Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды белестердің бірі – Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы биылғы 23 тамызға белгіленді.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 шілдеде тиісті Жарлыққа қол қойды.
Жаңа Конституция талаптарына сай, Құрылтай елімізде заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы ең жоғары өкілді орган ретінде құрылады. Бес жылдық мерзімге сайланатын Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді. Олар партиялық тізім негізінде, пропорционалды жүйе бойынша жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталады. Сайлау заңнамасына сәйкес, үміткерлердің кемінде 30 пайызы әйелдерден, жастардан және ерекше қажеттілігі бар азаматтардан тұруы тиіс. Бұл талап қоғамдағы барлық әлеуметтік топтардың мүддесін тең қорғауға жол ашады.
Қазіргі уақытта Бөкей ордасы ауданында 1 аумақтық және 22 учаскелік сайлау комиссиясы дайындық жұмыстарын бастап кетті. Олардың құрамында 140-тан астам маман қызмет етеді. Учаскелік комиссиялар 2 тамыздан бастап тізімдерді нақтылауға кіріссе, 7 тамыздан бастап әрбір тұрғын өз мекенжайы бойынша сайлау учаскесіне барып, аты-жөнін тексере алады. Осы уақыт ішінде комиссия мүшелері тұрғындарға шақыру қағаздарын таратып, үйден дауыс беретін азаматтардың өтініштерін қабылдайды.

Биыл кейбір дауыс беру учаскелерінің орны ауысты. Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінің басым бөлігі мәдениет үйлері мен кітапханаларда, мектептер мен спорт мекемелерінде орналасқан. Олардың барлығы бірінші қабатта жайғасқандықтан, келушілерге өте қолайлы. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін учаскелерде пандустар, тактилді жолақтар мен арнайы жабдықталған кабиналар дайындалып жатыр.
Тұрғындарға сайлаудың мән-жайын түсіндіру үшін аудан көшелеріне баннерлер ілініп, мекемелердегі LED экрандар мен әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер көрсетілуде. Сайлау комиссияларының мекенжайы мен жұмыс уақыты туралы толық мәлімет жергілікті «Орда жұлдызы» газетінде және аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Дауыс беру құқығына 18 жасқа толған, тұрақты тіркеуі бар барлық азаматтар ие. Ал басқа өңірден келген студенттер немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтін уақытша тіркелген азаматтар өз өтініші бойынша 23 шілдеге дейін дауыс беру тізіміне енгізіледі.
Егер сайлау күні басқа елді мекенге сапарлайтын болсаңыз, 7 тамыздан бастап 22 тамыздың сағат 18:00-ге дейін өз учаскеңізден есептен шығару куәлігін алып алуға болады. Бұл құжат басқа жерде дауыс беруіңізге мүмкіндік береді. Тек бір елді мекеннің ішінде немесе бір аудан шегінде бұл куәлік берілмейтінін және жоғалған жағдайда қайта қалпына келтірілмейтінін ескерген жөн.
Еліміздің тарихында тұңғыш рет өткелі жатқан бұл науқан – мемлекетіміздің болашағы мен жаңару жолын айқындайтын маңызды сәт. Сондықтан әрбір азаматтың таңдауы мен белсенділігі аса маңызды.
Бекбол Жұмабекұлы,
Бөкей ордасы ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы