15.08.2022, 20:04
Оқылды: 39

Көгерісте медпункт жөндеуден өте ме?

Округ әкімінің есеп беру жиыны Сырым ауданының Бұлдырты ауылында өтті.
Кездесу жиынына аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, бірқатар мекеме басшылары қатысты.

Бұлдырты

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Салауат Нұрпейісовтің мәлімдеуінше, өткен есептік кездесуде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты.
Көгеріс ауылына спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Көгеріс медпунктін жөндеу мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттары жасақталды, қаржы бөлінген кезде жөндеу жұмысы басталады. Бұлдырты ауылдық дәрігерлік амбулаториясына жаңа ғимарат салу мәселесі көтерілді, бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Бұлдырты-Орал бағытында маршрут шығару шешімін тапты, «Газель» автокөлігімен ауыл тұрғындары Орал қаласына 1300 теңгеден тасымалдануда. Бұлдырты ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы ұсыныс түсіп, құрылысты жүргізуші мердігер анықталды, енді құрылыс жұмыстары басталуы керек.
Ауыл тұрғындары бұралқы иттер мәселесін көтерді. Аудандық ветеринарлық станция директоры Армат Журалиев иттерді чиптеу, бірдейлендіру қажеттігін, егер адам мен малға қауіп төндірсе, өтініш бойынша иттерді атуға болатынын айтты.
Жарық мәселесі ауданның барлық елді мекенінде өзекті. Бұл мәселені бұлдыртылықтар да көтерді. Электромонтер тапшылығы да ауылда қылаң берді. Жұмыспен қамту орталығынң басшысы Саламат Иманғалиев жастарды тегін, тамағы, жолы, жатар орны төленетін оқуға жіберіп, электромонтерлыққа даярлауға болатынын айтты. Зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған жұмыссыз азаматтардың «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысқа кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына жіберіліп, жалақының 50 пайызын кәсіпкер, 50 пайызын мемлекет төлейтінін жеткізді.
Бұлдыртылықтар учаскелік полиция инспекторының жұмысына көңілі толмайтындарын айтты.
Түйінді сөзін алған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ауылдағы ең үлкен мәселе дене шынықтыру және спорт кешенін салу болса, биыл мәселе шешімін тапқанын мәлімдеді. Спорт кешенінің құрылысы желтоқсан айына дейін аяқталатын болады. Көгеріс ауылына су құбырын тарту биыл басталады.

Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале