13.04.2022, 12:30
Оқылды: 62

Көңіл бөлгеннен артығы жоқ

Жуырда ауылшаруашылық саласының ардагері Батыр Ялпақов 90 жасқа толды. Мерейтой иесін Тасқала ауданы әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков құттықтады. Тоқсанның төріне қадам басқан Батыр Жұмағазыұлына жылы лебіздерін жеткізді. Ауданда абыройы биік тұлғаның алдымен иығына шапан жауып, құрметін көрсетті.

Құттықтау фото Ата Тасқала

«Сізді 90 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылық саласында еңбек етіп, ауданның экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеруде зор еңбек еттіңіз. Қай жұмыста да шебер ұйымдастырушы, білікті маман екеніңізді таныта білдіңіз. Сiз қажырлы еңбегіңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына қомақты үлес қостыңыз. «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел», – деген сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, алдағы уақытта ағайын-туыс ортасындағы алтын көпірдей қадірлі қалпыңызды сақтап жүре беріңіз! Бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, қажымас қайрат тілеймін!», - деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Одан әрі сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Абуғалиұлы мерейтой иесіне жылы лебізін жеткізіп, ыстық ықыласын білдірді. Мерейтой иесі Батыр Ялпақов көрсетілген құрметке өзінің ризашылығын білдіріп, келген қонақтарға ақ батасын берді.

Айтып кетсек, Ялпаков Батыр Жұмағазыұлы 1932 жылдың 10 сәуірде Тасқала ауданы Черная-падина ауылында дүниеге келді. 1939 жылы Черная-падина ауылында мектеп табалдырығын аттайды. 1946 жылы Кулаков совхозында 5-7-сыныпты үздік аяқтайды. Сол жылдың 13 желтоқсанынан бастап, Черная-падина ауылында жұмысқа орналасады. 1948 жылы «Управления подготовка кадров массовой квалификаций школы механизаций» мамандығын оқып, 1949 жылдың 23 наурызында оқуын ойдағыдай аяқтап, қызыл аттестатын алады. Содан бері 1949-1953 жылдары арасында механизатор жұмысын атқарды. 1953 жылы Назым әжемізбен отау кұрады. Сол жылы тамыз айында Совет үкіметінің армия қатарына шақырылып, 1956 жылы Совет үкіметінің Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Әр жылдары 1981 жылы мастер-наладчик, 1987-1992 жылдар аралығында Черная-падина ауылында ауыл шаруашылығының меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 1992 жылдан бастап зейнеткерлік демалысқа шығады. Қазіргі таңда Батыр атамыздан тараған алты ұл, жнті қыз бар. Алты ұлдан 11 немере, 11 немереден 22 шөбере, екі қызынан алты жиен,  алты жиеннен 11 жиеншар тараған.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале