24.08.2021, 16:41
Оқылды: 94

Күнбағыстан май өндірмек

Шыңғырлау ауданының дархан даласында көктемде егілген дәнді дақылдардың жиын-терімі кезінде шаруа жандар ысырапқа жол бермеуге тырысады. Себебі, әрбір егілген егін оған жұмсалған шығынын өтеп отыруы тиіс. Сондай-ақ, азық түлік себетіне түсуі шарт. Әр өнімнің әрқайсысының өзіне тән, белгілі бір  уақытта жинайтын кезеңі, мерзімі бар. Бірі ерте, бірі жай, дәнінің толысып, пісуіне байланысты. Соның бірі майлы дәнді дақылға жататын күнбағыс.

IMG-20210817-WA0014

«Күнбағыс өсіру мерзімі оның сорты мен технологиясына қарай бар жоғы 100-150 күнге созылады. Бұл бастапқы өніп-шығу кезеңінен гүл жару кезеңіне дейін суыққа, құрғақшылыққа төзімді, дәлірек айтқанда біздің климатымызға өте бейім өсімдік болып табылады. Сондықтан, күнбағыс өсіру-аса қарапайым, қаржы салымын аз мөлшерде қажет ететін, әрі жоғары рентабельді, өзін-өзі аз уақыт ішінде ақтайтын өнімнің түрі», - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов.

Күнбағыстың пістелері (дәндері) өте пайдалы. Олардың құрамында май, құнды өсімдік ақуыздары, көмірсулар, өзек, лецитин бар. Түрлі микроэлементтерге бай, сондықтан да магний, темір, мырыш, селенит, адам ағзасында йод жетіспегенде ең қажеттідәрумен осы өсімдіктен алынады екен.

Батыс өңірінде ең көп тараған түрі – майлы күнбағыс. Күнбағысты көбіне-көп май өндіру үшінөсірсе, ал қалдығы мал шаруашылығында азық ретінде өте пайдалы екен. Күнбағыстың көп тараған түрі – біржылдық. Сабағы тығыз, биіктігі 2,5 м дейін тік өседі. Егін көлемі көп болмағанымен жылда шығымы тым-тәуір, әрі нағыз пайда көзі болып табылады.

Ауданымызда тұқымының арзандылығын, пайдалы жағының көптігін ескере келе бірнеше шаруашылық осы іспен айналысып келеді.Өсіріп және өңдесе одан май шығарудың біршама артықшылығы бар. Осы іспен айналыса бастағандардың бірі – «Амангелді АГРО» ЖШС-і. Олар тыңайған 200 гектар танапқа күнбағыс егіп, күз келе мол өнім жинағалы отыр. Серіктестіктің биылғы жылы екі танапқа егілген  тұқымының шығымы әр түрлі. Бірі тез өсіп, әрі дәні толық, биік, әрі тығыз болса, ал келесі бір танаптағы күнбағыс өсуі мен дәні жағынан біріншісінен тым қалыс қалыпты. Әйтсе де, бұл шағу майына арналып  өсірілгендіктен оның саны немесе тұрқы емес, салмағы маңызды дейдітанап иесі. Ащысай ауылдық округі аумағында себілген алқаптың бірінде «Ясон стандарт» және келесі алқаптағы «Искандер» сорты салмақ жағынан да, шығымдылығымен де ерекшеленеді.

«Амангелді АГРО» ЖШС-і барлық агротехнологиялық шараларды сақтай келе, келер жылы егістік көлемін де,күнбағыс тұқымының жаңаша түрін егуді жоспарлауда. Ал биылғы өнімді жиысымен, май шығарушы зауытқа тапсыруды көздеп отыр. Бұл үшін май өндіруші тараппен келісім-шарт жасалып та қойылыпты. Демек, көп күттірмей, өзіміздің өніміміз дүкен сөрелерінетүсер күн де жақын.

                                                                                             А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале