16.05.2022, 10:00
Оқылды: 150

Қоржында 17 жүлде бар

13-15 мамыр аралғында Қарағандыда спорт шеберелері (ардагерлер) арасында самбодан ел чемпионаты өтті. Жарысқа республикамыздың барлық өңірінен 357 балуан қатысты. Бұл сайыста 26 спортшы облысымыздың намысын қорғады.

IMG-20220516-WA0017

- Жеті жас санаты, алты салмақ дәрежесі бойынша өткен бұл чемпионатқа облысымыздың балуандары жақсы дайындықпен барды. 26 балуанның 17-сі қоржынға жүлде салды. Оның 5-і алтын, 3-і күміс, қалғаны қола. Негізі одан көп жүлде алуға мүмкіндік болды. Бірақ бізге бұйырғаны осы,- деді БҚО-ның самбо күресі бойынша спорт шеберлері командасының аға бапкері Қазболат Құрмашев.

IMG-20220516-WA0016

Айта кетейік, бұл чемпионатта Қазболат Құрмашевтің өзі де белдесті. Самбодан ардагерлер арасында әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып саналатын ол 60-64 жастағылар санатында 71 келі салмақта топ жарды. Ал БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров 55-59 жастағылар арасында +98 салмақта күресіп, күмістен алқа тақты.

IMG-20220516-WA0020

Екінші орын алғандардың ішінде Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов те бар. 55-59 жас аралығындағылар санатында 88 келіде күрескен ол мұндай сайыстарға тұрақты түрде қатысып келеді. 2013 жылдан бері 8 мәрте қатысып, құр қол қайтқан кезі болған емес. Яғни облыс құрамасының қоржынына 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль салды. «Биыл да аталмыш чемпионатқа да жақсы дайындықпен бардым, - дейді Тілек Насырұлы. - Ақтық сында өте тәжірибелі, әлем чемпионы болған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алматылық Қуанышбек Наханов деген балуанмен белдестім. Бірақ одан айламды асыра алмадым. 3-1 есебімен жеңіліс таптым. Бұйыртса, келер жылы бас жүлде алуды мақсат тұтып отырмын».

Аталмыш сайыста өнер көрсеткен бәйтеректік тағы бір балуан Алмас Ихсанов көпшілікке грэпплингші ретінде танымал. Аталмыш спорт түрінен екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып танылған ол қазір грэпплингтен БҚО-ның аға бапкері. Ол бұл чемпионатта 45-49 жас санатында 64 келі салмақта боз кілемнің шаңын қағып, қола медаль еншіледі.

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале