25.02.2021, 13:57
Оқылды: 74

Көне шаһардағы шуақты тірлік

Хан ордасы! Бұл – тұңғыштар  отаны, тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары қанат қаққан жер. Осы бір аядай ауылдың, яғни Бөкей ордасының құрылғанына наурыз айының 11 жұлдызында 220 жыл толады. Тамыры тектілікпен жалғасып, тарихы тереңге бойлаған осынау көне шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, шаруа халі қалай?

B5078B77-2350-4ADF-A0DE-62EB70C7E527

Жалпы, бұл округтегі халық саны – 3070 адам. Жер көлемі 327990 гектарды құраса, соның 225200-і әскери сынақ аймағы, 16405-і орман алқабы, ал қалған 86385-і ғана ордалықтар иелігінде. Дүйім жұртты аяғынан тік тұрғызған аты жаман кеселдің бұл ауылды да сырт айналмағаны және айқын. Сол кезде әкімі бастап, жалпақ жұрты қостап, мұқтаж жандарға 1 млн 730 мың  теңгенің көмегі көрсетіліпті. Осынау сын сағатта соңғы жылдары өмірге келген волонтерлік қызметке 60 ерікті  тартылып, олардың үлкен-кішісі бірдей адалдық пен адамдықтың асқақ үлгісін танытқан. Мұның бәрі тінін үзбеген тәлімді тәрбие мен киелі топырақтан дарыған қазақы дархандықтың айқын көрінісі деп ұқтық.

- Құм Нарынды қоныс еткен ағайынның басты күнелтісі – төрт  түлік. Шүкір, бүгінде қорасынан өріске мал өргізбейтін адам некен-саяқ. Өткен жыл қорытындысы бойынша округте – 22686  ірі қара, 10265 қой-ешкі, 7820 жылқы және 779 түйе есепке алынды. Бес шаруа қожалығы етті бағыттағы қазақтың ақ бас сиырын өсіріп отыр. Сол шаруашылықтардың бірінде асыл тұқымды көшім жылқысы мен айыр өркешті түйе және бар. Шаруа баққан қыр қазағының қай-қайсысы да мал басын асылдандыру мәселесіне жіті көңіл бөлуде. Айта кетелік, өткен жылы округімізде 927 тонна ет өндіріліп, ол 1 млрд. 260 млн. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 905 тоннаға орындалып, қаржы көлемі 1 млрд. 086 млн. теңге болған-ды. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей, шаруа жайы өрісті болғаннан кейін тұрмыс та келісті болуы заңдылық қой. Қысқы орындардағы әсем үй, соны үлгідегі жиһаз, келісті көлік өз алдына, соңғы кезде заманауи ауыл шаруашылығы техникалары да алына бастады. Мәселен, үш шаруа қожалығы құны 22 млн. 669 мың теңгені құрайтын су жаңа үш МТЗ (80-82-920) тракторына қол жеткізсе, мұның сыртында жартылай лизингке екі шөп буу (руллон) агрегаты мен өзге де шаруашылық техникалары сатып алынды. Бұған қоса, өткен жылы 16 шаруа қожалығы күн батареяларын орнатқаны үшін 48 млн. 260 мың теңге мемлекеттен демеуқаржы алса, ұңғыма құдық қаздырған екі қо-жалыққа да 1 млн. 024 мың теңге төленді, - деген ауыл әкімі Медет Сисенов сөзінің соңында тек былтырғы қуаңшылық жеткілікті мал азығын дайындауға мүмкіндік бермегенін айтты. Табиғат тосын мінез танытып, сындарлы шақтың арты ұзап кетпесе, қыстан қысылыс бола қоймас деген ойын да жасырып қалмады.

Иә, облыс орталығынан қия бір шетте жатса да, Орда ауылы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі ешкімнен кем емес. Тұщы суын Жаратқан ием ешкімге алақан жайдырмай, өз жерінің астынан берсе, бұл өңірге көгілдір отын жеткелі де бір онжылдық артта қалды. Сондай-ақ округ аумағында дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік пункт, мәдениет үйі, клуб, балабақша, спорт кешені, модульді екі кітапхана, орман шаруашылығы мекемесі, өрт сөндіру мен пошта байланыс бөлімдері тұрақты жұмыс істейді. Исі қазаққа аты мәшһүр қара шаңырақ – Жәңгір хан атындағы орта мектеп және бар. Мұны ерекше айшықтап отырғанымыз, бұл іргелі білім ұясының негізі қаланғанына биыл 180 жыл толады. Осы мерейтой аясында аталмыш орта мектеп пен осындағы жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу бағытындағы жұмыстар да қолға алыныпты. Енді осы бір киелі топырақтың мерейін асырып, мәртебесін биіктетіп тұрған мұражай - бөкейордалықтардың ғана емес, күллі облысымыздың мақтанышы. Көгілдір көктемнен қара күзге дейін мұнда келетін туристер легі бір үзілмейді. Олардың қатарында өз еліміз түгілі, таяу һәм алыс шетелдерден келетін меймандар да бар. Саяхатшылар жыл он-екі ай да келер ме еді, әттең, 550 шақырымдық сол баяғы қара жолдың қиындық-кедергілері болмаса... Мұнда Бөкей хандығының тауқыметті тағдыр-тарихы мен осы топырақтан шыққан аттары өлмес небір алыптарға қатысты деректер мен дәйектер, жан толқытқан көне жәдігерлер мен шежіре-тілектер көздің қарашығындай сақталған. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың табаны екі рет тиген хан зиратындағы көрікті кесенелер де көпшіліктің назарында. Соңғы жылдары мұражай атауы Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографикалық музей-қорығы болып өзеруі де біраз жайды аңғартса керек. Әрі жыл санап туристер толқынының үдей түсуі, ауылда қонақүй бизнесінің қанат жаюына да жол ашқандай. Осы  мақсатта бір адам 3 млн. теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа қол жеткізіпті.

О бастан береке-бірлігі ұйыған қасиетті топырақта өз жолын тапқан саланың тағы бірі – шағын және орта бизнес. Соңғы кездегі түрлі шектеу шаралары олардың жұмысына  өз салқынын тигізгенімен, қол қусырып, қарап отырған ешкім жоқ. Қазіргі таңда мұнда  50 бизнес нысаны тіркелсе, оның ішінде 25 дүкен, бір кафе, бір тойхана, бір мейрамхана бар.

Екі шаштараз, бір дәріхана, бір стоматология да халық сұранысына сай қалыпты қызмет атқаруда. Осы жерде пластикалық терезе дайындау мен дөңгелек жөндеу цехтарының және жанар-жағармай бекетінің жұмысына да ауыл адамдары дән риза екендіктерін айта кеткен артық болмас.

Иә, ауыл – алтын бесік! Қаймағы бұзылмаған қазақылық пен қанағатшыл қоңыр тірлік те сол жерде. Ал жоғарыда айтқан, тұңғыштардың отаны саналатын Хан ордасының жөні тіптен бөлек. Медет әкім таяу күндері ауылдың бас жоспары жасалып бітетінін де айтып қалды. Қанатыңды кеңге жайып, бабалар аңсаған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық торқалы тойына толағай табыстармен жет, кәрі Орда!

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале