12.08.2022, 21:42
Оқылды: 248

Күнбағыс пен жүгері. Қос дақылдың жергілікті жағдай өнімділігін арттыруға ғылыми түрде мән берілмек

Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылдық округінде «АгрофестБатыс-2022» атты іс-шара өтті. Егінжай күні аясында болған осы басқосуда өңіріміз үшін бірегей жоба - агро орталық ашылды.

IMG-20220812-WA0203

Республикалық «АlemАgrо» компаниясы мен жергілікті «Агросервис-Батыс» ЖШС ұйымдастырған жиынға еліміздің біраз өңірілерінде ауыл шаруашылығы саласының түрлі бағыттарында қызмет етіп жүрген мекеме-кәсіпорын, шаруа қожалығы өкілдері келді.

IMG-20220812-WA0205

- Ашылып жатқан орталықтың тек аудан үшін емес, облысымыз үшін де маңызы зор. Ғылыммен ұштастырылып қызмет атқаратын бұл орталық алдағы уақытта өңіріміздегі дәнді дақылдар өнімділігін арттыруға септігін тигізеріне сенім мол. Бұрын АҚШ-та дүние кешкен бір диқан өзінің дәнді дақылдарының жақсы сұрыптарын көршілерімен бөліседі екен. Көпшілік мұны түсінбесе керек. Сонда жаңағы фермер «Егер көршілеріңнің егістік алқабы жайқалып тұрса, менің көңілім жай, егінімнің де шығымы жақсы болады. Егер тек менде өнімілік жоғары болса, оларда қызғаныш туындайды. Ал қызғаныш шиеленіске алып келеді» деген екен. Міне, «АlemАgrо» компаниясы мен «Агросервис-Батыс» ЖШС-ның бірлескен жобасынан да осыны аңғаруға болатын сияқты. Елдің игілігі үшін бастап жатқан олардың істеріне сәттілік тілейміз, - деді іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.

«Агросервис-Батыс» ЖШС-ның директоры Армат Бисеновтың айтуынша, елімізде өсімдік шаруашылығын дамытумен айналысатын «АlemАgrо» секілді ірі компаниямен серіктес болу – бұл жаңа даму сатысына көтерілу болып табылады.

«Біз алқабымыздың 80 гектарын ғылымға бердік, - деді Армат Ғимыранұлы. - Бұл жерде күнбағыс, жүгері сынды дақылдардың жаңа сұрыптары егіліп, оларың жергілікті климатқа бейімделуі, қандай әрі қанша мөлшерде тыңайтқыштарды қолдау керектігі және өзге де агротехникалық іс-шаралар жүргізіліп, зерттеледі. Сонымен бірге оларды егу, суару, өңдеу, жинау кезінде қандай технологиялар мен техникаларды қолданған тиімді болатындығы жөнінде жұмыстар атқарылады. Енді осында тұрақты түрде өтетін Егінжай күндерінде мұның бәрі кеңінен талқыланып, тәжірибе ретінде ұсыналатын болады. Агро орталық сондай-ақ техника, тыңайтқыш өндірушілер мен оларды қолданатын шаруашылық өкілдері және ғылыми жұмыстар жүргізетін жандар арасында өзара байланыстың дамуына ұйытқы болуды мақсат тұтады».

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев мұндай орталықтың құрылуы, бұл жерде осындай іс-шаралардың өтуі ел-жұртқа тиімді екенін айтады.

IMG-20220812-WA0201

- Облыста өсімдік шаруашылығымен айналысатын 400-ге тарта шаруашылық бар. Олардың біразы күнбағыс пен жүгеріні егеді. Облысымызда күнбағыс майы Теректі ауданы Пойма ауылындағы май зауытында өндірілетіні белгілі. Бұл зауыттың күнбағыс дәніне деген жылдық қажеттілігі 51 мың тоннаны құрайды. Егер биылғыдай ауа райы қолайлы болса, онда өңірімізде өндірілетін өнім оны қамтуға жетеді. Енді бұл бағыттағы жұмыстар ғылыми түрде ұйымдастырылатын болса, өңірімізде майлы дақылдар егетін диқандар саны да, алқап көлемі де артатына және өнімділік еселене түсеріне үмітіміз зор, - дейді ол.

IMG-20220812-WA0206

Іс-шара барысында «АlemАgrо» компаниясының ғылыми жұмыстармен айналысатын өкілдері Ақ Жайық өңірінің климаты жағдайында күнбағыс, жүргері дақылдарын өсіруде қолданылатын жаңа технологиялар, тыңайтқыштар мен химиялық заттар, олардың тиімділігі жайында кеңінен баяндады. Жиналғандар тәжірибе ретінде қолданысқа енгізілген танаптарда болып, өндіріске енгізіліп жатқан жаңа технологиялармен және техникалармен танысты.

Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале