26.10.2021, 10:51
Оқылды: 215

Қорасын малға, тоғанын балыққа толтырған шаруа

Қазбен қосып балық баққан шаруа жігіт Ардақ ауылдық округінде тұрады. Нәпақасын ауылдан, туған жердің төрінен тауып, еңбегінің өнбегін көріп отыру оған нәсіп болған. Осы жерде туып өсіп, өзі де артынан ерген ұрпағының ертеңін жасап отырған азамат. Аты-жөні Нұржан Лесов.

2222

Тай-құлындай тебісіп өскен біршама құрдастары мен достары ауылдан қалаға бет бұрғанда, Нұржан ауылда қалуды жөн көрді, ауылында еңбек етті. Алдына мал салып, оны жылдан-жылға көбейтіп, ет және ет өнімін өндірумен айналысты. Шаруашылығын өркендету үшін Үкіметтің де көмегіне жүгінуден бас тартпады.

«Президентіміз, Қ.Тоқаевтың халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, басты назарды ауылға аудару, экономикаға үлес қосқан шаруалардың жағдайына ерекше көңіл бөлу қажет. Ауылдағы шаруалар таң атқаннан  кеш қарайып, күн батқанға дейін  тынымсыз еңбек етеді. Әйтсе де, мал бағып, егін салатын ауылдықтар, шағын қожалық иелері кей жағдайда мемлекет тарапынан берілетін көмек-қолдаулардан қалыс қалып жатады. Немесе бастан асатын жұмыстарынан бас көтермей жүріп, қағаз, құжаттарға уақыт таппай жатады. Сол себепті шаруалар арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қолдан келгенше құжаттарын әзірлеуде біз әрдайым күш салудамыз. Біздің тарапымыздан қолдау көргендердің бірі осы Нұржан Лесов»,-дейді аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Бақтығали Нармағанбетов. Шаруақор жанның айтуынша, мемлекеттен лизингке алынған екі техникасының да бүгіндері қарызын жауып болыпты. Жаңа техниканың аты жаңа, жұмысының өнікті болуына  үлкен септігі тигенін де жасырмайды.

«Жайдар» шаруа қожалығын ашқалы  ілкімді істері де көп болыпты. Мысалы, сол округтің  иесіз қалған тоғанына  көп еңбегі сіңген. Су қоймасының күндердің күнінде қажеттілігі  еселеп туындайтынын  ескеріп, көктем сайын су жинауға бар күшін салған. Қажетті  техникаларды жалдап,  өз техникасымен апталап жұмыс жасап, біраз су жиыпты. Мал суаруға пайдаланып қана қоймай оны тағы бір іске жаратқан. Ең алдымен жан-жағын бүтіндеп, жөндеу жұмыстарын жүргізген, толқынға шайылатын жағалауларын да материалдар сатып алып, бекітіп  тастаған. Онымен тоқтамай  көлемді қаражат шығындап,  сонау  Оралдағы балық цехынан 4500  дана балық әкелген. Бүгінде сол тоғанда сары алтындай бұлқынған балықтар сайран салып, ауға түскені шыңғырлаулықтардың  ас мәзірін байытқан жәйі бар.

- «Тегін асқа тік қасық» жандарды ұнатпаймын, өз еңбегіммен өсірген балықты да ермек үшін аулатпаймын, - дейді тоғанның қожайыны Нұржан. Тоған айналасында күндіз күн сәулесінен  қуат алып, түнде айналаны жарық қылатын шамдар жағалай орналастырылыпты. Мүмкін бұнысы да дұрыс шығар, себебі бұған дейн қараусыз қалған тоғанды жөндеуге Нұржанның 2 миллионнан артық қаражаты шыққан. Демек, тоғанға салған шығын өзінен болғандықтан, оның өзі өсірген балығына иелік етуге де толығымен құқығы бар деген сөз. Әйтсе де қиын жағдайда келіп, алақан жайғанның, сұрағанның қолын құр қайтармайды екен.

20

Бір қызығы сол, толқындап, арнасы толған су бетінде  жүзден аса аппақ қаздар қалқып жүр. «Су астында балығы тулап, ал үстін құстары шарлап» - деген сөз тіркесі еріксіз тілдің ұшына оралады.

Тумысынан мінезі тік Нұржан балаларына дегенде көңілі көктемнің самалындай жұмсақ. Кішкене кездерінен еңбексүйгіштікке баулу да бар. Жұбайы Әсел балабақшада қызмет жасайды.

Шаруаның қазіргі таңда 300-дей жылқысы, 300-ге жуық ұсақ малы және 100 жылқысы бар. Қыс мезгіліне қыстағы да, қысқы мал азығы да молынан жиылған. Ет өндіру үшін мал басын асылдандыруды жақсы жолға қойған. Ресейден екі дүркін ангус, герофорд тұқымды ірі қарасын сатып  алған. Жақында ғана «Кублей» ЖШС-на 46 бас ірі қара тапсырған. Шаруасын шаруалап, төрт түлік малдың, әрі құстың да бабын тауып отырған жігіт енді балық шаруашылығын дамытуды қолға алған.

Тек, өкініштісі сол, балық шаруашылығына берілетін субсидияға әлі қолы жетпеген. Себебі, бар уақытын сарп етіп, тіпті  миллиондап қаражат құйған тоғанның құжаттарын жасау қиынға соғыпты. Шама келсе, тоғанды үлкейтіп, айналасын көркейтіп, тіпті  тал-терекпен де көмкеру жоспарында бар. Тек Президентіміз  айтқандай, қолдау-көмек болса дейді.

Шаруа Нұржанның тоғанына барғанда, олардың балық аулаған, тордан бұлқынған сазандарды жинаған уақытына кез келдік. Көлемі бірдей, әр біреуі келіге жуық семіз балықтарды көріп, арнайы қорегі бар ма деп сұрадық.   Сұрағымызға жымиып тұрып, үнсіз қалуды жөн көргенін сезіп, біз де оны қыстамадық. Әр бизнестің өзіне тән құпиясы болуы керек шығар деп ой түйдік. Толқындаған тоғанның тулаған балығын аулап, күн ара  20  килодан әкеп, сауда нүктелеріне 1000 теңгеден тапсыратын Нұржанның балығын біз бүгінде 1500 теңгеден алып отырмыз.

Иә, әсіресе қазіргі жағдайда күнделікті тағамға балық етін тұтыну қажет-ақ. Әсіресе балалар үшін. Тіпті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағамдарының санатына кіргізу қажет те десек артық емес. Ал Нұржанның тоғаны келер жылы тағы да май шабақтарға толмақ. Демек, бұл да аудан экономикасына қосар үлестің аз да болса бір бөлшегі болмақ.

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале