8.09.2021, 16:14
Оқылды: 66

«Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды

Ұзақ жылдар Қаратөбе ауданында құрылыс саласында қызмет жасап, біраз нысандардың салынуына өз үлесін қосқан құрылыс саласының маманы, жерлесіміз Асан Шонов «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды.

 55

Асан аға 1978 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын сол кездегі Целиноград облысының Шортанды ауданында ПМК №53 құрылыс мекемесінде прораб болып бастаған.

1980 жылы ауылға келіп, «Уральск трестсельстрой №8-ге қарасты ПМК №802 құрылыс мекемесінде қызметін жалғастырады. Құрылыс орнында 1987 жылға дейін қызмет атқарған кезінде аудан орталығындағы типтік жобадағы моншаны, 400 орындық мәдениет үйін, ауданның Қалдығайты кеңшарындағы 90 орындық бала-бақшаны, 1984-1985 жылдары аталмыш кеңшардың орталығынан 624 оқушыға арналған типтік жобадағы мектеп пен мұғалімдерге арналған екі пәтерлі алты үйді салуға ат салысқан.

1987-1992 жылдары аудан архитекторы, бір жылдан соң аудандық лиманды суландыру жүйесінде 2000 жылға дейін қызмет жасаған. Одан кейінгі жылдары «Қалдығайты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрылыс маманы, 2005-2011 жылдар аралығында аудандық құрылыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасаған. Осы жылдары аудан орталығындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы ғимаратын, ауданның Шөптікөл, Сулыкөл, Егіндікөл, Қоскөл ауылдарына су құбырын тарту жұмыстарын жүргізуге қатысқан.

Сонымен қатар аудан орталығындағы сәулетті үйлерді салуға, Қаратөбе ауылы орталығына су құбырларын жүргізу жұмыстарына, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимаратының салынуына белсене араласыпты.

«Тараз-Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет жасап келе жатырған ағамыз Атырау облысындағы бірқатар нысандардың құрылысына қатысқан.

– 2016 жылы Атырау облысы, Индер ауданындағы 160 орындық бала-бақшаны, сол жердегі «Болашақ», «Атырау» шағынаудандарына кәріз құдықтарын, аудандық қауіпсіздік комитетінің кеңсесін, одан соң Құлсары қаласында типтік жобадағы мұрағат кеңсесін салдық. Басталғанына екі жылдай болды Атырау қаласында ішкі істер басқармасының ғимаратын салып жатырмыз.

Отбасында жолдасым Райса екеуміз ұл-қыз тәрбелеп өсірдік. Қызым Ақтоты М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың шет тілдер факультетін аяқтады. Қазір ғылыми жұмыстармен айналысуда. Орал қаласындағы №37 мектептің мұғалімі. Ұлым Досжан агроколледждің агрономия факультетін және ЗКИТУ-ды аяқтап, жерге орналастыру мамандығын алды. Спортпен шұғылданады. Қол күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Балам отбасын құрды. Немерем бар. Отбасымыздың дәулеті болсын деп, есімін Дәулет қойдық.

Мамандығыма сай осы салада ұзақ жылдар еңбек еткенімде алғаш рет атаулы төсбелгіге ие болып отырмын, - дейді «Құрметті құрылысшы» атанған сала маманы.

«Игіліктің ерте кеші жоқ» дегендей, ұзақ жылғы еңбектің бағалануы – азаматтың басындағы бір бақытты сәт.

 

                                                                        Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы  

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале