23.03.2023, 18:42
Оқылды: 57

Көше тойы Наурызға арналды

Бүгін  Жалпақтал ауылындағы Фурманов көшесінің тұрғындары — қасиетті Рамазан айының басталуымен тұспа тұс келген Ұлыстың Ұлы күні — Әз-Наурыз мерекесін көше болып тойлап, ауыл тұрғындарына үлкен мерекелік кеш сыйлады.

20230323_123402
-Бүгін бірге туған ағайындай тату-тәтті тұрып жатқан жиырмадан астам шаңырағы бар Фурманов көшесінің тұрғындары Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын ерекше атап өтіп, ауыл халқына «Қош келдің, Наурыз» атты мерекелік той кешін ұсынды. Өткен күнге үңілсек, Фурманов көшесі - Жалпақтал ауылындағы өзінің тарихқа енген атауын сақтап қалған ерекше көше. Бұл көшеде ынтымағы жарасқан бақытты отбасылар ғұмыр кешіп жатыр. Онда 12 құрсақ көтерген Батыр анамыз — Рахила әже, зейнеткер ата-әжелеріміз Жүсіп Ғиззатұлы, Әлім Гиззатұлы және бейбіт күнде ерлік көрсетіп, арнайы Құрмет грамотаға ие болған Артур Елеусінұлы мен осы ауылдың балаларын білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздар Күләш, Сәуле, Нұржамал, Сұлушаш атты апайлар тұрады, - деп хабарлады мерекелік кешті жүргізген қос жүргізуші Арман мен Арай.
Ұлыстың Ұлы күніне орай құрметті қонақ ретінде құттықтау сөз алған Жалпақтал ауылының әкімі Әлия Нәсіпқалиқызы елге тамаша кеш сыйлап, өзге көшенің тұрғындарына ұйымшылдықтарымен үлгі-өнеге бола білген Фурманов көшесінің барлық тұрғындарына ауылдастары атынан алғыс айтып, ынтымақ, бірліктерінің нығая беруіне тілек білдірді.

20230323_101225
«Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы адамнан бата алса, онда олжалы жол болар» деп, ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күнде ауыл мешітінің бас имамы Тілепберген қажы той алаңына шығып, татулығы ұйысқан ауыл тұрғындарына арнап арнайы бата берді.
Наурыз мерекесіне арналған думанға толы мерекелік шара барысында бояуы ұлттық нақышқа негізделген сол көше тұрғындарының орындауындағы әдемі әндер мен мың бұралған бишілерінің ел қызығар тамаша билері жоғары деңгейде халыққа ұсынылып, салт-дәстүрден «Тұсау кесу» рәсімі сахналанды. Қазақ халқы қашанда өздерінің төл мерекелерін тойлаған кезде ұлттық спортқа да кеңінен көңіл бөлетінін жақсы білеміз. Бүгінгі Наурыз мерекесіне арналған көше тойында да қазақ халқының ұлттық спорты да кеңінен насихатталып, Фурманов көшесінің қайсар жігіттері Қуаныш пен Сүйінбайдың орындауында қазақ күресінен жаттығу әдістері көрсетіліп арқан тарту, білектесу, асық ату жарыстарынан сайыстар өтіп, ауыл тұрғындары арасынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

20230323_123359
Осылайша «Алтау араз болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді» деген нақылды жүректерімен ұғынған Фурманов көшесінің тұрғындары Жалпақтал ауылында халықтық сипатқа ие болған «Наурыз» тойының жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосып, өздерінің ынтымақ-бірліктерінің арқасында үлкен-кішісі бірдей қатысқан мерекелік концерттік бағдарламамен ел алғысына бөлене білді. Олар салған барлық әсем әндер мен қонақ қаде есебінде Сәукенов көшесі атынан музыкалық сәлем жолдаған үлгілі «Қыз Жібек» ансамбілінің орындауларына Наурыз тойын тамашалауға келген ауылдастар ризашылықтарын білдіріп, ұзақ қол соқты. Жарайсыңдар, көше тұрғындары!
Ұлыс оң болып, ақ мол болып, ел ортасында әр жыл сайын жаңа жылды татулықпен қарсылай беріңдер!

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале