23.04.2026, 12:00
Оқылды: 15

Кітап – руханияттың алтын діңгегі

Бүгін елімізде мәдениет пен руханияттың шамшырағына айналған кітапханашылардың кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтуде. Осы айтулы күнге орай аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы да ерекше құрметке ие болды.

image-23-04-26-11-13 (3)

Мерекелік шара барысында аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Гүлмира Бердегалиева мен ұжымына “Amanat” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Тағаниязов және Батыс Қазақстан облысы “Amanat” партиясы әйелдер қанатының мүшесі Светлана Байтенова арнайы барып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыс хаттар табыстады. Бұл – кітапхана қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлін бағалаудың айқын көрінісі.

Сонымен қатар еліміздегі маңызды саяси науқан республикалық референдумды өткізуге, ақпараттық түсіндіру жұмыстарына белсене қатысқан кітапханашы Жанаргүл Молдағалиеваға «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Кошановтың алғыс хаты табысталып, еңбегін атап өтті.

Шара барысында сөз алған Азамат Тағаниязов кітапханашылар еңбегінің маңыздылығына кеңінен тоқталды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап ісі еліміздегі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда, партиямыздың аудандық филиалында  «Кітап-AMANAT» жобасы іске қосылып,жұмыстанудамыз.Бұл жоба руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосатыны анық.Кітапханашыларымыз кітап пен оқу мәдениетіне деген қызығушылықты арттырып,оқырмандарға. кітап оқуды күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға мүмкіндік беретін мамандық иелері.Себебі кітап оқитын қоғам саналы, бәсекеге қабілетті қоғамның негізі. Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс және ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай жетістіктер тілейміз",– деді.

Расымен де, кітапханашылар – рухани құндылықтарды сақтап қана қоймай, оны заман талабына сай насихаттап жүрген жандар. Бүгінде кітапханалар тек ақпарат орталығы ғана емес, жастардың бас қосатын, білімін жетілдіретін, ой-өрісін кеңейтетін мәдени алаңға айналып отыр.

image-23-04-26-11-13 (2)

Мемлекет басшысы ұсынған “Кітап оқитын ұлт” идеясы – ел болашағын білімді ұрпақпен байланыстыратын стратегиялық бағыт. Осы ретте кітапханашылардың еңбегі ерекше. Олар оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір болып, ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосуда.Кітап оқуға құштар қоғам қалыптастыру баршамызға ортақ міндет.

Сондықтан бұл мереке – тек бір мамандық иелерінің ғана емес, жалпы руханиятты қадірлейтін барша қауымның ортақ мерекесі дер едім.

 

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале