24.10.2024, 14:50
Оқылды: 104

Кітапханашылар күні: Сырымдық Ұлболсын Карина – оқырмандарымен бақытты жан

Ұлболсын Каринаның есімімен әуелден-ақ таныс едік. Өз мамандығына шынайы берілген, жігерлілік, жинақылық сияқты кәсіби шеберге тән қасиеттер оның бойынан айқын сезіліп тұрады.

Ұлболсын Карина (1)

Ал Ұлболсынның талай мәрте дайындаған әдеби шарасына куә болып, оқырмандары ортасында терең ойдың құшағына енген кездеріміз де болған.

Сонымен оқырмандарын тәнті еткен, өз мамандығының шебері танылған Ұлболсын Карина  жөніндегі әңгімені төмендегідей өрбітсек.

Ұлболсын Қалқаманқызы 1965 жылы 13 ақпанда  Жаңақала ауданына қарасты Маштексай ауылында өмірге келді.

Ол бесінші сыныптан бастап Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы мектеп-интернатында оқып, он жылдықты тәмамдады.

Алғашқы 1982-1985 жылдары түрлі қол жұмыстарына араласқан Ұлболсынның арманы   ең бастысы арнайы мамандық иесі атану болды. 

Арман қуған күннің де сәті келді. 

Сөйтіп, Ұлболсын 1985-1987 жылдары Атырау қаласындағы мәдени ағарту колледжінің студенті атанып, оқу орнын «Мәдени ағарту жұмыстарының ұйымдастырушысы» мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдады. 

Арнайы маман иесі Ұлболсын Карина Алғабас ауылдық округіндегі мәдениет үйінде тоғыз жыл  әдіскерлік қызметті мінсіз атқарса, 24 жыл бойы кітапханашылық тізгінін абыройлы ұстап келеді.

Сонау жылға көз жүгіртіп қарасақ, Алғабас ауылындағы Оқасовтар әулетіне оң қадам жасап, келін болып түскен Ұлболсынға да 35 жылдың жүзі болыпты.

Ал осы әулетке келін болған Ұлболсын екі жылдай ғана үйде бала күтімімен отырса, өзге жылдар салмағы мәдениет, кітапхана саласына арналыпты. 

Кітапханашылық деген – сан тарау жұмысы қарбалас мамандық саласы.

Яғни, бұл салада күннен күнге жалғасып жататын жұмыс ауқымы жетерлік. Оқырмандармен кездесу, әдеби шаралар өткізу, ақын-жазушыларға арналған кештер дегендей салалар легі жетерлік.

Міне осындай ауқымды шаралардың басы-қасында Ұлболсын Қалқаманқызы жүреді десек артық айтқандық болмас.

Мәселен, Ұлболсын Каринаның тікелей басшылығымен өткізілген Ж.Молдағалиевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Бір ел – бір кітап,  акциясы аясындағы «Ел жадынан өшпейді» атты шара немесе  «Қадыр Мырза Әлиді оқимыз» атты  әдеби байқау құндылығымен маңызды емес пе? 

«Оқырмандарға қызмет көрсетудің жаңа әдістері», «Ауыл энциклопедиясы», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлке» атты әдеби танымдық шаралар легі де көптің көңілдерінен шыққан шығармалар болды.

Міне, осындай танымдық шараларды ұйымдастырып, оқырманның ыстық ықыласына,  құрметіне ие болған Ұлболсын Каринаның мәдениет саласындағы қосқан қызметі де жоғары басшылық тарапынан орынды бағасын алды.

Мәселен, Ұлболсын аудан әкімі, мәдениет басшылығы тарапынан бірнеше рет алғысхат, диплом, құрмет грамоталарға ие болса, 2021 жылы кітапханашылық саладағы жемісті қызметіне орай  қазақстандық кітапханалық одақ атынан  «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ 2022 жылы Ұлболсынның өңіріне «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісі тағылды.   

Өзінің білімін үнемі тереңдетіп, өмір ағымындағы саяси оқиғалардан хабардар болып отыратын Ұлболсын Қалқаманқызы жоғары білімді, білікті де өз мамандығының кәсіби шебері боп танылған жан.

Ол – БҚМУ-дың «Кітапхана тану және библиографиялық» бөлімін тәмамдаған білікті маман. Ұлболсын – отбасында үлгілі ана, жанұяның ұйытқысы. 

Отағасы Амангелдімен Есенбек атты ұл тәрбиелеп өсіріп, келін түсіріп отырған бақытты әулет. 

Міне, оқырмандарымен бақыттың құшағына бөленген біздің Ұлболсын осындай жан.

Мүсірбек Әлібекұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале