31.10.2022, 17:27
Оқылды: 50

Құрылыс – даму көрінісі

Теректі ауданы бүгінде үлкен құрылыс алаңы десек те болғандай.

7-2 (2)

Ауданда бір мезетте күрделі жөндеу жүріп, құрылыс салынып жатырған оншақты нысан бар. Өткен аптада іс сапарымен келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев бірқатар құрылыс басын аралап, жай-күйімен танысты. Жұмыс сапарына аудан әкімі Тілек Ғабдушев қатысты.

2 коллаж

Ұзынкөлге жүйіткіп жетерсіз

Сапар Ұзынкөл ауылында басталды. Жыл сайын ауыл тұрғындары айтып жүрген кіреберіс жол биыл күрделі жөндеуге іліккен болатын. Былтыр осы жолды жөндеуге жарияланған тендерді «ДСК Приоритет» ЖШС алған-ды. Ұзындығы 5,2 шақырымдық жолды жоба бойынша 7 айда жөндеу қаралған. Жұмыс қазір жоспарланған межеден сәл тез келе жатыр. Жуырда Ұзынкөлге тақтайдай жол жетеді деген үміт бар.

6-1

Т.Меңдіғалиев тоқтаған келесі нысан – Жаңа Өмір ауылында салынып жатырған үш қабатты көппәтерлі үй. Құны, сыртқы инженерлік абаттандыру мен желілерсіз, 91 906 мың теңге. Мердігер «Эврика» ЖШС жүргізіп жатырған құрылыс аяқталған соң баспана кезегінде тұрғандарға, жалға алу тәртібімен беріледі. Әзірге үй ғана тұрғызылған, енді газ, су, электр желілері тартылып, ауласы абаттандырылады. Жоспар бойынша тұрғын үй жыл аяғына дейін тапсырылуы тиіс. Сондықтан, құрылысшылар қазір қауырт қимыл үстінде.

1 коллаж

Жол бойы ол Юбилейный ауылына кіреберіс жолға жасалып жатқан орташа жөндеу жұмыстарын бақылап өтті.

«Жайық Сити» ЖШС жүргізіп жатырған жұмыстың жалпы құны 291 984 мың теңге. Жөндеу кезінде ресайклинг, яғни, жолдың бұзып алған қатты жабынын қайта пайдалану тәсілі қолданылды. Шарт бойынша жеті ай ішінде 5,4 шақырым жердің жолы жөнделеді. Жұмыс кестесінен аздап қалып қойған. Бұған битум жоқтығы, жобаға түзету енгізу қажеттігі себеп болып отыр. Мәселемен танысқан облыс басшысының орынбасары түзету бойынша келісімге келуді жылдамдатуды тапсырды.

Үлкен ауылда үй салынып жатыр

Аудандағы ең үлкен ауыл – Подстепныйда үш бірдей құрылыс жүріп жатыр.

3 коллаж

Соның ең ауқымдысы – 13 ғимараттан тұратын тұрғын үй кешені.

Құрылыс алаңында орнатылған жоба сызбасымен танысқан облыс әкімінің орынбасары телімді толық айнала қарап шықты.

Жобаға сай, кешенде 3 қабатты жеті үй, 4 қабатты алты үй тұрғызылады. Үлкен құрылыста құрылысшылар қазір үй іргетастарын орнықтыру, темір-бетонды құрмаларды бекіту, тас қалау жұмыстарымен айналысып жатыр.

Жоғарында 228 пәтер, бірінші қабатында дүкен, шеберхана, шаштараз және тағы сондай нысандар орналасатын кешен құрылысы басталып кетті. Мердігер «СДФ Жайықсельстрой» ЖШС «Теректі ауданының сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімі» ММ алған тапсырыс бойынша 2023 жылдың қазан айында кешен салуды аяқтау көзделген.

4 коллаж

Бұдан басқа осы ауылда 3 қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жаңа Өмір ауылындағыдай, бұл 3 қабатты 24 пәтерлік үй тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмекші. «Нұр Құрылыс Болашақ» ЖШС салып жатырған ғимарттың салынуы белгіленген мерзімінен кешеуілдеп тұр. Сондықтан, Темірхан Меңдіғалиев құрылыс алаңында мердігермен кездесіп, жұмыс барысын пысықтады.

Подстепное ауылын ауыз сумен қамтуды жаңғырту, яғни, су құбырын тарту нысаны да халық күткен құрылыс. 6 шақырымдай қашықтықтан тартылған су құбыры ауыл ішінде 95,625 км жерді айналып өтеді. Былтыр ауыл ішінде қазылған арналарға байланысты тұрғындар көктемде біраз сөз айтқанымен, таза судың келетініне бәрі де қуанышты.

IMG-20221031-WA0125

Мердігер «Байсын А» ЖШС жұмысшылары ауыл ішінде арна қазуды жалғастырып, су резервуары, мұнара тұрғызып жатыр. 5 су ұңғымасы бұрғыланған. Су сору орыны да салынуда. Тек, жанар-жаңар май, құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты қаржы тапшылығы бар көрінеді. Жалпы, құрылыс салу 15 айға жоспарланған.

Индустриалдық аймақты игеру басталды

Өңір басшысының орынбасары Т.Меңдіғалиев Тоқпай, Әйтиев ауылдарына кірер жолдың күрделі жөндеуін қарап шықты.

Төрт жүзге тарта тұрғыны бар, ауыл шетінде су жаңа қырық көп пәтерлі тұрғын үй салынып жатырған Тоқпай ауылына сапалы жол керек екені сөзсіз. Ұзындығы 700 метрге жетер-жетпес жол әсіресе, лайсаң көктем мен күзде тоқпайлықтарды қинайтын.

Бас мердігер «Ануш Құрылыс» ЖШС жұмыс барысында болған қиындықтарға қарамастан жол салуды аяқтай келді.

Әйтиев ауылына кірер бір шақырымдық жолдың да күрделі жөндеуін атқарып жатырған «Ануш Құрылыс» бұл жерде де кестеден ауытқыған. Қазір асфальт-бетонды жабынды төсеуді аяқтаған жол салушылар енді жол жанын тегістеу, белгі қою, жолға жолақ салу сияқты жұмыстарды жасап, жөндеуді қазан аяғында тәмамдаймыз деді.

Темірхан Жалғасұлы жалпы өңірдің экономикасын көтеруге ықпал жасайтын алаң – Пойма ауылы маңындағы индустриялық аймақта болды.

Қазір бұл алаңда инженерлік желілер тарту басталды. Газ, электр, су және т.б қызметке қажетті инфрақұрылымдар іске қосылған соң бұл жерде индустриялық жобаларды іске асыру басталмақшы.

Автокөлік жолы мен теміржол бойында, облыс орталығына, әуежайға жақын орналасқан Пойма ауылының даму болашағы зор екені күмәнсіз. Сондықтан да, Пойма ауылындағы мектепке жаңа ғимарат салу тиімді деп танылған.

КПО б.в компаниясы инвесторлық негізде салып жатырған 108 орындық, екі қабатты мектеп құрылысын мердігер “КазСтрой LTD” ЖШС жүргізеді. Жоспар бойынша, құрылысшылар 8 ай көлемінде мектепті пайдалануға бермек еді. Шілде аяғында басталған ғимараттың әзірге іргетасы салынды, ақ тастан қабырғасы қаланып жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары сонымен қатар Пойма ауылындағы ауыз су құбырын жаңғырту жайын да бақылады. Қазір бұл жерде үш су ұңғымасы бұрғыланып, қоршалды. Су сору қондырғысына арнайы орын салынған. Әрқайсы 100 текше метрлік темір-бетондық екі резервуар, 50 текше мерлік мұнара-баған, электр қуатын таратушы трансформатор және т.б қажетті құрылғылар орнатылған.

«Ақбұлақ» бағдарламасымен жобаланған су құбыры жоспар бойынша биыл мамырда іске қосылуы тиіс еді. Дегенмен, мердігер «Дәнекер» ЖШС келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты заңды негіздегі шаралар іс үстінде. Әліптің артын баққан құрылыстың басында болған Темірхан Жалғасұлы жұмыстың әрі қарай жалғасуы қатаң бақылауға алынатынын айтты.

Емхана құрылысына жан бітті

Іс сапарын Темірхан Меңдіғалиев аудан орталығы – Теректі ауылында аяқтады.

Ол алдымен аудан орталығында салынып жатырған екі және үш қабатты көппәтерлік

үйлер салынып жатырған жерге барды. Қабырғасы қаланып жатырған үйлердің қасында мердігер “Нұр Құрылыс Болашақ” ЖШС құрылысшыларымен кездескен ол жұмыс сапасына аса мән беруді ескертті.

Бұдан соң Темірхан Жалғасұлы құрылысы көп күттірген емханаға арнайы бұрылды.

Осыдан бір жыл бұрын, 2021 жылдың қазан айында «БҚО құрылыс басқармасы» тапсырысымен мердігер "Ондасын Строй" ЖШС жұмыс бастағанда құрылыс 2022 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілген болатын.

Бір кездегі қонақ үйдің ғимаратын бейімдеп, жасақталған, тар, әрі ескі ғимаратта орналасқан емхана тұрғын саны өсіп келе жатқан ауданда халыққа қызмет етуге қуаты да жетпей тұрғаны рас. Аудандық аурухана қасынан жаңа 200 орындық емхана құрылысы басталғанда, халық бір қуанған еді.

Онымен, құрылыс тоқтап қалды. Оның өзіндік себептері де бар.

Биыл жазда жұмыс сапарымен «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, ҚР Парламент сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев, Ляззат Рысбекова, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Снежанна Имашева ауданға келгенде тұрғындар «мүлгіп» қалған емхананы айтып, құрылысты жандандыруға ықпал етуді тапсырған болатын.

6-2+

«Халық қаласа хан түйесін сояды» демей ме. Халық сөзі жерде қалмай, емхана құрылысы жанданды. Іске кіріскен құрылысшылардың қарқынын байқаған облыс әкімінің орынбасары материалды тиімді пайдалану, жұмыс сапасына мән беру жайына тоқталды.

Іс сапары соңында Т.Меңдіғалиев облыстық маңыздағы “Федоровка - Ақсай” тас жолдың жөндеу жұмыстарын да көзбен көрді. Халық «Жол шұрық-тесік, шұңқырдан қашамын деп соқтығысу болуы мүмкін» деп дабыл қаққан жол қазір қалыпқа келтіріліп жатыр.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале