2.06.2023, 12:30
Оқылды: 171

Қособада мешіт ашылды

Бүгін Сырым ауданы Қособа ауылдық округінде жаңа мешіт ашылды. 

IMG_3627
Қособа - белгілі дін ғалымы, хазірет Қуанай Қосдәулетұлының туған жері. Қуанай хазірет ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы саяси толқуларға, ұлт-азаттық қозғалыс - Алашорда үкіметінің жұмысына белсенді қатысты. Сәкен Сейфуллин “Тар жол, тайғақ кешу” романында Қуанайды - Алаштың дұғагөйі деп көрсетеді.
IMG_3656
Күнінде Қособаның іргесінде, Өлеңті және Шідерті өзендері иіндескен тұсы - Қоспада шейх Шүйінішқали мешіт ұстаған. Сондықтан жаңа мешіттің ашылуын - Қособа даласындағы дін өркениетінің жаңғыруы деп қабылдағанымыз жөн.
Мешіт ауласында мәжіліс Құран оқудан басталды.
Бұл құрмет Алматыдан арнайы алдырылған белгілі ғалым, Орта Азия бойынша Құранды жеті
бірдей қырағатпен оқи алатын қари - Еркінбек Шоқайға ұсынылды.
IMG_3677
Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, Қазақстан Мұсылмандарының Діни басқармасының өңірдегі өкілі, бас имам Абдусамат Әлібаев қатысып, сөз сөйледі.
Ауыл ақсақалы Төлеу Шарифуллин, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, “Құрмет” орденінің иегері Төлеген Төреғалиев те ауыл жұртын айтулы оқиғамен құттықтады.
Мешіт салу - бірлікпен бітетін іс. Қособадағы мешіттің құрылысына атсалысып, асыл істің басы - қасында жүрген Ермекқали Исламовқа демеушілер - Мекке қаласына умра қажылығына жолдама берді.
Қособадан шыққан белгілі ақын Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла құрметті қонақ - Еркінбек Шоқайға ат мінгізді.
Қазір мешіт ауласында спорттық шаралар өтіп жатыр. Түстен кейін ақындар айтысы басталады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале