19.10.2021, 17:50
Оқылды: 187

Қоғам қайраткерімен кездесу өтті

Бөрлі ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған келелі істер мен мерекелік шаралар легі жалғасуда. Жақында осынау айтулы мереке шеңберінде өткен тағы бір тамаша іс-шара – ауданның алғашқы әкімі,  Бөрлі ауданының Құрметті азаматы, мемлекет, қоғам қайраткері, жерлесіміз Қуанышбай Төлебайұлы Төлебаевпен кездесу болды.

11

Ардагер ақсақалмен алғашқы кездесу Қазақстан оқу ісінің үздігі, ардагер ұстаз  Амангелді Туяшев және мәслихат хатшысы Қ.Ермекбаевтың қатысуымен өзі бір кезде қызмет еткен әкімшілік  ғимаратында  мемлекеттік қызметшілермен өтті.

Қ.Төлебаев 90 жылдары Бөрлі ауданы әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған кезде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан, тәуелсіз елдің алғашқы қадамын нық басуына мұрындық болған, елімізде ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулықтың жетілуіне ұйытқы болып жүрген биік тұлға. Кездесу барысында ардагер ағамыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан естелік айтып, ой бөлісті.

Ел ағасы Қуанышбай Төлебайұлымен кездесу тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Аталмыш шараға аудан əкімінің орынбасары А.Көшкінбаев, аудандық маслихат хатшысы Қ.Ермекбаев, оралдық ардагер ұстаз А.Туяшев, «Бөрлі жаршысы-Бурлинсие вести» газетінің  редакторы А.Нұрашова, аудандақ кітапханалар жүйесінің директоры О.Төлемисов және  мектеп музейлерінің  жетекшілері қатысты. Ақжайық өңіріне еңбегі сіңген азамат, «Құрмет» орденімен қоса, көптеген отандақ жəне шетелдік марапаттардың иесі Қ.Төлебаев музейде өз жеке мұрағатынан арнайы жасақталған көрмені тамашалап,  тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әрбір фото, әрбір жәдігердің естелік ретінде қымбат екенін айтып, алғыс білдірді. Шара барысында Қуанышбай Төлебайұлыосы  өңірдің өзі білетін терең тарихынан сыр шертіп, еселі еңбек еткен ерен тұлғалары  туралы пікір айтып,  елдің келешегі, болашағы турасындағы өз ойын ортаға салып, өмір жолындағы тарихи оқиғалармен бөлісіп əсерлі кездесу өтті.  Ауданда жасалып жатқан оң істерге өз разылығын білдіріп, музей қызметкерлеріне ақыл - кеңес айтып, қолымда бар деректермен бөлісуге, кеңесші болуға дайынмын,- деген қоғам қайраткері, өзінің бірқатар құнды жəдігерлерін музей қорына сыйға тартты. Және бұдан кейін де музеймен байланысын үзбейтінін атап айтты.

12

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аудан әкімі Қ.Төлебаевпен кездесу мәдениет үйі жанындағы Достық үйінде жалғасты. Аталмыш шараға аудандық мәслихат хатшысы Қ.Ермекбев, ардагер-ұстаз А.Туяшев, Бөрлі жаршысы-Бурлинские вести газетінің редакторы Д.Нұрашова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры О.Төлемісовпен бірге Халықтық ардагерлер хорының ұжымы мен Халықтық «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі мүшелері, этномәдени бірлестіктер төрағалары мен өкілдері қатысты. Ауданда көптен тұрып келе жатқан, осы ауданның әдеби-мәдени өміріне белсене араласып жүрген өнер адамдары аудан тарихынан түрлі естеліктер айтып, әңгіменің көрігін қыздырды. Тарих қатпарларында қалған, елге елеулі еңбегі бар қаншама адамның аттары аталып, қаншама жақсы істер еске түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық әлі ұмытыла қоймаса керек. Сонымен бірге әсерлі ән айтылып, жігерлі өлең де оқылды. Қ.Төлебаевты көшбасы ретінде танып қалған аға буын өкілдері көкейлеріндегі ұсыныс-пікірдерін де ортаға сала кетуді ұмытқан жоқ.

Бөрлі ауданының Құрметті азаматы, ауданның алғашқы әкімі Қуанышбай Төлебайұлымен кездесу Бөрлі ауылында жалғасты. Мәслихат хатшысы Қ.Ермекбаев, ауыл активі қатысқан бұл кездесуде ауыл әкімі  Бөрлі ауылдық округінің әкімі Әзілхан Зарифов ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Тұрғындармен кездесу барысында ардагер ақсақал Қ.Төлебаев еңбек жолының тарихынан сыр шертіп, әсерлі оқиғалармен бөлісті және жақсылықтар мен жетістіктерге әркез тілекші екенін білдірді.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале