28.06.2023, 16:55
Оқылды: 33

Күй күмбірлеген кеш

Күй атасы - Құрманғазының туғанына 200 жыл толуына орай Янайкин ауылында «Сарыарқа» атты күй кеші өтті.

IMG_20230628_103054_414

Алдымен ауылдық мәдениет үйі маңындағы киелі домбыра ескерткіші жанында ұлы күйшінің туындылары орындалып, жиналғандарды керемет әсерге бөледі.

Әуелі жиналғандар  алаңқайда құрылған киіз үйді тамашалады. Мұнда әртүрлі салт-дәстүрімізді ұлықтайтын бұйымдар, ескіріп қолданыстан шығып қалған көне заттардан құралған шағын мұражай жәдігерлері қойылған.

IMG_20230628_103137_373 (1)

Одан әрі әсерлі кеш мәдениет үйінде жалғасты. Іс-шарада Құрманғазы Сағырбайұлының өмірбаяны оқылып, сахнаға алғашқы боп шыққан Әли Төлеу «Ілме» күйін төкпелетті. Мұнда аудан, облыс  деңгейінде  шашасына шаң жұқтырмай жүрген домбырашылар мен ұлттық аспаптың қасиетін сезінген домбыра үніне ынтық оқушылар да өз өнерлерін паш етті. Талай мәрте қазақтың ұлттық аспабымен өнер  байқауларында  бағы жанып жүрген Полина Ищенко да «Арба соққан» күйімен тыңдарманын елжіретті. Кішкентай бүлдіршіндердің күй тартуы – ұлттық болмыстың қайталанбас келбетін домбыра үнімен айшықтап тұрғандай әсер берді. «Қайран шешем» күйін ауданымыздың танымал өнерпазы, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Аслан Ғиззатов төгілте орындаса,  өзге домбырашылар бірлесе шерткен күй тартыс та көрермен көңілінен шықты. Әсіресе, әр ауылдан домбырасын арқалап жеткен оқушылардың ұлттық өнерге ықыласы сүйсінтті.

IMG_20230628_103213_066

-Көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлаған қатысушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Болашақ ұрпақты ұлттық өнерге  тәрбиелеп жүрген аға буын өкілдерінің арамызда жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені мәдениетке, соның ішінде домбыраға, биге, жалпы музыкаға ынтазар баладан бұзақылық шықпайды. Мәдениет дамыған елде өркениет дамиды. Өркениеті алға қарыштаған  елдің өресі кең болады,-деп кешті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев қатысушыларға мақтау қағазы мен сый-сияпат табыс етті.

IMG_20230628_103111_384 (1)

Гүлнар Қадырова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале