18.06.2020, 12:31
Оқылды: 94

Қособалықтар мешіт салуға ниеттенуде

Сырым ауданы Қособа ауылдық округінің қарттары кеңес жинап, азаматтардың ауылдан мешіт салу туралы ұсынысын тыңдап, талқылады.

Meshit

Кеңеске келген Қособа ауылының тумасы, белгілі ақын Бауыржан Халиолла: – Қособа – Кеңес үкіметінің кезінде де ауылына қос бірдей молда ұстаған иманына берік ел. Осы елден түлеген азаматтар ауылға Алланың үйін салып, бір жағынан діннің өркендеуіне үлес қоссақ, екіншіден елге деген перзенттік пейілімізді білдірсек деп отыр. Ауылдан азанның дауысы естілсе жақсы әрине. Мен ұсынысты жеткізуші ғанамын. Ақсақалдардан бастаманы қолдап, бата берулерін сұраймын, – деді.

Сырым аудандық мешітінің найб имамы Ғабдолла Оңаев Аллаға махаббаты бар, оның разылығын іздеген шынайы мұсылманның мешіт салатынын, қособалықтардың кіріскелі отырғаны – үлкен сауапты іс екендігін айтты. Қарттар азаматтардың ниетін қуанышпен қабыл алды. Ауыл молдасы Төлеу Шарифуллин, ақсақалдар Қаржау Абызбаев, Таймекен Тәжіғалиев, Ерген Тойғожиевтер оң пікірлерін айтып, сөйледі. Олар мешіттің қызметіне жауапты, кілтіне ие болатын имам керектігін де еске салды. Ортақ сөзге келген кеңес мүшелері ауылдық округ әкімі Бейімбет Жаймановпен болашақ мешіттің орны туралы ақылдасты.

Бауыржан Ширмединұлы  

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале