10.04.2017, 17:20
Оқылды: 64

Күй кешінен түскен қаржы Абылайдың еміне жұмсалмақ

Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының Мәдениет үйінде осы ауылдың тумасы, облыстық, республикалық, халықаралық күйшілер байқауларының лауреаты Әлібек Қуанышәлиевтің «Елге тарту» атты шығармашылық кеші өтті. Аталмыш концерт «Мейірімді көктем» қайырымдылық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Кеште Ә.Қуанышәлиев Құрманғазының «Ұзақ Ақжелең», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» атты күйлерін шертті. «Күй ұраны» шағын вокалды-аспаптар ансамблінің құрамында, сондай-ақ аудандық музыкалық мектептің концертмейстері Гүларман Шуринаның пианинода сүйемелдеуімен бірнеше қазақ және шетел композиторларының туындыларын орындады.

Зайыбы Раушан екеуі күй-тартыс жасап, кешке жиналған жұртшылықтың көңілін серпілтті. Концерт барысында Әлібектің әріптестері Шынтемір Рамазанов, Райымбек Кәрімов, Дана Қаратаевалар да өз өнерлерін көрсетті. Осылайша, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлаған кеш Жәнібек ауданында киелі күй дәстүрінің үзілмейтіндігін танытты.

Шара соңында Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев сөз сөйлеп, туған ауылында алғашқы шығармашылық концертін берген Әлібек Қуанышәлиевке жерлестерінің атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хат пен естелік сыйлықты табыс етті.

Концерттен түскен қаржы аталмыш ауылдың тұрғыны, он бір жасар Абылай Мыштаевтың ата-анасына берілді. Осыдан үш жыл бұрын Астана қаласында Абылайдың жүрегіне ота жасалған болатын. Ота сәтті аяқталған, алайда балаға жылына бірнеше рет Астанаға барып, денсаулығын тексерістен өткізіп тұруға тура келеді. Қайырымдылық жолымен түскен қаржы Абылайдың денсаулығын нығайтуда аз да болса көмек болады деп үміттенеміз.

Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

     

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале