27.10.2023, 16:15
Оқылды: 127

Көпбалалы аналар сынға түсті

Бәйтерек ауданының Белес ауылында «Асыл ана – 2023» атты көпбалалы аналар байқауы өтті.

Бк (2)

Онда Рубежин, Қайнар, Мичурин, Достық, Үлкен Шаған ауылдарынан келген және белестік көпбалалы аналар бақ сынады.

Байқау халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі арқылы ұрпақ тәрбиесін, ана мен баланың арасындағы сыйластықты нығайту, көпбалалы аналардың мәртебесін ардақтауды мақсат тұтты. Өнер сайысына аудандық аналар кеңесінің төрайымы, «Ару Ана» әжелер ансамблінің мүшесі Әлия Кеңесова, аудандық мәдени-демалыс орталығының бөлімі меңгерушісі Амангүл Намазова, «Шың» сазды-драма театрының басшысы Кенесары Болғанбаев қазылық етті.

Бк (3)

Бірінші кезеңде аналар өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырған соң, «Өнерім саған туған ел» бөлімінде жанды дауыста әуелете ән шырқап, би биледі. Үй тапсырмасына ұлттық тағам үлпіршек, әсіп, бауырсақ, қатық, құрт пен ірімшік, дәмі тілүйірер тәтті бәліш дайындап әкеліп, көрермен назарына ұсынды. Ал «Ине-жіптен игілік иіремін» кезеңінде аналар қолөнерден де алыс емес екендіктерін байқатты. Берілген құралдардан аз уақыт ішінде бірі кеудеше, гүлді шаш буғыш, енді бірі тұмар секілді бұйымдар жасады. Көрермен экраннан көрсетілген бейнероликтен аналардың үлкендерге деген ізетін, балаларына мейірімділігін, ерте тұрып сиыр сауған, үй-ішіндегі тірлігін, яғни қабырғаларды сылап, түсқағаз жабыстырғанын көріп, риза болысты.

Бк (4)

Қатысушылар арасында үй шаруасы мен жұмысты қатар алып жүрген де, үйде отырып, қазақы нақышта түрлі киім, бұйым жасап, табыс тауып отырған аналар да болды.

Жан-жақты дайындығымен келген олар көпшілкке керемет көңіл-күй сыйлай білді.

Бк (5)
Тартысты өткен байқау нәтижесінде бас жүлдені Белес ауылдық округының намысын қорғаған төрт баланың анасы Гүлдана Айтқалиева жеңіп алды. Ал 1-орын достықтық Лунара Шукуловаға, одан кейінгі орындар мичуриндық Гүлдәрия Бержановаға мен Үлкен Шағандық Аида Қанатоваға бұйырды. Ал аспаз әрі сылақшы ретінде танылған рубежиндік Нұржауған Наурзалина «Бес саусағынан бал тамған ана», Қайнар ауылындағы мектеп зертханашысы Әлия Жалмағамбетова «Шебер ана» аталымдарымен марапатталды.

Барлық қатысушыға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.

Бк (1)
Сайыс соңында Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісова жеңімпаз атанған аналарды құттықтап, іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған «Арыстанов» шаруа қожалығының басшысы Әзілхан Арыстановқа алғыс білдірді.
- Құрметті аналар! Сөзімізді жерде қалдырмай, алыс жолдан келіп, қатысқандарыңыз үшін көп рахмет! Сайыс көрермендердің көңілінен шықты, қызықты да тартысты өтті деп ойлаймын. Жарыс болған соң жеңіліс те жеңіс те болады. Бәріңіз көп бала тәрбиелеп отырған батыр анасыздар. Сіздерге тек жақсылық тілейміз! Дендеріңіз сау, қуанышты күндеріңіз көп болсын, - деді Бақытгүл Батырбекқызы.

Нұрсәуле Әбілпейісова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале