімді азамат та бұрын-соңды 25.12.2015 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы, 1-бөлімімен  № 152748031000488 санымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұдан ұсталған екі азамат та заңсыз аң аулағаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталып отыр. Бір жақсысы қылмыскерлерді ұстау кезінде олардың барлық іс-қимылдары мен олардан табылған айғақты заттарды алу барысы хатталып, толықтай фото мен видеоға түсірілген. Осындай айғақтардан кейін заңсыз киік атқан қаскөйлердің кінәсі толықтай дәлелденіп, заң алдында тиісті жазасын алары сөзсіз.

Міне, біз болған оқиғаны криминалистика тілімен оқырманға түсінікті болатындай баяндағандай болдық. Заңсыз киік ату қылмыстық оқиғасы кезінде жедел түрде қимылдаған, қылмыскерлерді құрықтауға қатысқан Казталов аудандық полиция қызметкерлерінің еңбегі жоғары. Олар халық тыныштығын сақтаумен қатар киелі киіктің де тыныштығын күзетіп жүр.

Қайрат Жақып

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале