28.07.2021, 14:50
Оқылды: 129

Құмды ауылда – гүлді аула   

Теректі ауданында Қазақстан Тәуелсіздігінің  30 жылдығына орай «Үздік аула» байқауы жарияланған болатын. Аудан әкімдігі  ұйымдастырған шараға  қатысу үшін үй иесі өз ауласы туралы материалдарды аудандық ішкі саясат бөлімінің [email protected] электрондық поштасына жолдауы керек. 

нужно

Осы байқауға қатысуға ниет еткендердің бірі -  Сарыөмір ауылында тұратын Отаровтар отбасы.  Шалқар айдынының маңындағы құмды ауылдың жасыл желекке бөленген ауласы көрген кісінің көңілін тойдырары хақ.

20210728_144236

  Үй иелері - отағасы Төлеген мен отанасы  Ұлғаным – еңбекқор жандар.  Ауласын шағын баққа айналдырған. Шарбаққа кіргеннен бірден көзге түсетіні - алқызыл раушандар мен шырмалған шырмауықтар. Шие, өрік сынды жеміс ағаштарымен қатар дәмі тіл үйірер құлпынай да өсіп жатыр. Көкөністер - зерде, қияр, қызанақ, байалды, кәді де осы ауладан табылады. Оның үстіне қорада қойы бар. Құс та өсіреді.  Мұндай шаруашылықты  күтіп-баптауға отбасы мүшелерінің барлығы бір адамдай ат салысатын көрінеді. Бүлдіршін  немерелері де ата-әжесіне қолұшын береді.  «Мұның бәрі ұрпағымыз – бала-немерелеріміз үшін жасалған қам» дейді отағасы. Немерелеріне арнап шағын ойын бұрышын жасап қойған. Аулада әткеншек, үйшік, бассейн, тіпті таза ауада  сабақ оқуға арналған үстелге дейін бар. Бұның бәрі де Төлегеннің қолынан шыққан.

20210728_144142

Ол ұста ғана емес, саз аспаптарының құлағындай ойнайтын  өнерге де жақын адам. - Немерелерімізді еңбекке үйір, өз нанын өзі тауып жейтін, жан-жақты бейімделген жеке тұлға болып қалыптасса деген ниеттеміз. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демей ме халық нақылы. Біз  оларға  жақсы нәрсені үлгі етуге тырысамыз. Бос уақытымда немерелеріммен өлең айтып, аспапта ойнаймыз. Бұл бізді рухани тынықтырып, шаршағанымызды басады, - дейді отағасы Төлеген. «Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар» демекші, жұбайы Ұлғаным де құралақан емес. Іске епсекті, бармағы майысқан жан. Үйге кірер жерде аяқ астында жатқан тоқыма кілемді басуға қимайсың... Тоқыма, тігін мен қолөнерге икемді ол ауылда шаштараз ретінде де танылған.  -Қолым қалт еткенде, ине-жіп ұстаймын. Балаларға мерекелік сәнді көйлектерді тігіп, тоқи беремін. Жаздың күні шаруа көп. Қыстың қамын жазда ойлап, балапан бағамыз. Көкөніс пен жеміс баптаймыз. Бақшада өзімізге керектінің барлығы бар, шүкір. Ешкімге қол жаймай, тұрмысқа керектіні  өсіріп-өндіруге дағдыланып кеттік, - дейді Ұлғаным.

20210728_144154

Отаровтар отбасының балаға берген тәлім-тәрбиесі,  ауласын гүлдендіріп, баққа айналдырған еңбегі кім-кімге болса да, үлгі болғандай.

20210728_144218

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале