8.12.2021, 13:00
Оқылды: 68

Көшімдегі доп додасы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Көшім ауылдық округінде волейболдан ауыларалық ашық турнир өтті. Спорттық бәсекеге Янайкин, Серебряков, Шапов, Үлкен Шаған және Көшім ауылдарының командалары қатысты.

FB_IMG_1638944912628

Салауатты өмір салтын ұстанатындардың қатарын көбейту, ауылдар арасында ынтымақтастықты арттыру, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдау, спортқа деген қызығушылықтарын ояту және көпшілікті дене шынықтыру және спортпен жүйелi түрде айналысуға баулу мақсатында өткен жарыс қызыққа толы болды.

– Дәл осындай спорттық шараларға қатысып, өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Турнир достығымыздың беріктігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан біз ауыл жастарымен бірігіп, спорттық шараларға белсене қатысамыз, – дейді турнирге қатысушы Көшім ауылдық округі әкімінің орынбасары Исатай Мұғалбаев.

Тартысты өткен спорттық ойын нәтижесінде Янайкин командасы топ жарса, олардан басқаға есе жібермеген Серебряков екінші, Үлкен Шаған ауылының жігіттері үшінші орынды місе тұтты. Турнир барысында қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсетіп, белсенділік танытқан А.Абуов «Үздік ойыншы», А.Амангелді «Үздік байланыстырушы», Р.Ахметов «Үздік қорғаушы», Е.Қабылхан «Үздік шабуылшы» аталымдарына лайық деп танылды.

Жалпы, Көшім ауылдық округінде волейболға деген қызығушылық жоғары. Жылдан-жылға спорттың бұл түрімен айналысатын жастар көбейіп келеді. Ала допты алақанында ойнататын жастар талай байрақты бәсекеде топ жарып жүр.

Ойын соңында жүлдегер командалар мен ойыншыларға дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Альбина Бәтенова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале