25.08.2021, 9:38
Оқылды: 53

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Сырым ауданында

Кеше Сырым ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар келді. Мәжілісмен жұмысын Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылының кірме жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысудан бастады.

 1

Сырым ауданының әкімі, «Nur Otan»партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасы Төлеген Төреғалиевтің айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі мақсаты – қазақстандықтарды сапалы тұрмысқа жеткізу. Ал, өмір қолайлылығын арттыратын игіліктің бірі – тақтайдай жол. Құны 741 миллион теңгені құрайтын Тоғанасқа кірме жолды күрделі жөндеуден өткізу жобасының халық үшін осындай маңыздылығы бар.

2

Қазіргі таңда 11 шақырым толық асфальтталып, жол белгілері мен сызықтары орнатылуда. Мердігер серіктестік «Айдана» ЖШС-ның директоры Армен Амирханян жол салу кезінде 25 адам жұмысқа тартылғанын, оның 10-ы жергілікті тұрғындар болғанын айтты.

Мәжіліс депутаты аудан әкімінен Шолақаңқаты өзенінен салынған су қоймасын пайдалану бойынша жұмыстардың ретін сұрады.

3

- Аңқаты су қоймасының игілігін басқалардан бұрын айналадағы халық көруі тиіс. Мемлекет қаржысына салынған нысандар жеке шаруашылықтардың емес, тұтас халықтың игілігіне айналуы тиіс.  Егер, жергілікті, осы өңірдің жусанын иіскеп, жуасын жеген азаматтар болса, бөгетті солардың игілігіне берген дұрыс деп ойлаймын. Инвесторды да таңдап, талғау керек. Даладағының кілті аспанда деген сөз бар, - деді Мәлік Құлшар.

4

Аудан басшысы Төлеген Төреғалиев қазіргі таңда Аңқаты ауылының аумағында романов қойларын өсіріп, көбейтуге ниетті инвестормен келіссөз жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Асфальт үстіндегі әңгіме барысында облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов мәжілістегі әріптесінің назарын мына мәселелерге аударды:

«Елімізде өндіріс жоқ және ол ешкімді алаңдатпай отыр. Қазақстанда шеге де шықпайды. Біздің халықты ұстап отырған әрі елге экономикалық қуатын еселеп отырған – ауылшаруашылық саласы. Бірақ бұл саланың мәселелері де жете зерделенбей отыр. Соңғы 10 жылда ауылшаруашылық техникалары 4 есе қымбаттады. Мұнай мен газ өндірілетін елде жанар-жағармайдың да бағасы өсті. Қаладан тасу тиімсіз, ауылдағы баға қаладан қымбат. Шынын айту керек, шаруалар өздерінің мәселелерімен оңаша қалды, - деді облыстық мәслихат депутаты.

Мәлік Құлшар мырза бұл жанайқайды Тоғанастың көшесіне тастап кетпей, мәжіліс мінбесіне жеткізеді деп сеніп қалдық.

5

Мәлік Құлшар Жымпитыдағы музейге арналған ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын да көріп, одан соң Сырым аудандық полиция бөліміне барды.Жаңа ғимаратты, соның ішінде еуропалық талаптарға сай жасақталған азаматтарды қабылдауға арналған фронт-кеңсені, уақытша ұстау изоляторын, тұтқындардың серуен аймағын бөлім бастығы, полиция подполковнигі Ербол Әлімбекеров таныстырды.

Мәжіліс депутаты кейін құқық қорғау қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев қатысты.

2021 жылдың 7 айында Сырым аудандық полиция бөлімінде 51 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13, 5 пайызға төмен. Полицияның жедел қызметтік және жедел іздестіру шараларын белсенді атқаруының арқасында 51 істің 48-і аяқталыпты. Саралай түссек, 25 іс сотқа жолданған, 23-і аяқталмайтын негізде қысқартылған. 8 іс сотқа дейінгі жеңілдетілген тергеу бойынша, 2 іс хаттамалық түрде аяқталып, 4 қылмыстың мерзімі үзілген.

Ауданның бас полицейі Ербол Әлімбекеровтың хабарламасынан осындай деректер белгілі болды.

Мәлік Құлшар Сырым ауданында полиция қызметкерлерінің қалтқысыз қызметі үшін барлық жағдай жасалып жатқанын, тәртіп сақшыларын сол мүмкіндікке табысты еңбекпен жауап беруді, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Қауіпсіз аудан» бағыты бойынша тиімді жұмыстар атқаруды сұрады.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале