8.08.2023, 17:30
Оқылды: 88

Құныскерейдің көзін көрген қария естелігін айтып берді

Кеңес заманында өмір сүрген, өңірге жақсы таныс, есімі аңыз болған айтулы тұлға Құныскерей Қожахметов болатын. Халық оны «батыр» десе, тарихта оның есімі теріс жазылды. Атына тіркелген «банды» анықтауышы өмір бойы өзімен бірге аталатын болды. ХХ ғасыр басындағы аумалы-төкпелі заманда тағдыры аласапыранға айналған батыр туралы облысымыздың Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының халқы біраз деректі айтып, жазып жүр. Тіпті Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылы аумағында Құныскерей паналаған «Құныскерейдің үңгірі» бар. Үңгір туралы елімізге танымал, қаламы қарымды журналист Қазбек Құттымұратұлы 2013 жылы «Dana» журналында жазған болатын.

IMG20230722122439

«Сонда Құныскерей деген кім?» деген сауалдың тууы заңды. Тарихты парақтап, әлеуметтік желіні сүзіп шықтық. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде, 1920 жылдары банды атанған Құныскерей Қожахметов Атырау облысы Қызылқоға ауданында Тайсойған құмындағы Нөсер қыстауында дүниеге келген. Құныскерейдің туған және қайтыс болған жылдары туралы нақты дерек жоқтың қасы. Бір жерде Құныскерейді 1885 жылы, енді бір деректе 1895 жылы туған дейді. Ал қайтыс болған жылдарын түрліше көрсеткен – 1961, 1965, 1968 жылы, тіпті бір энциклопедиядан 1982 жылы қайтыс болғаны туралы деректі оқуға болады.

Құныскерей бастапқыда ауылдық кеңес төрағасы болып жұмыс істеген көрінеді. Алайда 1922 жылы үйіне келген ақын, композитор Ерғали Аязбаевты қорғап, ГПУ өкілін атып өлтіргені үшін банды атанып, біраз жыл қуғында жүрген. Ақыры Түрікменстанға кетіп, аты-жөнін Әбілқайыр Жаманов деп өзгертіп, 1968 жылы сол жақта дүниеден озған. Бұл –әлеуметтік желіден алынған қысқаша мәліметтер. Құныскерей және оның тағдыры туралы қаламгерлер Өтепберген Әлімгереев «Құныскерей», Марат Мәжитов «Құмдағы із» атты шығармалар жазған. Көрнекті жазушы Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романының арасында пайдаланған.

Ал қазіргі күнде әйгілі Құныскерейді көргендер жоқтың қасы десек, артық болмас. Дегенмен батырдың көзін көрген азаматты жолықтырған болатынбыз. Жуырда Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұловпен бірге Қарасу ауылдық округіне бардық. Сапарымыз барысында негізгі мамандығы тарихшы Асланбек Ахметоллаұлы менен: «Қайреке, осы сен атақты Құныскерей туралы естуің бар ма?» – деп сұрады. Мен де Құныскерей туралы аз-маз оқығаным туралы айттым. Сол кезде ол: «Қарасуда сол батырды көзімен көрген ағамыз бар. Сол кісіге амандасып, әңгімесін тыңдап қайтайық», – деген ұсынысын айтты.

Ат басын Қарасу ауылдық округіне қарасты Дауылбай қыстағына, Бақытжан Дүйсенғалиев ақсақалдың үйіне тіредік. Нәпақасын адал еңбектен тауып, атакәсіппен айналысып жүрген Бақытжан ағамызды аудан халқы жақсы таниды. Бүгінде жасы жетпістен асқан ағамыз ат үстінен түспей, шаруасын өзі басқарып жүр. Бізді құшақ жая қарсы алған Бақытжан аға саулық сұрасқаннан кейін келген шаруамызды тыңдады.

– Мен 1970-1972 жылдары әскери борышымды Кеңес әскері қатарында Түркіменияның астанасы Ашхабад қаласынан 18 шақырым жердегі Ақтепе деген жерде өтедім. Сол уақытта қасымда әскерде болған жолдас жігітпен бірге оның әкесінің үйіне бардық. Әкесінің руы адай екен. Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін менің Орал облысынан екенімді біліп: «Ә, қарағым, сен Адам Имановтың ауылдасы екенсің ғой», – деді. Мен Адамды танымайтынымды айттым. Сонда ақсақал: «Құныскерей туралы білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Көргенім жоқ, бірақ «Ақ Жайық» романынан оқығаным бар», – дедім. «Онда кітаптан оқысаң, Құныскерей деген сол кісі», – деді. Мен таңданысымды жасыра алмай: «Құныскерей сотталып, кейін өлген емес пе?», – деп қарсы сұрақ қойдым. «Жол, ол тірі. Нағыз көргің келсе, мен саған оны жолықтырамын. Біраз уақыттан кейін кел», – деп шығарып салды. Айтқан уақытқа уағдаласып, аттанып кеттім.

Уәделескен күні жолдасымның әкесінің үйіне келдім. Сол үйде Құныскереймен танысудың сәті түсті. Ұзын бойлы, қарасұр, қалың қабақты, түрі сұсты адам екен. Күші сыртына теуіп тұрған сом білекті. Ілкіде ол өзі туралы ештеңе айтпады. Біраз отырғаннан кейін әңгімеміз жарасып, шешіле бастады.

968aca7e-f5dd-44d1-a337-81e6a187cfa8

«Менің руым – ысық, оның ішінде тоғызбайымын. Азан шақырып қойған есімім – Құныскерей, бірақ мына жақта Адам Иманов болып жүрмін. Елде әділетсіздікке қарсы болғаным үшін «банды» атандым. Арда азаматтарды қорғаймын деп, артымнан қуғын түсті. Елге сыймағасын, осы жаққа кетуге бел шештім. Елден Үйшікке, Үйшіктен Маңғыстауға, Маңғыстаудан Қызылсуға (Түркменбашы) астым. Содан Түркімен жеріне аудым. Елде әйелім мен балаларым қалды. Ал мына жерде екінші жолдасымнан екі қызым бар. Арманым – туған жерімді көру. Жасырын түрде болсын, баруым қажет. Елде менің тірі екенімді білсе, бірден атып тастайды», – деді.

Әңгіме арасында Құныскерейден: «Аға, не үшін шатылдыңыз?» – деп сұрақты төтесінен қойдым. Ол кісі күрсініп отырып: «Аманғалиды білетін шығарсың?! Сендер оны да «банды» дейсіңдер. Сол азамат менің үйіме қыдырып келген болатын. Ол кезде мен ОГПУ-да қызмет етемін. Аманғалидың артынан қуғыншылар келіп, маған «Оны ұстап бер!» деп бұйырды. Мен келіспедім. Қызыл жендеттерге: «Қай қазақты көріп едің қонағын ұстап берген?! Қонағым үйден аттанып кетсін. Содан кейін өздерің ұстай беріңдер!», – деп тіл қаттым. Аманғали ұстатпай, аман кетті. Сол уақыттан бастап менің де артымнан түскесін, бас сауғалауға мәжбүр болдым. Оның алдында ауылсовет басшысы болдым», – деп әңгімесін өрбітті Құнекең.

Мен қызықты сұхбатымызды әрмен қарай жалғап: «Аға, сізді кітапта жылқышы, Есенгелді байдың жылқысын баққан деп жазады. Сол туралы айтсаңыз», – деп сұрақтың астына алдым.

 Ол кісі:

«Е, жас кезімде жылқы баққаным рас. Байдың жылқышысы, атқосшысы болдым», – деп сөзін түйіндеді.

Бар есімде қалғаны осы. Негізі, Құныскерей көп ашылып сөйлеген жоқ. Бүгінде халық батыры, ол кезде банды болған Құныскерей Қожахметов Түркімен елінің Чаржоу (қазіргі Туркменабад) қаласы маңында тұрған екен, – деп көзімен көрген хикаясын аяқтады Бақытжан аға.

Әйгілі Құныскерей туралы Бақытжан ағамыздың қызықты әңгімесін тыңдап, біраз мағлұматқа қанықтық. Байқағанымыздай, жетпістен асқан ақсақалдың сөз саптауынан тарихты терең білетін қазыналы қарт қатарынан екені көрініп-ақ тұр. Болған оқиғаны баяндап, әділетсіздік үшін шыдамай, халық кегін қуған халық батыры Құныскерей Қожахметовтің көзін көрген Бақытжан Дүйсенғалиев ақсақалдың әңгімесін жазып отырмыз. Құнды дерекке толы келелі әңгіменің тарих үшін маңызын оқырман өзі бағалай жатар.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале