8.04.2021, 15:56
Оқылды: 87

Көрерменнің орны бөлек екен

Әлемді жайлаған індет өмір сүру қалыбымыз бен дағдымызды өзгерткені анық. Соның ішінде мәдени, рухани тұрғыдан тынысымыз тарылып, онлайн-шаралармен шектеліп қалғаны да ақиқат. Бұрын күштеп жинайтын концерттерге енді шақырса, бәрін тастап шаба жөнелер едік. Өйткені, жанды әнді, оны орындайтын әншіні, қарапайым баланың барын салып өлең оқығанын сахнадан көрген күндерді сағындық.

6A421EC9-C39A-4CA7-8712-0A2D0E8196F6

Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері де өз көрермендерін сағынды. Олар жұмыстан қол үзбей, талай шараны онлайн ұйымдастырса да, «көрерменнің орны ерекше» дейді.

Өткен аптада Күлкі күніне орай аудандық халық театры «Қиқарлар» қойылымын сахнаға шығарды. Талай беделді сахнаның көркіне айналған атақты осетиндік драматург Георгий Хугаевтың «Андро мен Сандро» пьесасының (қазақша аударған режиссер Мұқанғали Томанов) бұл біздің ауданда алғаш рет қойылуы.

1A7C0D30-9F2F-48C2-BC7C-C285E7B12CDD

Спектакль режиссері әрі басты рөлдің бірін (Сандро) сомдаған мәдени-демалыс орталығының жас маманы Арман Шыңғали керемет көрініс ұсынды. Шағын ғана қойылымды мәнді де сәнді етіп әрлеген Арманның еңбегімен көрермен де таныс болсын, біраз ақпарат бере кетейін. 25 жасқа енді толатын жасындай жарқыраған өнерлі жігіт – Қазталов   ауданының тумасы. Кейін ауданымыздың Бударин ауылына көшіп келіп, мектеп бітіргесін Орал қаласындағы Құрманғазы  атындағы саз колледжінің «режиссер-актер» мамандығына түсіп, оны ойдағайдай тәмамдапты.

Өз ісіне деген сүйіспеншілік әрқашан ізденіспен көрінеді ғой. Арман колледж қабырғасында жүріп, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрда  түрлі қойылымдарға қатысып жүрген. 2017 жылы жас театрлар  арасында өткен республикалық  театр байқауына өзі білім алатын  колледж атынан қатысып, «Қасқыр  адам  – Маугли» атты әпсана спектаклімен бас жүлдені иеленіп, «Үздік ер адам бейнесі» аталымымен марапатталды. Ол осыған дейін Теректі аудандық «Дат» театрының  режиссеры  болып, көрерменіне бірнеше спектакль ұсынып үлгерген.  Былтыр аудандық дәстүрлі «Жастық жігер» фестивалінде  «Үздік жас өнерпаз – 2021» аталымына ие болды. Арманға өнерпаздық қанмен берілгенін де айта кету керек. Әкесі марқұм түрлі музыкалық аспаптарда ойнаса, анасы Анар – будариндік «Жайдарман» әжелер ансамблінің жетекшісі.

Енді қойылымға оралайық. Басты кейіпкер Андро (Қанатқали Оңғар) мен оның әйелі Маргоның (Гүлжамал Қайбалиева) үйлерінің арасында қақпа жоқ байырғы көршісі Сандро арасында өрбиді. Қулау келген Андро сәл ашуланса, қолына арқан алып, үйлерінің арасын бөлуге кірісетін аңғал досының ашуына тиісе жүре, оған жар іздеген көршілер туралы қойылым әсерлі шықты.

- Шіркін көрерменнің орны бөлек қой. Залдағы риза көрерменнің ду қол шапалағын есту, олардың эмоцияларын сезінуге не жетсін. Әртістің қанаттанып, шабыт алуына көрермен ерекше әсер етеді. Көптен ұсынғым келіп жүрген, бәлкім шектеулер бітіп, осы залда қауышуға жазар деп күтіп жүргем. Болмады. Жоспарлар бар, алла қосса пандемия біткесін әлі талай қойылым ұсынамын, – дейді Арман.

Барлық кейіпкер өз рөлдерін жақсы көрсете білді. Соның ішінде Қанатқали Оңғар өзіне жүктелген басты рөлді толық ашты. Сондай-ақ осы пьесадағы Кошёр кейіпкерін сомдау міндеті жүктелген Анель Жолдастың да актерлік шеберлігін айта кеткен жөн. Ол Құрманғазы саз колледжінде «актер» бөлімінің ІІ курс студенті.

Аталған көршілер хикаясында мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері Дудар (Әділжан Елешев), Бибо (Қайсар Биғали) рөлінде қызықты оқиғалар арасынан табылды.

Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале