Казталов ауданында табиғи ресурстарды игеру мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты маңызды қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов төрағалық еткен жиындар Ақпәтер және Бостандық ауылдық округтерінде өтіп, тұрғындар көмірсутектерді іздеу жұмыстарына байланысты жобамен танысты.

Қоғамдық тыңдаулардың күн тәртібінде «QazaqGaz Барлау және Өндіру» ЖШС-нің тапсырысы бойынша әзірленген «2025 жылғы 18 желтоқсандағы №5578-UВС келісімшартына сәйкес Саралжын учаскесіндегі барлау жұмыстарының ықпалын бағалау» жобасы қаралды. Жобаны орындаушы – «ҚазНИГРИ» ЖШС.

Кездесулердің басты мақсаты Саралжын жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді іздеу бағытында жүргізілетін жұмыстардың қоршаған ортаға, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына және ауыл шаруашылығы саласына ықтимал әсерін ашық талқылау болды.
Тыңдаулар барысында жоба әзірлеушілері жоспарланған жұмыстардың кезеңдері, олардың экологиялық қауіпсіздігі, табиғатты қорғау шаралары және заңнама талаптарына сәйкестігі жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Аудан әкімі қоғамдық тыңдаулардың маңыздылығына тоқталып, кез келген өндірістік немесе барлау жұмыстары ең алдымен тұрғындардың мүддесі мен экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескеруі тиіс екенін атап өтті.
– Табиғи ресурстарды игеру экономикалық даму үшін маңызды болғанымен, қоршаған ортаны қорғау мен халықтың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы қажет. Сондықтан мұндай жобалар тұрғындардың қатысуымен, ашық әрі жария түрде талқылануы аса маңызды, – деді аудан басшысы.
Бүгінде экологиялық жауапкершілік пен қоғам пікірін ескеру ірі жобаларды іске асырудың негізгі талаптарының біріне айналып отыр. Қоғамдық тыңдаулар жергілікті тұрғындардың ақпарат алу құқығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жобалардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Тыңдау қорытындысы бойынша тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен ескертулер хаттамаға енгізіліп, жобаны одан әрі қарау барысында ескерілмек.
Бекарыс Әбіш