7.02.2022, 18:00
Оқылды: 106

Коммуналдық төлем қымбаттаса, обалы кімге?

Қазіргі таңда халықтың басым көпшілігі айлықтан айлыққа өмір сүріп жүр. Тапқан-таянғанымыз азық-түлік пен коммуналдық төлемге кетіп жатады. Айлық, шіркін, көбеймей, ұзақ уақыт тұрақтап қалады ғой. Ал әлгі екеуі бірінен-бірі озып, қымбаттаған үстіне қымбаттай береді. Қазір жарты жылға мораторий жарияланды, кейін не болмақ?

WhatsApp Image 2022-02-07 at 17.57.07

Коммуналдық қызметтер қатарына жылу, ауыз су және жарықпен қамтамасыз ету жатады. Осы қызметтерді ауданда Казталов ауданы әкімдігінің мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорны, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының Казталов және Жалпақтал газ шаруашылықтары, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-нің Казталов және Жалпақтал филиалы жүргізеді. Олардың атқарған жұмысы біздің төлемімізге де байланысты.

Жыл басында елімізде орын алған саяси дағдарыс кезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бірқатар маңызды шешім қабылдады. Үкіметке жүктелген міндеттер қатарында «Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру» туралы қосымша тапсырмасы тұрды. Осыған сәйкес баға өткен жылдың желтоқсан айындағы бағамен тұрақталған болатын. Бүгінгі таңда көгілдір отынның төлемақысы – 18,99 теңге, жарық бағасы – 17,75 теңге, ал ауыз судың бағасы Казталовта бір текше метрге – 30 теңге, Жалпақтал, Қарасу, Жұлдыз, Жаңажол ауылдарында 40 теңгені құрайды.

Көгілдір отын жеткізілмек

Аудандағы біраз ауыл мен елді мекенде көмірдің орнын көгілдір отын алмастырды. Қазіргі таңда газ бағасы 18 теңге 99 тиынды құрап отыр. Бұл қызметке төлем әуелде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы Казталов газ шаруашылығының «кассасы» арқылы төленсе, бүгінде төлем жүйесі өзгертілген. Демек тұрғындар төлемақы жауапкершілігін өз мойнына алып, «Есепші дұрыс есептемеді», «Ақшаны қалтаға баспақ ниеттесіңдер» деген сынды наразылығын білдірмейді. Төлем жүйесінің өзгергені де тұрғындардың біразын әбігерге салғаны мәлім болды. Себебі смартфондағы қосымшалар арқылы төлем жасаған мезгілде өзге өңірдің бөлімшесіне немесе өзге қызметке қаржы аударғандар саны артып отыр. Казталов бөлімшесінің директоры Әділбек Өтеғуллиннің сөзіне сүйенсек, осы бағытта күніне бір шағым түседі екен.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауданда көгілдір отын бағасы тұрақталған болатын. Сонымен қатар жуырда төлем жүйесіне өзгеріс енгізіліп, тұрғындар түрлі қосымша арқылы онлайн және «Қазпошта» АҚ Казталов аудандық байланыс торабында төлем жасай алады. Дегенмен тұрғындар біздің түсіндіру қызметіне жүгінбей, өз бетінше әрекет етуі салдарынан жасалған төлем тиісті орынға түспей, өзге қызметке аударылуда. Біз тұтынушыларымызға жаңа төлем жүйесі туралы түсіндіру жұмысын жүргізіп тұрамыз. Кеңсемізге келіп те сұрақтарына жауабын ала алады, – деді ол.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы Жалпақтал газ шаруашылығының басшысы да әріптесі айтқан жағдай өз аймағында да орын алып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ басшылар биылға арналған жоспарларын бөлісті.

Жуырда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «AQPARAT» бағдарламасында берілген хабарламаға сүйенсек, елімізде көгілдір отын бағасы төмендемек. Мораторий күшін жойып, баға төмендесе, халық та риза болса керек-ті. Алдағы уақытта Мереке, Саралжын (Бірік

ауылдық округі), Қаракөл, Қызыл ту, Сексенбай, Аққурай, Көпкүтір, Хайруш, Бостандық, Саралжын (Көктерек ауылдық округі), Сатыбалды, Жас, Таңат, Әбіш, Ащысай елді мекендеріне көгілдір отын жеткізу жоспарлануда.

Ауыз суға үнем керек

Қазіргі таңда ауданда ауыз судың да бағасы тұрақты. Баға өлшем бірлігін білу үшін Казталов ауданы әкімдігінің мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорнына бас сұқтық. Мәселенің мәнісін түсінген кәсіпорынның бас бақылаушысы Арсен Молдашев толыққанды мәлімет берді.

– Казталов ауданы әкімдігінің мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорнында ҚР-ның 2018 жылғы 27 желтоқсандағы «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 8-бабы 15-тармақшасына және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 2019 жылғы 15 тамыздағы №1-НҚ бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополиялар комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті, республикалық мемлекеттік мекемесі туралы» ережесіне сәйкес:

1) Казталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне уақытша өтемдік тариф 2021 жылдың 1 тамызынан бастап 2022 жылдың 31 шілдесі аралығында бір адамға берілетін нормалық бір текше метр су үшін 30 теңге, нормадан тыс көп пайдаланған жағдайда қосымша құн салығымен бір текше метр су үшін 435,60 теңге мөлшерінде бекітілген;

2) Казталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Жалпақтал» жеке су құбырын суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне уақытша өтемдік тариф 2021 жылдың 1 тамызынан бастап 2022 жылдың 31 шілдесі аралығында бір адамға берілетін нормалық бір текше метр су үшін 40 теңге, ал нормадан тыс көп пайдаланған жағдайда қосымша құн салығымен бір текше метр су үшін 244,80 теңге мөлшерінде бекітілген. Заңды тұлғалар және басқа тұтынушылар үшін құн салығымен 306,80 теңге мөлшерінде бекітілген;

3) Казталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты Қарасу, Жаңажол, Жұлдыз ауылдарында су таратушы желілер арқылы беру қызметін уақытша өтемдік тариф 2021 жылдың 1 тамызынан бастап 2022 жылдың 31 шілде аралығында бір адамға берілетін нормалық бір текше метр су үшін 40 теңге, ал нормадан тыс көп пайдаланған жағдайда бір текше метр су үшін қосымша құн салығымен 230,22 теңге, соның ішінде тұрғындар үшін 230,22 теңге, заңды тұлғалар және басқа тұтынушылар үшін 389,45 теңге мөлшерінде бекітілген, – деді.

Ауыз суға қатысты мәселенің бірі – таза ауыз суды шаруашылыққа пайдалану. Бұл тағы бір мәселенің, яғни техникалық су қажеттігін айқындап тұрғанымен, техникалық суы бар аймақтарда да таза ауыз суды тиімсіз пайдаланып отырған жандар бар. Салдарынан қаншалықты көп мөлшерде су пайдаланылса, өтемақысы да соншалықты арта бермек. Сонымен қатар табиғи ауыз судың қоры да таусыларын түсінгеніміз жөн.

Электр желілері жаңартылмақ

Аудандағы басты мәселенің бірі – жарықтың болмай қалуы. Бұл мәселеге аудандық мәслихат депутаттары Рауан Бақтығалиұлы мен Гүлбарам Елтайқызы да баса назар аударды.

«10.09.2021 жылы Рауан Бақтығалиұлы және мен жоспарымызға сай Қараөзен ауылдық округіне қарасты Серiк, Жаңажол ауылдық округіне қатысты Көмекшi, Әбiш елдi мекендерiне барып қайттық. Мақсатымыз – ауыл тұрғындарымен танысу, халықтың көкейiнде жүрген мәселелерін тыңдап, шешiмiн табуға атсалысу. Елдi мекендердегi басты мәселе – электр бағаналарының ескiруi, заманауи стандартқа сай келмеуiне байланысты жарықтың жиi өшуi. Бұл тек бiздегi емес, мемлекет көлемінде үлкен жұмысты талап ететін шаруа.

Екiншi мәселе – электр мамандарының тапшылығы. Ұсыныс – жергілікті тұрғындарды тегiн кәсiптiк бiлiммен қамтамасыз ету», – деп жазды Гүлбарам Лұқпанова өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Депутаттың жазбасында көптеген дүниенің беті ашылды. Шын мәнінде ауданда электрик тапшы. Қос филиалда да бір маманнан ғана бар. Олар халық үшін уақыт және ауа райымен санаспай қызмет етуде. Жалақылары да мардымсыз.

Жарықтың төлемақысы қазір 17 теңге 75 тиынды құрап отыр. Бұл баға да мораторий алынған соң құбылуы әбден мүмкін. Оның үстіне батыс өңірлердің әлеуметтікэкономикалық дамуының кешенді жоспары талқыланған Үкімет отырысында 2025 жылға қарай Батыс Қазақстан облысы бойынша екі мың шақырымнан астам электр желілері жаңғыртылып, 38 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, шамамен 2,1 трлн. теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов батыс өңірлердің әкімдеріне халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану қажет екенін ескертті. Осы бағытта ауданымызда да биылдан бастап электр бағаналарын жөндеу қолға алынбақ.

Коммуналдық төлем бағасы әзірге тұрақты. Дегенмен, Мемлекет басшысы бекіткен мерзім аяқталған соң не болары белгісіз. Көгілдір отын бағасы төмендейді деп ұлттық арна жар салды. Ауыз судың қымбаттап кетуі өзіміздің мақсатты пайдалануымызға байланысты. Электр бағаналары ауыстырылар болса, жарықтың құны да көтерілуі ықтимал. Бұл тек болжам ғана. Не болса да бірге көреміз-ау. Әйтсе де коммуналдық төлем қымбаттаса, обалы кімге?! Халық үшін әрекет қылған билікке ме, әлде үнемді ұмыт қалдырған халыққа ма?!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале