15.12.2020, 11:13
Оқылды: 253

Көлік құрастырған шыңғырлаулық отбасы

Шыңғырлау ауданына қарасты Ақшат ауылының тұрғыны Сайын Ауылбаев түрлі машиналарды жөндеп, ауылында аянбай еңбек еткен жандардың бірі. Саналы ғұмырын шопырлық қызметте арнап, әрі техникалардың «тілін» шебер меңгере білген. Өзі дәнекерлеуші, слесарь. Жастайынан автокөліктің маңында жүрген Сайын Сәттіғұлұлы мамандық таңдауға келгенде көп ойланбастан Бөрлі ауданының техникумынан білім алады.

ауылбаев (4)

«Әке көрген оқ жонар» демекші, 16 жасар ұлы Нұржан да әкесіне қолғабыс етіп, істің алға басуына өз үлесін қосуда. Ақтөбе қаласының техникалық колледжінде оқитын баласы да 5-сыныпта оқып жүріп-ақ темір тұлпарды тізгіндеп, ауыр техникалардың құлағында ойнайтын  дәрежеге жетіпті. Соның нәтижесі болар,  әке жолын қуған ұл жаңа көлік түрлерін құрастарып жасауға әуес. Мәселен, өткен жылы квадроцилк жасап, ауылдастарын таңдай қақтырған. Ойын-шыны аралас, оған «Ковид-1» атауын беріпті. Сағатына 40 шақырым жылдамдықты игерген. Енді, міне тағы да жол талғамайтын алдыңғы көлікке қарағанда әлді, тарту күші жоғары квадроцилкдің өзге нұсқасын құрастыруда. Басым көпшілігі «ВАЗ-2107» көлігінің қосалқы бөлшектерінен құрастырылған көліктің жүру жылдамдығы сағатына 80-90 шақырым жылдамдықта жүреді деп жоспарланып отыр.

- Негізі ауылдық жерлерде тұрғандықтан осындай көліктерге сұраныс қашан да жоғары. Ауыл шаруашылыға бейімделген көлік ауа райына қолайлы, жүк тасуға ыңғайлы болмақ. Бұл көліктердің авторы балам, «Барыс-2020» деген атау беріп отыр. «Ақыл жастан...» дегендей, жөндеу жұмыстары барысында мен «кеңестік» әдіске бой беріп жатырсам, ұлым өз ақылымен заманауи шешімін айтып, көмектесіп жатады. Қазір техникалардың көпшілігі электрондық түрде жасалған, сондай кезде баламның кеңесі пайдаға асып жатады, - дейді Сайын Сәттіғұлұлы.

Өмір бойы шопыр қызметін атқарған өзінің әкесі Сәттіғұл да өзінің білгенін айтып, ата, әке мен бала болған үш буын бір гараждың ішінен табылып жатады.

ауылбаев жолдасы (2)

Отағасы баласымен түздегі жұмысты ыңғайласа, отанасы Жанаргүл Ертайқызы да үй шаруасымен қатар арнайы көпшік тазалайтын аппаратпен ескі көпшіктерді қайта өңдейді. Ресей елінен алдырылған қондырғы ескі мамық көпшіктерді 4 моторлы жүйемен тазартып, ультракүлгін сәулесі арқылы залалсыздандырады екен. Жан-жақтан түскен сұраныстың нәтижесінде мамық тазалап, тысын тігіп сатуда шығарады. Ал қызы Ажар болса Орал қаласындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебін үздік бағаға тәмамдап, бүгінде Назарбаев университетінің 4 курс студенті. Ол да оқудан қолы қалт еткен уақытта анасына қолғабыс етеді.

Бұл отбасы ауылда тұрып, жандарына жақын кәсіпті серік етіп, өз қалауларынша ауылда өмір сүруде. Үкіметке алақан жаймай отырған отбасы өзге ауылдастарына үлгі болып келеді.

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале