16.11.2022, 11:00
Оқылды: 56

Колледждегі «жұмыс беруші» күні

Сырым колледжінде «Жұмыс беруші күні» ұйымдастырылды. Шараға мекеме басшылары мен кәсіпкерлер жұмыс беруші ретінде қатысты. Қонақтар колледждің оқу кабинеттерімен, шеберханаларымен, зертханаларымен танысты.

12

Әлеуметтік серіктестік жетекшілерімен, колледж педагогтарымен және биыл бітіруші студенттермен дөңгелек үстел өтті. Колледж директоры Санат Берсебаев алғы сөз алып, оқу орнының материалдық-техникалық жағдайы туралы айтты. Әлеуметтік серіктестік жетекшілерін, яғни, асхана, шаруа қожалықтары иелерін жаңа технология, жаңа техника бойынша бойынша тәжірибе алмасуға шақырды. Ауыл шаруашылығы саласының мамандарының жалақысы жайын да қозғады.

9

Айта кетерлік жақсы жаңалық — келесі жылы Сырым колледжіне спорт зал салынады.

Колледж директорының өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Жалғас Жоламановтың мәлімдеуінше, білім ордасын жылына 60-70-тен астам түлек тәмамдайды. Биыл 76 түлек колледж бітірді. Оның 82 пайызы жұмысқа орналасты. Алайда, жұмысқа орналасқандардың көбі — мамандығы бойынша емес, басқа қалаларға вахталық әдіспен жұмыс жасауға кеткендер. Колледж  теориялық оқытудан гөрі, студенттердің іс-тәжірибе жинақтауына аса көңіл бөледі. Мәселен, есепшілерге берілетін теориялық білім — 40 пайыз, ал өтетін машығы білімнің 60 пайызын құрайды. Және студенттерді тәжірибеден өткен мекемесінде қызметке қалдыру — мақсат. Оқу бағдарламасында қатып қалған қағида жоқ, жұмыс берушімен келісіп, қажетті бағытқа қарай дербес бағдарлама етіп өзгертуге болады.

Аға шебер Өтеулі Қонақбаев өндірісте студенттер дағдыны игеретінін, жұмыс беруші ұйым мен жастардың арасындағы кадр даярлау мәселесін шешу — бүгінгі шараның мақсаты екенін айтты. Жұмыс беруші де бірнеше студент тәжірибеден өтетін болса, оның ішінде өзіне қажет маманды таңдап алуға мүмкіндігі барын жеткізді.

Әлеуметтік серіктестіктерді кеңейту және студенттерді машықтандыру базасында студенттерді практикадан өткізу үшін колледж директоры мен әлеуметтік серіктестіктермен екіжақты келісім шартқа қол қойылды. «Ахмамбетов Б» ЖК жетекшісі Бірлес Ахмамбетов, «Жусупов» ЖК жетекшісі Берік Жусупов, «Сырым» МКК директоры Тұрарбек Нұрғалиев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сырым аудандық филиалының директоры Асхат Бисенғалиев, жұмыспен қамту орталығының құрылымдық бөлім меңгерушісі Сәбит Өмірзақов, «Жібек жолы» ШҚ бас инженері Ерген Жұмағожиевтермен келісім шарт жасалды.

10

Колледж директоры Санат Берсебаев Берік Жусупов пен Бірлес Ахмамбетовке алғысхат табыс етті.

Дөңгелек үстелден соң, қонақтар Сырым колледжінің жатақханасының материалдық-техникалық базасымен танысып, кофе-брейкте бас қосты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале