16.02.2021, 14:51
Оқылды: 71

Құбылмалы ауа райына әзірлік қандай?

Қыстың бел ортасы болғанымен, қаңтар айында жаңбыр жауып, ақпан айы басталмастан ауа райы күрт жылынғанына не дерсің? Ауданымыздағы технолог-метереолог маманының айтуынша, 1 қаңтарда қардың қалыңдығы 23 см-ге жетсе, ауа температурасының өсуіне орай 8 ақпан күнгі көрсеткіште қар 12 см-ге дейін еріген. Ал тоңның қалыңдығы – 50 см. Сондықтан ауа райының құбылмалы «мінезін» ескере отырып, құзырлы органдармен қатар, жеке аула иегерлері де көктем мезгілінде суға кетпес үшін осы мезгілден бастап қамдану керек.

 IMG-20210204-WA0026 (1)

- Ауа райының ерте жылынуына орай біз су тасқынының алдын алу жұмыстарына ерте кірістік. Жеке тұрғын үйлерді аралап, қар аршу, қар шығару жөнінде ескертулер жасап, жадынамаларды апта сайын үлестірудеміз. Жеке аула іші түгелдей және аула сырты қоршаудан 1,5-2 метр қашықтықта қардан тазартылуы керек. Аудан көлемінде су тасқынына қауіпті аймақ жоқ, - деп хабарлады аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б.Катчеков.

IMG-20210204-WA0025

Дегенмен, биыл су тасқынының қандай болатындығын болжап айту қиын. Табиғат-Ана қаһарына мінсе, толассыз жауған қар, жауын-шашыннан айнала суға кетуі мүмкін.

Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерсайн Шаймбетов: «Бүгінде аудандық жолдарды күтіп ұстау жұмыстары «Шыңғырлаукомтехсервис» мемлекеттік мекемесі арқылы атқарылуда. Бұл жұмыстарды жүргізуге 6 техника жұмылдырылып, аудан орталығынан 680 шаршы метр көлемде қар шығарылды. 3 шақырым арықтар тазартылды. Ендігі кезекте аудан бойынша аудандық маңызы бар автожолдарда орналасқан 35 су құбырларын қардан аршу жұмыстары жүргізіледі. Барлық техникалар қар аршу жұмыстарына дайын», - деп осы бағытта атқарылған жұмыстармен бөлісті.

IMG_9125

Табиғи апатты болдырмаудың амалы – оған ертерек дайындалу. Сондықтан, өзіміздің тарапымыздан төбелердегі қарларды түсіріп, ауламыздағы қарды аршып, судың кедергісіз ағуына біз де жағдай жасайық. Өйткені, өзгермелі болып тұрған ауа райына сенім жоқ. Арнайы мамандардың сөзіне сенсек, алдағы аптада кәдімгідей аяз көтерілгенімен, одан әрмен күн жылы қабақ танытатын сияқты. Соған қарағанда тағы да аяқ астынан қар беті жіпсіп, аула іші суға толуы кәдік.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале