13.06.2022, 11:15
Оқылды: 61

«Күміс жасқа» келсеңіз, жұмыс істеп көрсеңіз

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнеткерлік жас алдындағы жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бастаманы іске асыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізілетін болады. Қазіргі таңда жобаны ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын талаптар нақтыланатын нормативтік-құқықтық акті әзірленіп жатыр.

17

Фото дереккөзі: islam.kz

Жоба кімдерге арналған?

Теректі аудандық жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, «Күміс жас» жобасы зейнет жасына жақындаған жұмыссыз адамдарға арналған. Бағдарламаның мақсаты – зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған азаматтарды уақытша жұмыспен қамту. Ауданымызда аталмыш жобаның жүзеге асуына 17 014 000 теңге қаржы бөлінген екен. Әзірше 15 адамды қамту жоспарланған.

Жобаның шарты қандай? «Күміс жас» жобасына қатысушыларға жалақысының бір бөлігін мемлекет, ал екінші жартысын жұмыс беруші төлейді.

Салықтарды, міндетті әлеуметтік төлемдерді, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін есептегендегі субсидияның ең жоғары мөлшері – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Ал айлығы 200 мың теңге болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі бір жыл. Мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші қатысушыны зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Жоба жыл сайын елімізде 5 мың адамды қамтиды деп күтілуде.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс құрылатын болады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда және ұлттық кәсіптер сыныптауышына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар/кәсіптер бойынша құрыла алмайды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған. Бұл бағытты іске асыру аясында 10 тапсырма, 30 көрсеткіш пен 69 іс-шара көзделген.

- Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңге, оның ішінде, республикалық бюджеттен 1 трлн теңгеден аса, жергілікті бюджеттен 125 млрд теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестиция тарту қамтамасыз етіледі. «Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру» бағыты ауқымында кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету көзделеді. Өз ісін ашу үшін, оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жағдай жасау бойынша іс-шаралар қабылданады. Іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында шетелдік бизнес-тағылымдамалар ұйымдастыру көзделеді»,  – дейді Әсет Ерғалиев тілшіліерге берген сұхбатында.

Өтінішті қадай береді?

«Күміс жас» жобасына тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе «Еnbek.kz» электронды еңбек биржасы қызметін қолданасыз. Сонымен қатар, Теректі аудандық жұмыспен қамту бөлімінен де кеңес алуыңызға болады.

«Еnbek.kz» электронды биржасы арқылы тіркелу кезеңдері:

«Enbek.kz-те» жеке кабинет ашу қажет;

Жұмыс іздеуші ретінде өтініш толтырып, ЭЦҚ-мен қол қою;

Өтініш тексерілгеннен соң жеке кабинетке хабарлама келеді.

Талап қандай?

Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса, мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті.

Зейнет жасына жақындаған жұмыссыздар саны қанша?

Ақпандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 450 мыңнан астам жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар. Ал, жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Бұл зейнет жасына жақындаған адамдарға жұмыс табу қиын екенін көрсетеді. Басым бөлігі еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені, егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейді.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, елімізде 55-59 жас аралығындағы әйелдер арасында жұмыссыздық көрсеткіші – 6,6%, ал ерлер арасында – 5,8%, 60-64 жастағы әйелдер арасында – 3,9%, ерлер арасында 4,1% болған.

Екі қолға бір күрек табылса игі

– Бүгінгі таңда көп жерлерде 40-тан асқан жандарды жұмысқа алмайды. Егер денсаулық мықты болса, іске иекемді болса, неге алмасқа? Өткенде теледидардан «Күміс жас» жобасы жөнінде естіп қалып едім, шыны керек, жақсы жоба. Қазіргі уақытта жұмыссызбын. Зейнеткерлікке шығуыма да аз қалды. Алайда күткен адамға жеткізіп болмайды. Заң бойынша, бұл жобаға қатысу тек бір жыл дейді. Мейлі, азғантай жыл болса да, екі қолға бір күректің табылғаны жақсы ғой. Жұмыс істеп жүріп, зейнеткерлікке шықсам екен, – деген подстепныйлық Майра Құттыбаева аталмыш бағдарламаны құптап отыр.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале