7.04.2022, 19:58
Оқылды: 54

Қой қоздап, қорада шу

Төрт түлік мал басын көбейту ауыл шаруашылығының басқа салаларына қарағанда жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек. Осындай жауапкершілік жүгі артылған шаруалар қауымы үшін мал қыстату ең жауапты кезең. Мал қыстату – түлікті қыстан қысылмай алып шығу ғана емес, төл мен мол өнім алудың да науқаны.
Міне, қытымыр қыстың сары аяздарын артқа тастап, сәуір айына да жеткен шаруалар үшін соңғы күндері күн жылынып, тіршіліктеріне біршама қолайлы уақыт туды.

IMG-20220407-WA0105

Жұлдыз ауылындағы «Темірболат» шаруа қожалығындағы қорада қой қоздап, мал төлдеп, у-шу. Осы ретте аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановпен бірге Қарасу ауылдық округіне қарасты «Темірболат»​ шаруа қожалығына барып қайттық.

IMG-20220407-WA0104
Аудан бойынша 101 704 ірі қара малы болса, соның ішінде аналығы 53 506, күні бүгінге алынған бұзау саны - 18 011. Бұл көрсеткіш əр 100 аналыққа шаққанда 34 пайызға орындалған. Ал қойдың саны 225 540 болса, 155 357 саулықтан 47 930 қозы алынған. Көрсеткіш 31 пайызды құрайды. Ешкінің де көрсеткіштері жаман емес. Аудандағы 35 122 ешкінің 23 861 саулығынан 9440 лақ төлдеген. Көрсеткіш 40 пайызға жеткен. Қазақ үшін қасиеті басым жылқы малы ауданда 30 153-ке жетіп жығылады. Соның ішіндегі 15 946 биеден 2240 құлын туған.
Жоғарыда атап көрсетілген мал басының саны биылғы мал төлдету науқанында өседі деп күтілуде. Бұл сандар пайызға шаққанда 14 пайыз. Түйе саны 220 болса, соның 148 аруана. Күні бүгінге бір бота ғана алынған. Көрсеткіш 3 пайызға орындалуда.
Бұл мəліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарынан алдық. Иə, бұрынғыдай кеңшар, ұжымшарлар арасында төл алудан социалистік жарыстар жоқ. Сахманға келетін студенттер жасақтары да өткен заманмен бірге сап тыйылған. Ендігі кезекте əр шаруа өзі үшін күн көруде.
Біз барған шаруашылыққа жетекшілік ететін Жанболат Ахметқалиевті əңгімеге тарттық.
- Біздің шаруашылықта 400 қой-ешкі, 125 аналық сиыр, 40 жылқы малы бар. Мемлекеттік барлық бағдарламаларға қатысып келеміз. Соның нəтижесінде техникалық базамызды жаңалап, қолдау қаржыларды алып отырмыз. Қазіргі күнде малдар төлдеп жатыр. Былтыр білгіштер: "Қыс қатты болады" деп болжағасын, бұқа мен қошқарды да аналық малдарға жəй қостық. Мал азығын да артығымен жинап алған болатынбыз. Бірақ Алла сəтін салып, қыс жəйлі болды. Қиналмай шықтық. Малда шығын болған жоқ. Жиналған мал азығының 30 пайызын пайдаланған болармыз. Шүкір, малдың төлдеу науқаны бір қалыпты жүруде. Жалпы келіп жеткен жыл жаман болмас. Жерде ылғал мол. Шөп те шығады деп күтеміз. Ең бастысы еліміз тыныш болсын! Тыныштық болса, еңбек еткен жанға елімізде барлық жағдай жасалған, - деп түйіндеді сөзін шаруашылық жетекшісі.
«Темірболат» шаруа қожалығындағылар істің көзін таба білген шаруалар. Олар мал қыстату науқанынан қысылмай шығып, мал басы мен өнімдерін көбейтуді көздейді. Жұмыс қаншалықты ауыр болса, қайтарымының да соншалықты екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отырғанын осындай еңбекқор жандар арқылы білуге болады.

Қайрат Жақып, 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале