24.08.2022, 15:35
Оқылды: 58

Қос ғасырды жалғаған сәулелі ғұмыр

Қазақ халқы ықылым заманнан әйел затының қадірін ұғынып, құрметтей білген. Отбасының ұйытқысы бола білген нәзік жандылардың ел басқарғаны да, елінің ақылшысы болғаны да тарихтан белгілі. Кешегі Томирис пен Домалақ аналардың үлгісін көрсетіп жүрген заманымыздың ақ жаулықтылары да бар. Әйтсе де қос ғасырда ғұмыр кешу екінің біріне бұйыра бермес бақ.

20220820061553_IMG_5377

Жуықта Казталов ауданына қарасты Қараоба елді мекенінде торқалы тоқсанға келген ана мерейтойының куәсі болдық. Заманында көпке үлгі боларлық өнегелі ізін қалдырып, ұрпағын да адалдық пен еңбекке баулып жүрген Сәуле Мұқанәліқызының ғұмыры сахнада бейнеленіп, бүгінгі ұрпаққа ой салды. Қараобалық өнерпаздардың сомдауындағы сахналық қойылым қос ғасырды жалғаған саналы ғұмыр иесінің бала шақтан бастап, отанасынан ел анасына айналған кезеңдерінен сыр шертті. Жапырағын тереңге жайған бәйтерек іспеттес ананың қарттық кезеңі де өнегеге толы болып, ақ батасымен елінің, әулетінің мерейін үстем қылып жүрген кезі де қойылымнан көрініс тапты. Елі ардақтаған асыл ананы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұқанғали Бектілеуов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева арнайы құттықтап келіп, аудан әкімі Рүстем Зұлқашевтың және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуовтың алғысхатын табыс етті. Қараоба ауылдық округінің әкімі Жалғас Сүндетов, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының директоры м.а. Руслан Жұмағұлов та Сәуле анамызды мерейтойымен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.

Қойылым соңында сахна төрінен орын алған ұрпақтары оның өнерін жалғап, ұлттық өнерді дәріптеп жүрсін деген мақсатпен округ орталығындағы білім ордасына заманауи тігін машинасын сыйға тартты. Батагөй, дана әже халыққа ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді. Қойылымнан тыс ауыл өнерпаздары, әжелер ансамблі және әжеміздің ұрпақтары әннен шашу шашып, көпшілік ықыласына бөленді. Сондай-ақ жиылған жұртшылық қылқалам шеберлерінің кейіпкерімізге арналған туындылары мен қыздары мен келіндерінің қолөнер туындылары жинақталған көрмені тамашалады.

ХХ ғасырдың 32-ші жылының 20 қыркүйегінде Жаңабай елді мекеніндегі тракторшы, жергілікті фермер меңгерушісі Мұқанәлінің шаңырағында сәбидің үні жаңғырып, Трамвайдың артынан кесте тігер қыз бала дүние есігін ашты. Бұл Сәуле еді. Мұқанәлі мен Бәтиманың тумысынан болмысы бөлек болған қос ұлдың ортасындағы еркесі бала кезден алғыр, тілалғыш, қамқор болып өсті. Аты өшкір соғыстың оты тұтанбағанда білімді де толық алар ма еді, кім білсін. 4 сыныптық білім алып, еңбекке ерте араласып, колхоздың ыңғайы келген жұмысын атқара берді. Анасының қолқанаты болған ол фермада сиыр сауып, науқан уақытында шөпке де шығып, масақ жинаған. «Ана көрген тон пішер» дегендей Сәуле анасынан киіз басу, тоқыма тоқуды, әкесінен ілмекпен тоқуды үйренген. Қолөнерді ермегіне емес, кәсібіне айналдырып, қара бастың қамын ойламай, көпшіл болуға, қайырымдылыққа тәрбиелеген әке мен ананың тәрбиесін бойына сіңіріп, майданда қан кешіп жүрген сарбаздарға шұлғы, қолғап, кеудеше тоқып жіберіп отырған. Тұлымы желбіреген бойжеткен ауылда киіз басу, жүннен көйлек тоқуға да өзінің үлесін қосты. Бала кезден еңбекпен тәрбиеленіп, бала болып асыр салып ойнамаған ерке қыз есейіп, бой жетіп, 1952 жылы механизатор, қолы шебер ағаш ұстасы Сармалаев Мұхамбетжанмен бас қосып, анадан ерте айырылған Марфуға, Жұмағұл, Жұмат есімді балаларға пана болып, ана атанды. Құрсағы кеңіп, омырауы езілмеген бойжеткен үшін бұл үлкен жауапкершілік болғанымен, сынаққа мойымай анадан үйренгенін, ененің ақыл-парасатымен балаларға аналық мейірімін төгіп, туған аналарының орнын жоқтатпады. Сәуленің үлкен қадамы, өз қолынан шыққан туындылары халық арасында лезде тарап, «Шіркін-ай! Сармалай қарттың келіні тоқыған шілтерді айтсаңшы» деп таңдай қағып, тамсанғаны тағы бар. Бұған масаттанбаған келіннің өнері мен әрекеті көпке үлгі болды. Жолдасы екеуінің іскерлігі отбасының өмір сүру үрдісін қалыпқа келтіріп, таршылық көрмеді. Кейін шаңырақта тағы 4 ұл мен 2 қыздың үні естіліп, 9 баланы тәрбиелеп, оқытып, өмірге бейімдеген. Ана Сәуле атанған жан саналы ғұмырында ұжымшарда, Қараоба мектебінде от жағушы, кейін мектеп жанындағы интернатта еден жуушы қызметтерін атқарып, зейнетке шыққан. Зейнет жасында да еңбекке еті үйренген ақ жаулықты ана жүн жуып, төсекше, көрпе жасап, жүннен шұлық, қолғап тоқып, киіз басып, ауыл тұрғындарын қажеттіліктерімен қамтамасыз етсе, екінші жағынан отбасына кіріс әкеліп отырды. Пұлға құнықпай, өнерін қайырымдылыққа да сарп еткен. Оның бұл ісін ауылдастары да тамсана, мақтана айтып жүр.

-Сәуле апаның ғұмырдерегімен таныссаңыз адами қасиеттерінің мол екендігіне көз жеткізесіз. Ол атақ, абыройымен мақтанбай, ұрпағы мен халқына қарапайымдылықтың үлгісін көрсете білді. Қайырымдылықпен де айналысып, ауылдағы балаларға жылы киім-кешектер тоқып беріп жүрді. Ауылымызда мешіт бой көтерген уақытта діни ғимаратқа 13 көрпе тарту етті. Анамыздың тоқыған киімдері, өзге де заттар ауылдағы әр шаңырақта бар десек артық айтқандық болмас. Тек кәсіппен айналысып қана қоймай, даулы мәселелерге араласып, ақылын айтып, еліне батасын да беріп жүр, - деді ауыл тұрғыны, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназияның физика пәнінің мұғалімі Гүлшат Саматқызы.

Сәуле Мұқанәліқызы тылдағы еңбегі үшін Ұлы Жеңістің 50, 55, 60, 65, 70 жылдығы медальдарымен, ауылдық округ, аудан әкімдерінің алғысхаттарымен марапатталды. 2008 жылы «Хабар» телеарнасының «Өмірге құштарлық» бағдарламасына деректі фильмге түсті. Ол туралы облыстық «Орал өңірі», аудандық «Ауыл айнасы» газеттерінің бетінде мақалалар жарық көрді. Балалары да әке мен ананың іскерік қасиеттерін бойына сіңіріп, қолөнерге жақын болады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, ұл-қыздары, немере-жиендері ата-әженің мейірімге толы өнегесін бойына сіңіріп өсті. Үлкен қызы Марфуға Сармалаева анасының жолын қуып, қолөнерге жақын болды. Тігін машинасымен түрлі бұйымдарды өмірге әкелген өнер иесі сол заманның көсемі саналған Лениннің портретін қолөнершілер көрмесіне ұсынып, жеңімпаз атанған. Қазіргі таңда  «Қазақ КСР аға оқытушы» атағын алған ардагер ұстаз. Ұлы Жұмағұл Мұхамбетжанов ауылшаруашылық институтының инженер мамандығын аяқтап, өмірінің соңына дейін Қараоба ауылының ауыл шаруашылығы мен экономикасын дамытуға зор үлесін қосты. Жұмажан болса әке жолын қуып механизатор болып, ауыл шаруашылығында еселі еңбек етті. Ал анамыздың перзенті Қамбар Сармалаев республикаға танымал суретші. Қарағанды қаласындағы мұғалімдер институтының көркем графика-сызу факультетін бітірген ұстаз күні бүгінге дейін көптеген суретші, архитектор, дизайнер шәкірттерді қанаттандырған. Осы еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Лучие  люди в образовании» халықаралық энциклопедиясына енгізілді. Қобыланды Сармалаев құрылысшы мамандығын алып, ауылдың көркейіп дамуы үшін еңбек етті. Қызы Мағрипа Молдашева А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институтының кәсіптік оқыту мамандығын алып, қазіргі таңда Орал қаласында №44 мектепте технология пәні мұғалімі қызметін атқарады. Шәкірттеріне ұлттық нақышта қолөнер бұйымдарын жасауды үйретіп, көрмелерде жеңімпаз атанып жүр. Қазақстан Республикасы Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» медалімен марапатталды. Нұрғаным Сармалаева болса есепші мамандығы бойынша Қараоба ауылында қызмет еткен. Ермұрат Сармалаев әр салада көлік жүргізуші қызметін атқарып, Хақ қалауымен өмірден өткен. Кенже ұлы Саламат қара шаңыраққа ие болып, жеке кәсіп мал шарушылығымен айналысуда. Осы балалардан өрбіген 31 немере жиен, 83 шөбере, жиеншар, 5 шөпшек бар.

Ақ жаулықты әже тоқсанға жетсе де әлі де тың. Сөзі жүйелі, аузы дуалы ана өз сөзімен ағайын жұртқа бата беріп, салиқалы әже атанып жүр. Әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп жүрген данагөй ананың батасы ел аузында да жатталған.

Таудай талап берді,

Самғайтын қанат берді,

Дастарханның байлығын берді,

Деннің саулығын берді,

Дастарханым мол болды,

Қайда жүрсем алдымда

Жарқыраған жол болды.

Дұшпандарым құл болды,

Үйім толы ұл мен қыз болды.

Деніме саулық берді,

Ғұмырым болды,

Ұрпағым өсті,

Қызығын көрдім, - деген Сәуле әже ғұмырын батамен өрнектеп, ұрпаққа үлгі болып жүр. Мақаланы ардақты ананың халқына берген ақ батасымен тәмамдасақ.

Ұлағатты келін бала бол,

Ақылың асқан дана бол

Балаларыңа пана бол.

Денсаулық берсін, ғұмырың болсын,

Ұрпағың өссін, қызығын көр.

Еліміз тыныштықта болсын,

Көңіліміз шаттыққа толсын,

Жастар бақытты болсын

Осы берген батам қабыл болсын!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале