8.05.2025, 10:45
Оқылды: 264

«Күлден шыққан гүл» немесе ақын рухы аласұрған күн

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және қаһарман батыр, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Абдолла Жұмағалиевтің 110 жылдығына арналған бір күндік рухани мерекенің нүктесін – «Күлден шыққан гүл» поэтикалық трагедиясы әдемі қойды. Автор – сырымдық ақын, драматург Бауыржан Ширмединұлы. Қойылымды көруге халық лық тола жиналды. Сахнадағы әр сәт көрерменді Абдолламен бетпе-бет кездесіп тұрғандай әсерге бөледі.

495445544_1294725109319696_3178123197710263245_n

Қойылымның қоюшы режиссері – Алмат Шарипов, суретшісі – Мұрат Мамбетов. Абдолла рөлін сомдаған жас актер, Сырым ауданының тумасы Абылай Максим көрермен ықыласына бөленді. Абдолланың студенттік шақтағы досы Қалижанмен (Рамазан Қамешов) басталған оқиға майдан даласындағы ауыр күндерге ұласып, от пен оқтың ортасында пісіп-жетілген достық, ерлік пен махаббатты шынайы жеткізді. Мәншүк Мәметова (қойылымда – Мәнсия) рөлін Наргиз Ғабдылғазизова сомдап, нәзік сезім мен қайсар рухты шебер ұштастыра білді.

495222232_1294725375986336_3378022118674479997_n

Сахналық көріністер – студенттік кезең, майдан кезі, ұрыстың отты сәттері, оқ пен снарядтың шынайы үні – бәрі-бәрі көрерменді сол дәуірге жетелеп, оқиға ортасына ендіріп жібергендей әсер қалдырды. Трагедия шарықтау шегіне жетіп, Абдолланың: «Менің адал жүрегімді жау алмасын, сен алшы, өрт!» – деп, Отан үшін жанын пида ететін сәтінде:

Қош бол енді, туған елім,

Кеттім саған боп қарыздар.

Жоғал жауым. Кел бері өлім,

Қош бол, достар! Достар! Достар, —деп отқа оранған Абдолла, зілдей зеңбіректі зілдене атып, өзі де мерт болған Мәнсия, олардың аппақ жандары қосылып, Абдолланың аруға алқызыл шоқтай гүл ұсынып, екеуі қол ұстасып, қос батырдың ақ киімді аруағы қазақ даласын шарлап кеткенде, көзіне жас алмаған жан болмады.

495489611_1294725532652987_2212778240430379456_n

Абдолла мен Мәншүктің (Мәнсия) махаббаты – символикалық деңгейде берілген. Бұл арқылы автор махаббаттың соғысты да жеңетінін жеткізгісі келген. Ақын, жауынгер Абдолланың махаббат жырлары, рухты сөзі, ерлікті таңдауы – оның адами болмысының айғағы.

495261487_1294726052652935_2328469792449349958_n

Қойылымда Қасым Аманжолов (Есбол Ниетқалиев), Жамбыл Жабаев (Ақылбек Бекболатов), Қажымұқан Мұңайтпасов (Жоламан Еркін), лейтенант Григорьев (Мұрат Мамбетов), қара кейіпкер (Қайрат Илашев), Иван Дунай (Нұрым Амангелді) Әбіл Құндыбаев (Игілік Жұмағали) секілді тарихи және көркем бейнелер де сомдалды. Бұдан бөлек Алмаз Жұмагелдиев, Мейірбек Қанатов сынды Жымпиты халық театрының әртістері де қойылымда өте жақсы ойнады. Кейіпкерлер трагедияға тұтас дәуірдің рухын дарытты. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістерімен қатар, сырымдық әртістер де кәсіби шебер болмаса, рөлді мықты алып шықты.

495231307_1294725895986284_8618449078486263137_n

 

495571448_1294726735986200_8187491038221489373_nҚойылым соңында сахнаға режиссер, автор, суретші шақырылып, театр ұжымына Сырым ауданы әкімдігі атынан ықылас гүлі ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов көрерменге алғысын білдіре отырып, былай деді:

— Сырымның рухымен, Қадырдың жырымен, Абдолла жігерімен өмір сүріп жатқан біздің Батыс Алаштың елі – өзінің батырын іздейтін, тарихын түгендейтін ел. Алдағы уақытта бұл қойылым ауданның он екі ауылдық округінде және облыс аудандарында қойылады.

495151974_1294725212653019_4836890973758404043_n

Көрерменнің шапалағы Абдолланың жүрек дүрсіліндей әсер берді. Қойылымның деңгейі – жәй әсер емес, кеудедегі өксікті сыртқа шығаратын, сана мен жүрекке мәңгілік із қалдыратын туынды болды.

Абдолла Жұмағалиевтің поэтикалық бейнесі – албырттық пен батырлықтың, нәзіктік пен өрліктің, махаббат пен отаншылдықтың көрінісі. Оның «Атам сені, бомба боп жарыл, жүрек!» деген өлең жолы – бүкіл тағдырының кілті тәрізді. Трагедия авторы Бауыржан Ширмединұлының айтуынша:

— «Абдолла мен Мәншүктің арасында сезім болғаны рас па, Мәншүк мұнда неғып жүр?» деген көптің сұрағы бар. Мәншүкке сезім білдірген жігіттердің ішінде Абдолла аталмайды. Бірақ Қалижан Бекқожиннің «Албырт ақын және қайсар қыз хикаясы» атты өлеңінде олардың кездескенін баяндайды. Абдоллаға Қалижаннан артық дос жоқ. Абдолла мен Мәншүктің өмірінде ортақ таныстар бар. Екеуі де, Алматыда, бірі педагогикалық, бірі медициналық институтта оқыды. Біз соны негізге алдық. Трагедия арқылы махаббаттың зұлматты жеңіп шығатынын айтқымыз келді».

495161684_1294726632652877_8370214378524142701_n

Абдолланың рөлін сомдаған Абылай Максим:

— Бұл – менің сахнадағы алғашқы қазақи, тарихи бейнем. Қиын болды. Бірақ Бауыржан ағамыздың кеңесімен, халықтың қолдауымен алып шықтым. Халықтың ықыласын сөзбен жеткізу қиын. Әр көрерменді сезіне білдім. Қасым Аманжолов поэма жазбағанда, біз Абдолла есімін білмей қалуымыз мүмкін еді, – дейді.

Қазақ даласынан түлеп ұшқан «Күлден шыққан гүл» – ұрпаққа аманат, тарихқа тағзым, рухқа тағылым. Бұл қойылым арқылы ұрпақ жүрегіне Абдолла есімі өлең болып жазылды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

495227187_1294725422652998_8980350238022019734_n 495242040_1294725332653007_2047410278988088343_n 495261487_1294725169319690_2597639735193568396_n 495538930_1294725049319702_3925920797588706804_n 495540879_1294724995986374_5793123233330898731_n

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале