9.04.2024, 20:45
Оқылды: 81

Құлаған үйлер, су басқан баспана. Енді не болмақ?

Бөрлі ауданындағы жағдай тұрақталмаса да, қауіптің беті сейілмесе де аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов дала жұмысын бірер сәтке тастап, үйлері суға кеткен ауыл тұрғындарымен кездесті. Себебі үйі тасқын судың құрсауында қалған азаматтарды мазалаған бір ғана сұрақ «Енді не болмақ?» еді. Құлаған үйлер, су басқан баспаналардың, сел судан сеңделіп жүрген азаматтарға нақты жауап берудің маңызы зор болатын. Міне, осы себептен аудан басшысы Аралтал, Пугачев, Ақсу мен Кеңтүбек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жағдайды егжей-тегжей түсіндірді.

пугачев (1)

Пугачев ауылдық округінің мәдениет үйінде өткен кездесуге Пугачев және Пепел ауылдық округінің тұрғындары қатысты. Жиында аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы зардап шеккен тұрғындарға берілетін бір реттік көмек, су басқан үйлерді бағалау жұмысының реттілігін түсіндірді. Жалпы Пугачевте 52 үй суға кетсе, Пепелдегі 8 үй көктемгі су құрсауында қалған. Сол тұрғындардың сұрағына ауыл және аудан әкімі жауап берді.

пугачев (2)

Көктемгі су тасқынынан аудандағы бірнеше ауыл зардап шегіп, аудан әкімі төтенше жағдай режимін жариялаған болатын. Бұл өз кезегінде зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу, қажет болған жағдайда баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оны алу жолдары мен шарттары туралы Пугачев пен Пепел ауылының тұрғындарына Еркебұлан Ихсанов пен Мереке Ізтелеуов түсіндірді.

Жалпы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға бірінші кезекте бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылған. Аудандық бюджеттен қарастырылған бір реттік өтемақының көлемі 50 АЕК, яғни 184600 теңге. Оны алу үшін тұрғындар әкімдікке барып, арнайы құжаттарды тапсырып және арыз жазуы керек. Қажетті құжаттар тізімінде арызбен қатар жеке куәліктің көшірмесі, жер актісі мен мүліктің құжаты бар. Сонымен қатар тапсырылған құжаттар «Қызыл ай» қоғамының көмегін алуға жолданбақ.

Тұрғындар арасындағы аса маңызды мәселе – тұрғын үй мәселе. Аудан әкімі бұл мәселені кейінге қалдырмай, құжаттарды ертерек тапсыруды өтінді. Өйткені сәуір айының аяғына дейін бағалаушылар өз жұмысын аяқтап, нәтижесін беруі керек. Сонымен қатар аудан басшысы өткен жылғы қателікті болдырмау үшін биыл бағалаушыларды енді азаматтар өздері табатынын жеткізді. Алайда бағалаушыны тұрғындар ұсынғанымен, олардың атқарған барлық жұмысын әкімдік өтейтіні айтылды. Одан бөлек жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржының да дұрыс есептелуі үшін бағалаушы келгенде жөндеу жүргізетін азаматты да шақырып, жөндеу жұмысының нақты бағасын айтып отыруға кеңес берді.

Жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселені де көтерді. Соның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға келіп, үй алған азаматтар ендігі үйдің жайын айтты. Одан бөлек пугачевтік тұрғындар ауылдағы арық жүйесін реттеу керектігін, бұл келешекте ауылды тасқын судан құтқаруға мүмкіндік беретінін айтты. Аудан басшысы алдағы уақытта бұл мәселені шешу кезінде тұрғындардың пікірі міндетті түрде ескерілетінін жеткізді.

Ауыл тұрғындары үйлерінің бірнеше күннен бері су астында тұрғанын айтып, қабырғаларын кептіру оңай болмайтынын жеткізіп, тұрғын үй мәселесін шешуді қарастыру керектігін көтерді. Аудан басшысы барлық жағдайды түсінетінін, дегенмен тек заң аясында жұмыс істеуге қауқарлы екенін айтып, бағалаушылардың нәтижесін күтуді өтінді. Сонымен қатар көппәтерлі жер үйдің бірінде тұратын тұрғындар да мәселенің мәнісін анықтап, шешу жолдарын сұрастырды.

А.Нұр,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале