21.06.2024, 17:05
Оқылды: 384

Киікті қалай реттейміз?

Кезінде саны күрт азайып кеткен дала еркесі — ақбөкендер соңғы жылдары қайта көбейе бастады. Бұған экологтар мен табиғат қорғаушылары қуанғанымен, мал өсірген, егін салған шаруалар үшін бас ауыртар мәселеге айналып отыр.

Киік БҚО

Суретке түсірген: Мирлан Нұролла/zhaikpress.kz

Статистика не дейді?

Әлеуметтік желідегі статистикалық деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдары елдегі киіктердің саны 1 миллионнан асып жығылған еді. Көрші Айдаһар елі қытай медицинасында оның мүйізі зор сұранысқа ие болды. Соның салдарынан бүкіл әлемдегі киелі жануарлардың саны бірден 90 пайызға кеміді. 90 жылдардың басында Қазақстандағы миллионнан астам киіктің саны небәрі 10 жыл ішінде 21 мыңға дейін күрт азайды.

Ақбөкендер популяциясын сақтау үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін киіктерді аулауға мораторий енгізді. Осы бағыттағы шаралар өз нәтижесін беріп, тұяқты жануарлар қайта көбейді. 2020 жылы олардың саны 800 мыңнан асты. Киіктердің кедергісіз жүріп-тұруы үшін көрші елдермен халықаралық ынтымақтастық келісімдерге қол қойылды.

Ең көп таралған Орал популяциясын сақтау үшін Батыс Қазақстан облысының төрт ауданы аумағында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, тұяқты жануарлардың сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлерін сақтауды, қалпына келтіруді және олардың санын есепке алуды қолға алды. Сөйтіп 2023 жылы киіктің саны 1 млн. 300 мыңға жетті. Ал биылғы санақ қорытындысына көз жіберсек, ақбөкендер 2 млн. 833 мың 600 басқа жетті деп ресми түрде жарияланды. Бұл киіктің көктемгі төлдеуіне дейінгі санақ нәтижесі.

Киіктен қауіп бар ма?

Негізі ақбөкендер Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірмеген. Десек де, атуға мүлде тыйым салынған жануарлар қатарына қосылған. 1996 жылы табиғатты қорғау Халықаралық одағының Қызыл тізіміне енгізілді. Киіктің шамадан тыс көбеюі өңіріміздегі ауылшаруашылық саласына тікелей әсер етуде. Қай жануар мен жәндік шектен тыс көбейген жағдайда айналасына кері әсерін беретіні сөзсіз. Менің бұл сөзіме ешкім қарсы келмес. Киік көбейген сайын мал баққан, егін салған шаруалар тарапынан:

«Киік көбейді, шабындығымызды жеп қойды, егінімізді жайпап кетті» деген шағымдар да көбеюде. Алысқа бармай-ақ әлеуметтік желілерде Орал популяциясы мекен ететін Бөкей орда, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандары тұрғындарымен қатар Тасқала, Ақжайық аудандарының халқы шағым айтуда. Жуырда біздің редакциямызға Қарасу ауылдық округі Жұлдыз елді мекеніне қарасты Төртпішен қыстағының тұрғыны Сәуле Жұмағазиева хабарласып, қыстақ айналасында киік қаптап жүргені туралы айтты. Жолдасы Қабдолла Чикаев екеуі жүргізіп отырған шаруашылық маңындағы жайылым, шабындықты киік таптап, жеп жатқаны туралы жанайқайын жеткізді. Сәуле ханымның айтуынша, шаруашылықта егілген көпжылдық шөп пен бақшаны да киік отап кеткен. Бұл тек бір ғана шаруаның жағдайы.

Киік БҚО

Былтырғы жылы киік санын реттеу жұмысы қолға алынып, 15 380 киік ауланған. Бұл ресми деректерге сүйенсек, жоғарыдағы көрсетілген киік санының бір пайызына да жетпейді.

Киіктерді атуға рұқсаты бар жалғыз мекеме – «Охотзоопром» арқылы жүргізілсе де қысқа уақыт аралығында мыңдаған тұяқты жануарды атып үлгере алмады. Бұл мекеме қызметкерлері тікелей өздері атпаса да ұйымдастыру, бақылау жұмыстарын жүргізді. Дегенмен, асығыс шешім болды ма әлде басқа бір себептер ме? Реттеу жұмыстары дұрыс жолға қойылмағаны айдан анық. Министрліктің оған жауап іздемегені де көрініп тұр. Ал шаруалардың киіктерден зардап шегіп отырғанына мемлекеттің де кінәсі бар секілді. Жануардың саны өсіп келе жатқанын біле тұра ақбөкендер көп таралған аумақтан ауыл шаруашылығы жерлерін оңды-солды таратып жатыр.

Сонымен қатар киікті реттеу кезінде біршама қателіктер де көрініс тапты. Негізінен киікті реттеген жағдайда бұл шаруамен арнайы бір мекеме шұғылдануы керек секілді. Ауланған немесе атылған киіктің төшкесін соятын, өңдейтін орын жоқтың қасы. Бұл ретте арнайы мекеме құрылып, ашылмаса, мәселе күрделеніп кетеді. Қазақстан бойынша киіктің еті сұранысқа ие болғанымен, соятын, сақтайтын, сататын орындар жоқ.

Орал популяциясы мекен ететін аумақта арнайы киік соятын ет комбинатын салу керек.

Назарға алсақ, киіктер Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірмеген. Десек де, атуға мүлде тыйым салынған жануарлар қатарына қосылған. 1996 жылы Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының Қызыл тізіміне енгізілген. Биылғы жылы реттеу жұмыстары қалай болатыны белгісіз. Мемлекет басшысының өзі киікті атуға тиым салды. Бірақ шамадан тыс көбейген киікті заң аясында пайдаланып, еліміз үшін табыс көзіне айналдыру мәселесі тұр. Жануарлардың белгілі бір бөлігін ғана реттеп, санын тым азайтып жібермей, саналы түрде пайдаланып, одан мейлінше табыс табуға болады.

Малдың басы да өсуде

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың қаңтар-сәуірінде мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі (НКИ) 103,7 пайызға өскен. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде жылқы саны – 4 млн 290,9 мыңға, ірі қара мал саны – 10 млн 184,9 мыңға, қой мен ешкі саны – 27 млн 990,7 мыңға дейін өсімі анықталып отыр.

07E8FBA1-6DEE-4C00-968F-04AEBF38CAC2

Жыл сайын мал басының өсуі де жайылымдар мен шабындықтардың тарылуына тікелей әсер етуде. Бүгінде малы көп шаруашылықтар баққан малдарын сата алмай отыр. Осыдан шығатын қорытынды далада киікпен бірге мал да көбейіп жатқаны. Шабындық пен жайылымды сирағы ұзын жылқы малы отап, тықырлата жеп қоятынын жасыра алмаймыз. Төрт түлік малдың да көбеюі біраз мәселенің ушығуына алып келеді. Мал ұстағасын далаға қоя бермей, бағу керек. Бізде малдың көбі бағылмайды. Әзірге шаруалар арасында бағымсыз малға қатысты жер дауы туындаған жоқ. Бірақ мал саны осы бағытта тоқтаусыз өсетін болса, шабындық, жайылым жер тарылып, жер үшін бір-бірімізбен бет жыртысатын уақыттың да ауылы алыс емес секілді.

P.S. Байқағынымыздай, киіктер санын реттеу мәселесі әлі де елеп-екшеуді қажет етеді. Жуық арада бір шешім қабылданатын секілді. Жылдар бойы мемлекет оларды көбейту үшін ауқымды шаралар атқарып, қыруар қаржы бөліп келді. Енді оларды реттеуге тағы қаржы қарастырмақ. Парадокс!

Киік санын тылсым табиғаттың өзі реттеп тастауы да мүмкін. Барлық бәлені сары даламызда желмен жарысқан сұлуына жауып, оны «атамыз, соямыз»  деп жүріп бардан айырылып қалмайық!

Нұр Рахман
Суретке түсірген: Мирлан Нұролла

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале