9.06.2021, 11:25
Оқылды: 42

ҚР Президентінің көмекшісі – Бәйтерек ауданында

Бәйтерек ауданына ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бақыт Әбішев, ҚР Цифрлық даму инновациялар аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Миржан Қарсықбаев, ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Алма Мұқанова жұмыс сапарымен келді. Жұмыс тобын облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев пен аудан әкімі Марат Тоқжанов қарсы алды.

 Байтерек район акимат (40)

1 шілдеден бастап күшіне енетін «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодекстің жай-жапсарын түсіндіру мақсатында келген жұмыс тобы алдымен «Ашық әкімдік» кеңсесінің жұмысымен танысты.

Одан соң барлық ауылдық округтер мен бөлім басшылары қатысуымен келелі жиын оздырылды. Онда Тамара Қасымқызы "Е-өтініш" ақпараттық жүйесін іске қосу жайын баяндады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын.

Байтерек район акимат (45)

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодекстің негізі болады. Сіздің ауданға келудегі басты мақсатымыз – жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін мемлекеттік қызметшілердің жұмысы қалайша өзгеретіндігін түсіндіру, - деді сөз басында Т.Дүйсенова.

ҚР Президенті көмекшісінің сөзінше, жаңа жүйе мемлекеттік органға келіп түскен өтініштерге қатысты процестерді цифрландыруды қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың құзыретіне қарай өтініштерді автоматты түрде бөлуге, мемлекеттік органдар арасында сауалдар санын оңтайландыру есебінен өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға, өтініштерді қарауда барлық саты мен мерзім бойынша өтініш берушіні ақпараттандыруға және мемлекеттік органдарға түскен өтініштердің бәрінің бірыңғай базасын құруға мүмкіндік береді екен.

Байтерек район акимат (48)

- Жаңа ӘРПК-ге сәйкес өтініш беруші өз арызының мемлекеттік органдардағы қаралу барысын қадағалай алады. Сонымен қатар әр өтінішті тек белгілі бір мекеме ғана емес, оған жауапты әкімдік пен жоғары басшылар да қадағалай алады. Егер жауапты мекеме басшысы арыздаушы азаматқа оң шешімді жауап берген болса, ешқандай қиындық туындамайды. Ал егер өтінішті қанағаттандырмайтын жауап беруге тура келсе, жауаптың жобасын дайындап, өтініш берушімен кездесіп, не себепті оның өтініші қаралмайтындығын түсіндіресіздер. Оған азаматтың көңілі толмаса, ол мемлекеттік органды сотқа бере алады. Міне, сол жерде басшы өз жауабының толықтай заңға сәйкес болғандығын дәлелдейтіндей құжаттарды ұсынуы қажет, - деді Т.Дүйсенова.

1

Біз сөзбен айтқанда, әр мекеме басшысы өзіне қатысты заңдарды толықтай меңгеруі керек. Сондай-ақ әр өтініш берушінің алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет.

Жаңа кодекс бойынша арыз беруші өз өтінішін кімнің қарап жатқанын қадағалай алады. Сонымен қатар өз арызына қосымша толықтырулар енгізіп, хатты алған басшыға да хабарласып, түсініктеме ала алады. Бұл дегеніміз – әр азамат тек арыз беруші ғана емес, шешім шығаруға мемлекеттік органмен бірге қатысатын азамат болады. Бұдан шығатын қорытынды – әр тұрғын мемлекеттік органның жұмысын қадағалаушы ғана емес, оның көмекшісі де болады деген сөз.

Жиын барысында Тамара Қасымқызы азаматтар мен бизнес өкілдерінің арыз-талаптарын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» бойынша қарайтынын да жеткізді. Яғни өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімін немесе берген жауабын дәлелдеуі қажет. Сырғытпа жауап пен созбалаңға салу тек жауап берушінің ғана емес, бүкіл мемлекеттік органның жауапкершілігін арттырады. Бұл жерде сот өтініш берушінің арызын дұрыс жазуға көмектеседі және арызданушының жағында болады.

2

- Осы кезге дейін мемлекеттік орган көбіне сот отырыстарына бармай қалып жүрді. Соған қарамастан сот үкімін мемлекеттік орган жағына шешіп беретін. Жаңа кодекске сәйкес, егер сот отырысына орган немесе жауапты азамат келмей қалса, 20-50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейтін болады, - деді Президент көмекшісі Т.Дүйсенова.

Бұдан бөлек әкімшілік әділет жүйесін құру ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесінде бар екені және Латвия, Грузия, Молдова, Әзірбайжан, тағы басқа елдерде сәтті іске асырылып жатқаны да жиында сөз болды.

Жаңа жүйе азаматтарымыз бен мемлекеттік органдарымыздың жұмысын қалайда өз пайдасына шешуге ұмтылмай, соңғы сөзді сот шығаратынын ұғыну керектігін де баса айтты Тамар Қасымқызы.

3

- Осы кезге дейін ешбір дәлелсіз немесе өзгенің атынан біреуді айыптаған жазбалар көп түсетін. «е-Өтініш» жүйесі – домалық арыздардың да алдын алуға үлкен көмек. Өйткені әр арыз беруші жүйеге өзінің ЖСН-ы арқылы тіркеледі және арызды тек өз атынан ғана жібере алады. Сонымен қатар арыз алушы талап жазған адамның әлеуметтік портретін көре алады. Сол арқылы тиісті шешім шығаратын мүмкіндік бар, - деді Т.Дүйсенова.

Қорыта келе Тамара Қасымқызы жаңа жүйе өте тиімді әрі оңай екенін айтып, мемлекеттік қызметшілердің жүктемесі артатынын да айтты. Өйткені барлық жауап ашық әрі тез, қолжетімді болады. Сондықтан әр қызметкер өз ісінің білгірі болғаны абзал. Сонда ғана мемлекеттік қызметкер мен органның беделіне нұқсан келмейді.

Сондай-ақ бір рет дәйекті жауап беріп, сот мемлекеттік қызметкердің дұрыс жұмыс жасағаны туралы үкім шығарса, ол шешім еш өзгермейді. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы түскен сұрақтарға жауап берілмейді. Барлық өтініш, арыз «е-Өтініш» жүйесі арқылы түсуі керек екен. Бұл да мемлекеттік қызметші үшін жақсы жаңалық. Өйткені оның уақытын үнемдейді.

7

Кездесу барысында жиналғандар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Жиында сөз алған ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бақыт Әбішев ТМД елдерінде аналогі жоқ барлық арыз-талаптарды бір жерге біріктірген жүйені жасауға бюджеттен қаражат бөлінбегенін атап өтті.

Кездесу соңында жаңа жүйенің жай-жапсарын түсіндіре келген жұмыс тобына ризашылығын білдірді.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале