2.11.2021, 12:37
Оқылды: 96

Құдық қазсаң қайыры болар 

Шалқар айдыны маңында шағын ғана Шалқар деген ауыл бар. 34  түтінді, 150 адам мекендеген бұл ауылдағы басты да өзекті мәселе ауыз су болатын. Жуырда осы істің күрмеуі шешілді деген жақсы хабар естідік. Оған себепкер болған кәсіпкер Абай Антазиев деген азамат көрінеді. Жақсының ісін жұртшылыққа тарату мақсатында Абай Нәсіполлаұлының өзімен телефон арқылы тілдестік.

IMG-20211102-WA0014

-Биыл шаруам түсіп, Шалқар ауылдық округінің әкімшілігіне бардым. Сол жерде округ әкімінің қабылдауына келіп отырған Шалқар ауылы азаматтарының сұранысына куә болдым. Тыңдап отырсам, олар ауыз суды ауылдан бір шақырымдай жерден, құдықтан тасымалдап қолданады екен. Негізінен, бұл егде адамдарға қиын екені сөзсіз. Содан, мен округ әкімшілігіне «мен әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде осы ауылға су тартуға көмек берейін» ден ұсыныс жасадым. Ол жақ құп алған соң, дереу іске кірістік,-дейді ол.

Сонымен, тұщы су ұңғымасы бар алты шақырымнан астам жерден Шалқар ауылына жеткізілді. Құрылысты қалай-солай салмай, аудандағы осы бағыттағы мамандармен ақылдаса отырып жасаған Абай 2,8 тереңдікке құбыр салып тартқан. Ауылдың екі басына су тарату бағанын орнатқан. Өз қызметінде арнайы техниканы қолданатын кәсіпкер үшін техника жағы қиындық туғызбағаны анық. Дегенмен, 20-23 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалды деп отыр.

Міне, әлеуметтік  жауапкершілікті анық түсініп, ауылға көмек беру деген осындай болса керек-ті. Қазақ халқында «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» демей ме....

Ендеше, халық аузын тұщы су тигізген Абай Антазиевке алғыс жаусын.

Жалпы, соңғы жылдары тек ауыз су ғана емес, мал жайылымындағы суат мәселесі де үшкір бұл өңірде. Осы орайда халық Жайық-Шалқар арнасына үлкен үміт артып еді. Дегенмен, Жайықтың өз халі де мүшкіл. Суы тартылып, қайраңы шығып, елді алаңдатып отыр.

IMG-20211102-WA0016

Мал шаруашылығымен айналысатын ағайын енді айналдыра құдық қазбаса болмайтынын ұғынды. Мысалы, осы Шалқар округінің өзінде «Тұмар», «Сенім», «Жаңа өрлеу», «Шалқар»  шаруашылықтары «Жайықгидрогеология» қызметін пайдаланып, құдық қаздырып алған. Жұмсалған қаржы  900 -500 мың теңгеден айналған.

-Жалпы, аудан бойынша 91 құдық қазылды. Солардың ішінде бақандай 12 құдығы бар «Айсұлу» қожалығы озып тұр.  Олардың жері де үлкен – жайылымы 24 мың гектардан астам. Мал басы да көп. Әр округте 1-2 құдық салған шаруашылықтар бар. Солардың ішінде 3 құдық қаздырған покатиловтық  «Shubar say», 4 құдығы бар подстепныйлық «Төлеңгіт» қожалықтарын ерекше айтқым келеді.  «Shubar say» құдық салуға 1 920 мың теңге, «Төлеңгіт» 2000 мың теңге жұмсапты. Бұл орайда мемлекет тарапынан керемет көмек бар. «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы бойынша осы құрылыс-қондырғыларға салынған инвестициялық салымдардың белгілі пайызы өтеледі екен.

Осы бағыттағы мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған «Төлеңгіт» субсидиялау арқылы 800,0 мың теңге, «Shubar say» 480,0 мың теңге алған. Яғни, құдық салғызған қожалықтың шығынының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Бұл көмек бір жағынан мал шаруашылығын дамытуға берілген көмек деп түсінсек, екінші жағынан табиғатқа да, су үнемдеуге де мол мүмкіндік,- дейді бізбен мәлімет бөліскен Теректі ауданының кәсіпкерлі және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айнұр Лұқпанова.

IMG-20211102-WA0015

Ия, су – тірлік көзі. Құдық қазған жерде тіршілік жанданатыны сөзсіз. Осыдан 1-2 жыл бұрын Новопавлов округінде құдық қаздырған белді шаруашылық  басшысы Сәлембай Мәдиевтің жайлауында болғанымыз бар.

Малдың қоңы – тілінде. Шүйгін шөп пен судан аздық көрмеген мал салмақ қосып, өнім сапасы артады. Сондықтан мал шаруашылығының «майын ішкен» Сәлембай Абылайұлы жайылым басында құдық қаздырған. Әрине, бұл он-жиырма мың теңгемен атқарылар іс емес. Құдық қазуды «Жайықгидрогеология» ЖШС бұрғылау шебері Михаил Александровтың тобы ойдағыдай атқарып, 20 метр тереңдіктен су көзіне жетіпті. Қазір сол құдықтың қайырын көріп отырғанына куәміз.

«Алыстағы апаннан алдыңдағы құдық қайырлы» депті бабамыз. Олай болса, Ақ Жайықтан арнамен су келер деп күтпей, құдық қазған дұрыс шығар.

Айтпақшы, Богданов округында ауыз суға зәру Алғабас деген ауыл бар. Көрші Шөптікөл ауылында 17-20 метр тереңдіктен  шығатын тұщы су көзі Алғабаста жоқ. Бұл, енді, кешелі-бүгінді туындаған мәселе емес. Сонау кеңес жылдарында үй жанынан су қоймасын салып, суды тасымалдап, соған құйып пайдаланған алғабастықтар қазір де сол күйде. Бір мәрте 3 кубтық бөшкемен 4 мың теңгеге құйғызып алғаны бір-екі ай ас-суға қажеттілігін өтеуге жарайды. Әйтеуір, бір жақсысы, мал суаруға құдық бар.

Темір жолдың арғы беті мен бергі бетінде бөлініп орналасқан ауылдың бір бөлігі ескі құдықтан   қауғалап су алады. Оны 40 литрлік ыдыспен қыста шанаға, жазда арбаға салып сүйрейді. Ұсақ жандық – қой-ешкіні қоспағанда, аз дегенде екеуден ірі қара ұстайтын адамға осы тәсілмен қанша су тасуы керек екенін алғабастықтар ғана біледі-ау деймін.

Ауылдың шығар жақ бетінде тұратындардың шаруасы жеңілдеу.

-Алғабастықтар ұйымшыл. Жыл сайын судан тарыққан тұрғындар былтыр ақша жинап, ескі элеватор маңындағы су ұңғымасын қалпына келтірді. Су соруға арнайы құрылғы да сатып алды. Аудан басшысы Арман Өтеғұловтың қолдауымен,  ауыл маңында зауыт салып жатырған «АВС-Мұнай» кәсіпорыны көмегімен су сорғышты жаңа электр трансформаторына қосып алды. Қазір ұңғымадан су қоймасына толтырып алады да, мал суаруға пайдаланады,- деген болатын округ әкімі Асқар Нұрғалиев жыл басында Алғабаста болған кезімізде.

Жағдай сол қалпында. Қауға ұстаған алғабастықтар әлі сол құдыққа су жиналуын күтіп жүреді. Осы ауылға да әйдік құдық салып беретін «Атымтай жомарт» табылмас па екен?

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале