19.03.2021, 13:20
Оқылды: 119

Құрама қуанта қоймайды-ау

Енді бірнеше күннен соң футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі ойындарын бастайды. Қарсыластарымыз шетінен «сен тұр, мен атайын» командалар. Бұл іріктеуде біздің құрамадан не күтуге болады? Соны бір саралап шықсақ.

DAC72577-D427-4326-B51C-9119EE9FBB16

Алғашқы ойын тобымыздың ғана емес, жалпы әлем доп додасының фавориті Франция құрамасына қарсы өткіземіз. Бүгінде Дидье Дешам үш жолақты елдің үш бірдей құрамасын жасақтаса да, ұтылмайтындай деңгейде. Оның қол астындағы жігіттердің қайсысы жұлдыз емес деген сұрақтың жауабын табу оңайырақ. Поль Погба, Антуан Гризман, Антони Марсиаль, Уго Льорис, Нголо Канте сынды ойыншылардың атын естігенде-ақ жеңілген адамның күйін кешесің. Сондықтан да оларға қарсы матч тек бізге ғана емес, кез келген құрама үшін қиын болады.

44A751E0-1AEA-4920-85B3-6F291C36F6F2

Осы кезге дейін қазақ елі мен Франция ересек құрамалары ешқашан кездескен емес. Бірақ жастарымыз оларға қарсы үш матч өткізді. Үшеуінде де әдеттегідей жеңілгеніміз де рас. Бірақ бір ойында біздің жастар соңына дейін таласып, қорытындысында 2-1 болып жеңілді. Қазіргі жұлдыздардың ішінде біздің қақпаға Антуан Гризман мен Антони Марсиаль гол соқты. Шынын айту керек, француздарға қарсы құрама ешқандай қауқар көрсете алмасы айдан анық. Бірақ қазақ командасы наурыз айындағы матчтарын жоғары деңгейде өткізгенін ескерсек, түйнектей ғана үміт пайда болады. Өйткені азулы Сербияны, мықты Шотландияны және Венгрияны дәл осы наурыз айында қапы қалдырған болатынбыз. Оның үстіне Франция құрамасы ТМД елдерінің командаларына қарсы өте сәтсіз ойын өткізеді. Бір кездері Ресей құрамасына одан кейін Беларустарға есе жіберді. Бірақ бұл біздің жігіттер жеңеді дегенге толық негіз бола алмайды. Десе де, сәттілік. Әйелдер құрамасының кейпін кимейміз деген үміттеміз.

Одан кейін жігіттеріміз Украинаға аттанады. Бұл ойын да бізге үлкен сынақ болады. Өйткені украин футболы қазір жоғары деңгейде. Динамо мен Шахтердің академиясы сапалы жастардың томағасын сыпырып, үлкен додаға қосып жатыр. Ал Зинченко, Малиновский мен Ярмоленко – қарсыласымыздың атақты футболшылары. Оның үстіне Еуро додаға іріктеу кезінде атақты Португалия құрамасының өзін шаң қаптырған Шевченконың шәкірттері кез келген командаға қарсы ойнап бере алады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Украина құрамасының біздер үшін орны бөлек. УЕФА құрамына кіргеннен кейінгі алғашқы ресми матчымызды Блохин мен Шевченконың отандастарына қарсы өткізгенімізді көзі қарақты жанкүйер біледі. Дәл осы құрамаға да Еуропадағы алғашқы голымызды соққанымыз да көптің есінде. Бұл жігіттер Зиненко мен оның командасын жеңеді деуге болмас. Бірақ тіресуге болады.

Кезекті қарсылас – Финляндия. Бұл құрамамен біздің елдің жігіттері екі мәрте кездесті. Ол ойындар Еуро-2008 додасына іріктеу турнирі аясында болды. Үйде 0-2, түзде 2-1 есебімен есе жібергенбіз. Суоми елі құрамасының біздің құрамадан айырмашылығы сол: ол команданың көп ойыншысы Еуропа елдерінің чемпионаттарында доп тебеді. Ал ең жарқын ойыншылары – Теему Пукки мен Лукаш Градетский. Бұл құраманы үйде жеңуге болады деген ойдамыз.

Ал топтағы соңғы қарсылас – Босния және Герцговина құрамасы. Жаңа ғасырдың оныншы жылдарында бұл елдің футболы жақсы деңгейге көтерілгендей болған еді. Тіпті 2014 жылғы әлем чемпионатына да қатысты. Бірақ одан кейін кереметтей нәтижемен жанкүйерін қуанта қоймады. Десе де құрамы жағынан біздің елден әлдеқайда озық көрінеді. Асмир Бегович, Эдин Джеко, Миралем Пьяничтар өздерін жақсы таныта білген жігіттер. Бұл құраманы да үйде жеңіп, сенсация жасаймыз деген үміт бар. Тек Маруа қарттың баласы жігіттерге дұрыс жол сілтей алса болғаны.

Күні кеше ұлттық құрама бапкері Талғат Байсуфинов Франция мен Украинаға қарсы ойындарға шақырылған жігіттердің тізімін жариялады. Төрт бірдей қақпашы алдырыпты. Олар: Александр Мокин, Стас Покатилов, Бекхан Шайзада және Мұхамеджан Сейсен. Көпшілік қақпа кілті Стас пен Александрға тапсырылуы мүмкін деген ойда. Өйткені соңғы екеуі әлі жас. Десе де тараздық талант Мұхамеджан Сейсеннің болашағы зор екенін мамандар айтудан таяр емес.

Талғат Маруаұлы қорғанысқа Ресейде доп теуіп жүрген Марат Быстров пен Дмитрий Шомконы, Бельгия мен Армения чемпионатында ойнап жүрген Ян Вороговский, Тимур Рудосельский және ел біріншілігіндегі Абзал Бейсебеков, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Александр Марочкин, Руслан Валиуллин, Олжас Керімжанов, Нұралы Әліп пен Тимур Досмағамбетовті алдырған. Шынын айту керек, қорғанысқа ешқандай сұрақ жоқ. Марат пен Дмитрий де, Абзал мен Ян да барын салатын ойыншылар. Ал әнұран айтқанды ерекше ұнататын Сергей Малый да құраманың соңғы ойындарында өзін тек жақсы қырынан көрсетіп жүр. Нұрәлі де қажет кезінде алаңға шығуға әзір.

Көп жанкүйер құрама бапкерінің жартылай қорғанысқа шақырған жігіттерін көріп таң қалғаны рас. Десе де Мәскеулік ЦСКА-ның жарық жұлдызына айнала бастаған Бахтиёр Зайнутдиновтың шақырылғаны қуантады. Асхат Тағыберген, Серикжан Мужиков, Азат Нұрғалиев те жаман ойыншылар емес. Айбол Әбікен, Владислав Васильев, Еркебұлан Тұңғышбаев және Максим Федин де өздерінің шебер футболшы екенін дәлелдеді. Ал Рамазан Оразов, Данияр Усенов, Эльхан Астановпен ақтөбелік жас талант Максим Самородов кандидатурасы көпті таң қалдырды. Кей жанкүйерлер Александр Меркель мен Георгий Жуковты іздеді. Бірақ құрама бапкерінің таңдауы осы жігіттерге түскен екен. Әліптің артын бағалық.

Шабуылға Талғат Маруаұлы Абат Айымбетов және Рамазан Кәрімовті шақырыпты. Бұл шешім де көпшілік үшін қызық болып тұр. «Маусым алдында толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізбеген Абат пен күні кеше жастар құрамында болған Рамазанды шақырғаны қалай?» дегендер де болды. Оралхан Өміртаев та артық етпес еді. Бапкер шешімінің дұрыс-бұрысын ойындар көрсетеді.

Қалай болғанда да, жаңа құрамада жастар көп. Бас бапкер команданы болашаққа дайындап жатқан секілді. Қарсыласты қоғадай жапырмаса да, осы іріктеуде тәжірибе жинаған жастарымыз келесі турнирде тілеулестерін жерге қаратпас деген сенімдеміз. Бұндай тәжірибе біздің футбол тарихында болған еді. Естеріңізде болса, Сергей Тимофеевтің жастарын голандиялық Арно Пайперс алып, біраз ұпай жинаған-ды. Не болса да, қайырымен болсын! Тағы айтарымыз: бұл іріктеу турнирінде құрамадан үлкен жеңістер күтудің қажеті шамалы. Өйткені команда болашақтыкі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Суреттер sports.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале