16.03.2022, 15:49
Оқылды: 86

Құйғыта шапқан арғымақ, тақымы тастай шабандоз

14 наурыз – еліміздің батыс өңірінде ертеден тойланып келе жатқан мейрам. Осы күні халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді. Аталған күн құрметіне «Жігер» спорт клубы және облыстық бәйге федерациясы Чапаевтағы «Құлагер» ат спорты кешенінде ұлттық спорт түрлерінен дәлірек айтсақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу және тай жарысынан ересектер және оқушылар арасында аудандық турнир ұйымдастырды.

IMG_2522

Бұрынғы қариялар «қыс пен көктем текетіресті» деп айтып отыратын. Соның дәлелі іспеттес сайыс болған күні қыс қайта қаһарына мініп, күн ызғарлы, суық болды. Бірақ сәйгүліктерін дайындап келген шабандоздарға ауа райы кедергі болсын ба? Ауыздығымен алысып, желге ыққан арғымақтарын сапқа түзеп, ашылу салтанатына түгелдей қатысты. Мұнда  аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов құттықтау сөз сөйлейді.

– Ақ ниеттің, ауызбіршіліктің мерекесі – Көрісі күні құтты болсын! Жарысқа қатысушы шабандоздарға сәттілік серік болсын, тек мықтылар жеңсін. Ұлттық спортымызды дамытуға өз үлестеріңді қосып, келер ұрпаққа дәріптеуді жалғай беруге тілектеспін, – деді ол.

Сонымен сайыста алдымен тай жарысы басталды.  Оған тоғыздан астам қылқұйрық қатысты. Жылқы жалына жармасқан өрендердің қиқу салып, жеңу үшін жанын салғандары жанкүйерлердің делебесін қоздырғаны анық. Мәре сызығын бірінші болып осы турнирге Қазталов ауданы Жалпақтал ауылынан арнайы келген Еркеш Үсен тізгіндеген Ербол Әміржанның «Миллионы» кессе, Қазталов ауданы Көктерек ауылы Ершат Омарғалиев тізгіндеген Бекзат Омарғалиевтың «Нөсері» ІІ орын, жанамалық Ерсайын Жантөре тізгіндеген Арман Ғаббасовтың «Нұр жирені» ІІІ орынды иеленді. Осы тай жарысының жүлде қорына  «Жамбыл» шаруа қожалығының жектекшісі Нұралы Кенжемұрат және облыстық бәйге федерациясының ұйымдастырушысы, ауданымыздың тумасы Сәтқали Байзоллин ақшалай демеушілік жасады.

Осыдан кейін өткен көкпарда «Құлагер» ат спорты кешені, аудандық мешіттен «Жамағат», Жайық ауылы және Көнеккеткен ауылдық округінің командалары бақ сынады. Бұл сайысқа мығым дайындықпен келген «Құлагер» командасының ойыншылары шеберлігімен, мықтылығымен көзге түсті. Көнеккеткен мен «Жамағат» құрамасы да тартысты ойын көрсете алды. Жайық ауылының жігіттері аталған спортқа қатыса бастағандарына көп бола қоймаса да, ептілігімен ерекшеленді. Сайыс нәтижесінде І орын «Құлагерге», ІІ орын көнеккенкендіктерге бұйырып, ІІІ орынды «Жамағат» және Жайық ауылы командалары өзара тең бөлісті.

Осылай қызған ұлттық ойын сайыстарында ендігі кезекте ат үстінде күресуде мықтылықты талап ететін, білек күші мен ептілікті ұштастыра білуді қажет ететін аударыспақ басталды. Мұнда балуандар үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Тек білектің ғана емес, сонымен қатар астындағы атының ақылдылығы да ауадай қажет спортта жігіттер келесідей нәтижеге қол жеткізді. 70 келі салмақ дәрежесінде І орын ақжолдық Артур Көшкенбаевқа, ІІ орын  «Құлагер» командасының мүшесі Бекжан Қайырғалиевқа, ІІІ орын «Жамағат» командасынан Төлеген Серікболсынға бұйырды. 80 келі салмақтағылар арасында  І орынды көнеккеткендік Жанғали Кемелов, ІІ орынды Жайық ауылынан Орынғали Мендешов, ІІІ орынды көнеккеткендік Өркен Ақтанов еншіледі.  Ал 90 келі салмақта І орын чапаевтық Еркебұлан Беляковқа, ІІ орын көнеккеткендік Нұрбек Сейфуллинге, ІІІ орын чапаевтық Райымбек Қуанышқа бұйырды.

Турнирді теңге ілу сайысы қорытындылады. Құйғыта шапқан аттың желісін баяулатпастан, тез иіліп, сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отырудың да сәні, айшықтары қандай?! Бұл ойынға, әрине, ептілік, дәлдік керек. Мұнда да  икемділігімен көзге түсіп, дара шыққандар жанкүйерлердің ықыласына бөленді.  Нәтижесінде «Құлагер» командасынан Мирас Дарбаев жеңімпаз атанып, ІІ орынды Әділет Болатов,  III орынды Ернұр Саташов иеленді. Екеуі де Көнеккеткен ауылдық округ командасының мүшесі.

Жүлдегерлердің барлығы ұйымдастырушы алқасынаң диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Нұрбек Ихсанов.

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Суреттерді түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале