5.05.2024, 10:30
Оқылды: 31

Қошанкөлдегі қызу тірлік 

Сарыөзеннің жанында орналасқан Қошанкөл ауылы – іргесі бекем ауыл. Сонау Кеңес Одағы кезінде іскер басшы Сәлімгерей Асанғалиев басқарған уақытта мәдениеті де, әлеуметтік-экономикалық дамуы да өзгеше болды. Типтік жобадағы әкімшілік, орта мектеп, мәдениет үйі, бақ, Медетсайдағы балалардың жазғы демалыс орны бар. Осындай қызу тірлігі бар ауылдың мәдениет өзгелерден бөлектеу еді.

InShot_20240504_235202131

Кешегі формация өзгергеннен кейін бұл округ үлкен қиындықтарды артқа тастап, бүгінде әлеуеті дамыған ауылға айналды. Дала төсі толған мал болса, бүгінгі заман талабы қажет ететін кәсіпкерлік сынды басқа да салалар өркендеп, даму үстінде. Қазіргі күнде округте 1200-ге жуық тұрғын тұрады. Ауыл халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысып, Үкіметтен тиісті бағдарламаларға сай қолдау табуда. Ауылдағы тірліктің жайын білмек болып Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Ернар Ілиясовқа хабарластық.

- Жақында Қошанкөл, Ордабай ауылдарында өткен халық жиынында бірқатар мәселелер көтеріліп, талқыланды. Бүгінде біртіндеп шешімі табылып, жұмыстар рет-ретімен, кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Атап айтсақ, Қошанкөл мен Ордабай ауылдарында қоғамдық мал бағымын ұйымдастыру жолға қойылды. Жауапты, тәжірибелі бақташылар келісімшартпен жауапкершілікті мойындарына артып, жұмысты бастап кетті.

InShot_20240504_235725384

Казталов ауданында жарияланған санитарлық айлық аясында ауылымызда сәуір айы басталғалы көшелерді, жол жиектерін, саябақтарды тазалау, ағаш түптерін қопсыту, ақтау, балалар ойын алаңының әткеншектерін сырлау, ауылдың айналасындағы қоқыстарды тазалау сынды жұмыстар жүргізілуде.

InShot_20240504_235236680

Бұл жұмыстарға ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған ауыл тұрғындары, мектеп, бөбекжай, ауылдық аурухана, ветеринария қызметкерлері, мәдениет үйі, кітапхана, әкімшілік қызметкерлері қатысуда. Жиналған қоқыстар қаптарға салынып, қатты қалдықтар төгілетін полигонға тасымалдануда. Ордабай елді мекенінде де осындай жұмыстар күнбе-күн атқарылуда. Ауылымызды таза ұстау - баршамыздың азаматтық міндетіміз. Алда бірқатар жоспарлар бар, оны орындау жолында әлі де талай еңбектенетін боламыз, - деді.

Бұның барлығы ауылдың көркеюі, гүлденуі үшін жасалып жатқан игі іс деп білеміз. Ешқандай нұсқау мен талапты қажет етпей-ақ, ауыл әкімі бастаған, тұрғындар қостаған бірлігі бекем ауылдың бүгінгі тірлігі осындай. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, ауылдың келбетіне қарап сол ауылдың азаматтарының қандай екенін аңғаруға болады.

Ынтымағы жарасқан ауыл халқы өздерінің қолда бар техниканың арқасында тазалыққа үн қосып, ауыл келбетінің ажарлануына қолдарынан келгенше атсалысуда. Былайша айтқанда «туған жерді түлету» ұғымын жете түсінген ауылдың еңбекқор азаматтары туған жеріне титтей болсын үлес қосуды азаматтық борыш санайды. Ауыл азаматтарының тырмысқан толымды тірліктерін көріп, іштей риза боласың.

Әсем Болат,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале