29.11.2023, 15:15
Оқылды: 50

Кітап оқып, 100 мың теңге ұтып алды

Осыдан он бір ай бұрын Бөкей ордасының аудандық кітапхана ұжымы игі бастаманы қолға алып, оқырман арасында кітап оқудан жарыс ұйымдастырған болатын.

китап (3)

Бұл байқаудың ерекшелігі сол сыннан сүрінбей, үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен 100 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде тағайындалған еді.

китап (1)

Аталмыш жарысқа сайқындық кітапсүйерлер ғана емес, округтерден де қатысуға ниет танытып, арнайы келгендері аз болмады. Бас-аяғы 20-ға жуық оқырманның ішінен соңғы кезеңге санаулысы ғана жетті. Әр кезең бойынша қазақ жазушыларының төл шығармалары оқуға беріліп, қатысушылар сәйкесінше оқыған кітабы бойынша тест тапсырмасын орындап, 20 минут ішінде қойылған сауалдарға дұрыс жауап беруге тырысты. Күні кеше балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ғимаратында қатысушылар мен тұрақты оқырмандардың қатысуымен жарыстың қорытындысы шығарылып, үздіктері марапатталды.

– Жастар мен ересектердің арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру әрі жандандыру мақсатында кітапсүйер ағайынның басын қосып, бірнеше ай көлемінде заңғар жазушыларымыздың шығармалары бойынша тапсырмалар бердік. Алғаш рет өткізіп жатқандықтан қатысушылар да аса көп емес. Алдағы уақытта оқырмандарымыздың саны көбейіп, бастамамызға зор қолдау көрсетеді деген ойдамыз, - деп сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнагүл Батырханова қатысушыларға алғыс айтып, ауыл халқын кітап оқуға ынталандыратын жарыстар көбейе түссін деген тілегін білдірді.

Өз кезегінде библиограф Орынгүл Маралова да кітап бәйгесінің өту барысы жайлы егжей-тегжейлі тоқталып, қатысушыларды әрмен қарай ынталандыру үшін әр кезең сайын кішігірім сыйлықтар беріп, қызығушылықтарын оятуға ден қойдық дейді.

китап (4)

 Сонымен ұшқыр ойы, терең білімімен дараланған Айзада Таңатова жүзден жүйрек шығып, 100 мың теңгенің иесі атанды. Екінші және үшінші орындарды М-С.Бабажанов атындағы мектептің қос ұстазы Зият Бисембаева мен Амангүл Көбиева өзара бөлісті.

китап (5)

Кітапхананың байырғы оқырмандары, ерлі-зайыпты Ерболат Таңатов пен Тоян Бекеновалар, Орда ауылдық округінің кітапханашысы Айгүл Батырханова алғысхаттармен марапатталды.

китап (6)

Арайлым Фарит,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

китап (2)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале